Африкада да қыз алып қашу дәстүрі бар

Африкада да қыз алып қашу дәстүрі бар
фото: pixabay.com

Жаз шықса, жұрт той жасауға асығады. Туған-туыстың басын қосып, дәстүр-жоралғысын дәріптейтін тек біздің қазақ емес. Әлемнің біраз елі бұл маусымда той тойлап, салт-дәстүрін жаңғыртады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жер шары халқына ортақ ғұрып – үйлену тойы. Дегенмен, әр елдің наным-сеніміне байланысты тойлау дәстүрі мен жөн-жоралғысы әртүрлі.  Естімеген елде көп. Мысалы, Қытайда қыз ұзататын отбасы 1 ай бойы сыңсу айтып, көз жасын көл қылады. Ал Конгода үйлену тойы өте салмақты дәстүр. Сол себепті кеш барысында күйеу жігіт пен қалыңдыққа мүлдем күлуге болмайды екен. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген. Бірақ кей елдердің біздің дәстүрге ұқсас тұстары да бар. Мысалы, қыз алып қашу дәстүрі Африка елдерінде де сақталған.   

Қытайда қалыңдықтың отбасы бір ай бойы сыңсу айтады 

Қытайда үйлену тойы әдетте таң алакеуімнен басталады. Сөйтіп, той рәсімін ертерек өткізіп, әрі қарай жұмысына оралады. Олардың бұлай әдеттенуіне халықтың асығыс болуы емес, фэншуй, астрология іліміне қатты сенуі себеп. Өйткені қытайлар адам өміріндегі ең маңызды шараларды өткізуге сәтті уақытты таңдайды. Бұл көбінесе таңғы уақытқа сәйкес келіп жатады. Көрші елдің тағы бір таңдай қақтырар дәстүрі – қыз ұзататын отбасының бір ай бұрын сыңсу айтуы. Қалыңдықпен бірге оның отбасы мен дос-жараны бар даусымен жылайды. Дәстүр бойынша тойға дейін неғұрлым көп жас шықса, қалыңдық отбасылық өмірде соғұрлым аз жылайды деген сенім бар.

 Вайшали Шах, Culturally Minded компаниясының негізін қалаушы: - Қытайда үйлену тойында жас жұбайларға ақша салынған қызыл түсті конверт сыйға тартады. Жергілікті наным-сенімге сәйкес бұл түс сәттілік пен бақыт әкеледі. Қалыңдық та тойда қызыл түсті көйлек киеді. Сол себепті қонақтар назарды өзіне аудармас үшін қызыл түсті киім кимеуге тырысады.   

Германияда тойда қыш ыдыс сындыру дәстүрі бар 

Германияда үйлену тойында қыштан жасалған тәрелке сындыру дәстүрі бар. Тойға жиналған қонақтар үйінен қыш ыдыстар әкеліп сындырады. Ал жас жұбайлар шашылған ыдысты бірге жинап, тазалайды. Бұл олардың болашақта қиындықты бірге еңсеріп, тату-тәтті өмір сүруіне алғашқы қадам саналады. Ал ыдыс сындыру арқылы жамандықтан арылып, бақытсыздықты жоямыз деп сенеді.   

Африкада қыз алып қашу дәстүрі бар 

Африканың кей аймақтарында қыз алып қашу дәстүрі кең таралған. Әсіресе, Руанда, Оңтүстік Судан, Эфиопия, Кенияда жігіт ұнатқан бойжеткенді алып қашып, ұлан асыр той жасайды. Қыз келісім бермеген жағдайда оның ата-анасына қалың мал табыстайды. Бұл салт заң жүзінде шектелген. Бірақ ауылдық жерлерде әлі күнге сақталған. Қазақ халқында бұрыннан келе жатқан мұндай дәстүр тағы Индонезия, Грузия, Пәкістан мен Ауғанстанда да бар. Ол тарихи-мәдени негізге ие болғанымен, қазір адам құқын бұзатын әрекет ретінде қарастырылады. Сондықтан көп елде қыз алып қашуға шектеу бар.   

Фото: pixabay.com

Конгода үйлену тойында жас жұбайларға күлуге тыйым салынған 

Конгода үйлену тойына өте салмақты дәстүр ретінде қарайды. Салтқа сәйкес, рәсім үстінде қалыңдық пен күйеу жігітке мүлдем күлуге болмайды. Тіпт, суретке түсіп жатса да жымиюға тыйым бар. Әйтпесе, жұрт жас жұбайларды үлкен өмірге дайын емес деп бағамдайды.   

Йеменде жас жұбайлар тойды бөлек өткізеді 

Йемендегі үйлену тойын жас жұбайлар бөлек атап өтеді. Бұл көбінесе гендерлік бөлініске байланысты жүзеге асырылған. Күйеу жігіт атаулы мерекені өз туыстары мен достарының арасында бөлек залда тойлайды. Қалыңдық та некеге тұрғанша күйеужігітке жүзін көрсетпейді. Сол себепті тойды да бөлек атап өтеді.   

Мексикада жас жұбайлар той күні наннан жасалған тәж киеді 

Мексикадағы Пурепеча халқы үйлену тойында қалыңдық пен күйеу жігіт басына наннан жасалған тәж киеді. Бұл дәстүр молшылық пен берекенің нышаны саналады. Пурепеча тойы үш күнге созылады. Алғашқы күні шіркеуде қоңырау соғылып, ауылға тойдың басталғаны хабарланады. Жас жұбайлар шіркеуде некесін қиып, той күйеу жігіттің үйінде жалғасады. Келесі күні ұлттық тағамдар дайындалып, әуезді әннің ырғағымен қалыңдықтың үйіне жеткізіледі. Тойдың соңғы күні қалыңдық күйеуімен бірге жаңа үйге көшіп барады. Айта кету керек, бұл ерекше дәстүр ЮНЕСКО-ның  материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.