Ұшақ билетіндегі қатені қалай түзетуге болады

Ұшақ билетіндегі қатені қалай түзетуге болады
фото: https://karl-marks.ru/

Әдетте, билетте есім мен текті жазуда жиі қате кетеді. 

Ұшақ билетін сатып алар кезде қобалжитынымыз бар, әсіресе бұл көптен күткен сапар немесе арнайы науқан болса. Асыққанда есіміңді қате жазып, тегің мен есіміңді шатастырып, тіпті жақында тегіңді ауыстырғаныңды ұмытып кетуің мүмкін.

Билетте қате кетуі жағымсыз, бірақ шешімі бар жағдай. Ең бастысы – дүрлікпеңіз, әуе компаниясының ережелерін тексеріп, тез арада қатені түзету керек. Мұны қалай жасауға болатынын түсіндірейік.

Билетте қате кетсе, не істеу керек

Ұшақ билеттері төлқұжат деректері бойынша рәсімделеді. Жолаушының аты-жөні латын әліпбиінде жазылады, тіпті бір қате әріптің кесірінен ұшаққа кіргізбеуі мүмкін.

Қате кеткенін байқасаңыз, әуе компаниясының ережелерін тексеріп, өзгертулер енгізу үшін билетті сатып алған жерге хабарласыңыз. Егер билет әуе компаниясының сайтында сатып алынған болса, түзетулерді өзіңіз енгізе аласыз. Деректерді түзету үшін қосымша ақы алынуы мүмкін екенін де ескеріңіз.

Билеттегі қатеге не жатады
Аты-жөніңіздің мағынасы мен оқылуына әсер етпейтін қателерді ғана түзетуге болады. Мысалы:Оқылуына әсер етпейтін қателер (Omarof және Omarov).
Тегі мен есімінің орнын ауыстыру.
Туған күні мен төлқұжат нөмірінде кеткен қателер.
Дәлелдейтін құжаттары болған жағдайда тегін ауыстыру (мысалы, үйлену, ажырасу немесе асырап алу әсерінен).

Жолаушының деректерін ауыстырып, өз атыңызға берілген билетті біреуге "сыйлағыңыз" келсе, ойлағаныңыздай болмайды. Сізге билетті тариф шарттарына сәйкес қайтарып, жаңасын сатып алуға тура келеді.

Түзету шарттары
Әрбір әуе компаниясының өз ережесі бар. Билет әуе компаниясының сайты немесе қосымшасы арқылы сатып алынған жағдайда ғана тасымалдаушы арқылы тікелей өзгертулер енгізуге болады. Бұл әдетте ұшуға дейін 24 сағаттан кем уақыт қалмаған жағдайда ғана мүмкін. 

Қатені алдын ала түземесе не болады
Жалпы ереже: тегі немесе аты қате жазылған жолаушылар рейстерге (ішкі және халықаралық) жіберілмейді. Бірақ әуежайда әріп қатесін тапқандар үшін ескеретін бір-екі нәрсе бар.

Air Astana және Scat ережелеріне сәйкес, тек бір қате кетсе, жолаушылар ішкі рейстерге жіберіледі. FlyArystan әуежайда үш әріпке дейін түзетуге мүмкіндік береді, әрине ол үшін қосымша ақы төлейсіз. Сондай-ақ, Scat тіркеу үстелінде де өзгертулер енгізуге болады (екі әріптен бастап), қызмет құны: ішкі рейстерге – 7 мың теңге, халықаралық рейстерге – 7800 теңге ($15).
Маңызды: халықаралық рейстер үшін ереже қатаң болады. Стресс пен қажетсіз шығындардың болмауы үшін билетті сатып алмас бұрын бәрін мұқият тексерген дұрыс.

https://informburo.kz/kaz