
фото: pexels.com
Тіс емдету қымбат медициналық ем-дом шараларының қатарына кіреді. Тіс дәрігерлерінің айтуынша, қызметтің бағасына қолданылатын материалдардың шетелден жеткізілуі де әсер ететін көрінеді. Тауар бағасы шетелдік валютаның бағамына қарай өзгеріп отырады екен, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы.
Негізі стоматологиялық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейді. Бұл дегеніміз — мемлекет барлық адамның тісін тегін емдеп бермейді деген сөз. Тек МӘМС жүйесі арқылы ақысыз қызмет көрсетіледі. Онда да бұл көмекті арнайы санаттағы адамдар ала алады. Ол санатқа 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жатады. Оларға жоспарлы болсын, шұғыл болсын стоматологиялық қызметтердің белгілі бір түрлері тегін көрсетіледі, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Ал шұғыл жағдайда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, 1, 2, 3-топ мүгедектігі бар адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға, зейнеткерлерге, қауіпті жұқпалы және әлеуметтік маңызды ауруы барларға, мүгедек балаларға күтім жасауына байланысты жұмыс істемейтін ата-аналарға, «алтын алқа» және «күміс алқа» иегерлеріне тегін тіс емдеу қызметі көрсетіледі.
Ал тегін көрсетілетін қызмет түрлеріне тоқталар болсақ, жоспарлы түрде:
Тісті ауыртпай жұлу
Тісті емдеп, пломба салу
Тісті өңдеу, тазалау
Туа біткен ақауы бар балаларға ортодонтиялық көмек (брекет сияқты түзету қызметтері).
Ал шұғыл жағдайда:
Тіс жұлу
Ауырсынуды басу
Химиялық пломба салу
Абсцесті ашу (ірің жиналған жерді тазалау)
Периостотомия жасау (қатты қабыну болғанда жасалатын шағын операция).

Фото: pexels.com.
Жекеменшік клиникалар қалай жұмыс істейді?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда жекеменшік тіс емханалары жұмыс істеу үшін бірқатар міндетті талапты орындауы тиіс. Оларға:
лицензия алу
санитарлық талаптарды сақтау
мамандардың білімі мен біліктілігі
техникалық жабдықтардың заманауи әрі талапқа сай болуы
пациенттердің құқықтарын сақтау жатады.
Мемлекеттік және сақтандыру аясында көрсетілетін тіс емдеу қызметтерінің құнын клиника емес, Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Олар арнайы заңдар мен бұйрықтарға сүйеніп белгіленеді.
Ал жеке клиникалар бағаны өздері белгілей алады. Бірақ олар МӘМС аясында қызмет көрсетсе, онда министрлік бекіткен тарифпен жұмыс істеуі тиіс.
Оған қоса, мемлекет тарапынан жекеменшік стоматологияларға тікелей көмек, субсидия, қаржылай қолдау жоқ. Алайда, егер жекеменшік стоматология МӘМС (сақтандыру жүйесі) немесе ТМККК (тегін медициналық көмек) аясында қызмет көрсететін болса, онда Медициналық сақтандыру қоры арқылы төлем алады. Ал клиника Қормен шарт жасаспаған жағдайда, онда мемлекет ол клиниканың қызметіне жауап бермейді.
МАтериал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через