АҚШ студенттерге виза беруді НЕГЕ тоқтатты?

АҚШ студенттерге виза беруді НЕГЕ тоқтатты?
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/asiseeit

2025 жылдың мамыр айының соңында АҚШ визалық саясатын шұғыл өзгертті. Бқл жағдай АҚШ-та білім алғысы келетін жастарды алаңдатты. Әлеуметтік желілерде «АҚШ енді виза бермейді», «Шетелдік студенттерге есік жабылды» деген мазмұндағы жазбалар көбейіп, қоғамда қызу талқы басталды. Сонымен, АҚШ расымен студенттік визаларды беруді тоқтатты ма?

Даудың басы – Гарвард

22 мамыр күні АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі әлемдегі ең беделді университеттердің бірі – Гарвардтың шетелдік студенттерді қабылдау құқығын уақытша тоқтатты. Ресми мәлімдемеде университетке «зорлықты насихаттады, антисемитизмді қолдады» деген ауыр айып тағылды. Соның негізінде Student and Exchange Visitor Program (SEVP) – яғни, шетелдік студенттермен алмасу бағдарламасын жүргізуге мүмкіндік беретін лицензия күшін жойды.

Бірақ бұл шешім ұзаққа созылған жоқ. Келесі күні-ақ, 23 мамырда АҚШ-тың Федералдық соты Гарвард университетінің лицензиясын тоқтату шешімінің күшін уақытша жойып, істі тереңірек қарауға шешім қабылдады. Бұл «студенттерге виза мүлде берілмейді» деген ақпаратқа қарсы алғашқы ресми тосқауыл болды.

Саяси фокус – университеттердің мойнында

– Трамп әкімшілігінің көздеп отырғаны – университеттер шетелдік студенттерге қатысты жеке мәліметтерді және олардың көзқарасын ашық беріп отыруы. Яғни, студенттер тек білім алып, елдеріне қайтуы керек. Яғни саяси белсенділік танытпасын деген пиғыл. Бұл білім беру мен сөз бостандығының түйісер тұсында жаңа шекара пайда болғанын көрсетеді, – дейді сарапшылар.

Мамыр айының соңында болған бұл өзгерістер уақытша құбылыс. Себебі дәл осы кезең – АҚШ университеттерінде оқу маусымының аяқталып, жаңа визалық ағымның шілде-тамыз айларына жоспарланатын шағы. Сондықтан билік өкілдері осы аралықта жаңа ережелер мен сүзгілерді енгізіп, тамызға дейін процесті қайта жандандыруы мүмкін.

– Келесі визалық толқын жаздың соңына қарай басталады. Яғни, бәрі қалыпқа келуі мүмкін. Бірақ жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Сол үшін қазірден бастап құжаттарыңызды дұрыстап, онлайн белсенділігіңізге мұқият болған жөн.

АҚШ шетелдік студенттерге виза беруді мүлдем тоқтатпағанымен, саяси, діни және қоғамдық көзқарастарға қатысты бұрын-соңды болмаған қатаң сүзгілер енгізіп жатыр. Бұл тек бюрократиялық тосқауыл емес, идеологиялық сүзгі. Алайда экономикалық мүдделер, университеттердің тәуелділігі мен жаһандық білім беру нарығы АҚШ-тың бұл шешімін өзгертуі ғажап емес.

https://nege.kz/