Маусым айында айлық орташа ауа температурасы Қазақстанның солтүстігі мен орталығында 17-20 градус, ал батысында 23-25 градус болады
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев құрғақшылыққа қатысты болжамды жариялады.
Мамыр айы елдің көп бөлігінде ыстық және құрғақ болады. Алайда егін егетін өңірлерде және оңтүстікте жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақындайды.
"Мамыр айында Қостанай облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының оңтүстік-батыс жартысында, Қызылорда облысының солтүстік-батыс бөлігінде, Алматы және Жамбыл облыстарының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында құрғақшылық болады деп болжануда", - деді Нысанбаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы, яғни елдің солтүстігі мен орталығында 17-20 градус, ал батысында 23-25 градус болады. Ал оңтүстік-батыста және қиыр оңтүстікте максималды температура 45 градусқа дейін көтеріледі.
"Елдің батысында және солтүстік-шығысында, шығысында және оңтүстігінде жауын-шашын норма шегінде, ал қалған аумақта көбінесе нормадан аз болады", - деп атап өтті министр.
Шілде айында ауа температурасы норма шегінде, жауын-шашын негізінен көпжылдық нормаға сай болады. Ал тамыз және қыркүйек айлары егіннің пісуі және оны жинау жұмыстарына қолайлы болады деп болжанып отыр.
ҚазАқпарат