Жыныстық инфекция жұқтырған жастардың 60%-ы медициналық көмекке жүгінбейді

Жыныстық инфекция жұқтырған жастардың 60%-ы медициналық көмекке жүгінбейді
фото: pexels.com

 Елімізде әр алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болып отыр. Ал жыныстық инфекция жұқтырған жастардың 60%-ы медициналық көмекке жүгінбейді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова айтуынша, бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін күрделі мәселе. 

— Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуі бойынша жыныстық жолмен берілген инфекция белгілері бар жастардың 60%-дан астамы медициналық көмекке жүгінбейді. Бүгінде Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болып отыр. Бұл жағдай ерлерге де, әйелдерге де бірдей қатысты. ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) мамандарының пікірінше, мұндай көрсеткіш ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер болып саналады, — деді Жұлдызай Ысқақова  ОКҚ алаңында.

Сондай-ақ спикер бұл мәселемен күрес үшін мемлекет жыл сайын мыңдаған квота бөліп келе жатқанын атап өтті. 

— 2021 жылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы жүзеге асырылып келеді, соның аясында ЭКО (экстракорпоральді ұрықтандыру) бағдарламаларына жыл сайын мыңдаған квота бөлінеді. Бұл репродуктивті денсаулық саласында ашық әрі ғылыми негізделген диалогты қажет ететін терең проблемалардың бар екенін көрсетеді, — деді Жұлдызай Ысқақова.