Көршілердің кесірінен пәтеріңізді су басса не істеу керек

Көршілердің кесірінен пәтеріңізді су басса не істеу керек
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/AndreyPopov

Көпқабатты үйде тұратындар жиі тап болатын мәселелердің бірі — жоғары қабаттағы көршілердің салғырттығынан немесе апаттық жағдайдан пәтерді су басуы. Мұндайда мүлкіңізге залал келуі мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайда не істеу қажет?

Адвокат Ольга Гаврик жіктеп берді:

Бірінші кезекте — қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Ең алдымен, суды тоқтату үшін барлық қажетті шараны қолдану керек, яғни көршілерге хабарласу, сумен жабдықтауды уақытша тоқтату немесе апатты қызметті шақыру қажет.

Келесі қадам — залалды құжат жүзінде тіркеу

Көршілер шығынның орнын толтырамыз деп уәде берсе де, заңды жолмен әрекет ету маңызды. Себебі бұл жағдай сотқа дейін баруы ықтимал. Ол үшін:

Пәтер иелері кооперативі (ПИК) немесе мүлік иелері бірлестігі (МИБ) төрағасын, егер олар болмаса, апатты қызметті, көршілер мен су аққан пәтердің иесін шақырып, су басу актісін рәсімдеңіз;

Актте тексеру жүргізілген мекенжайды, уақыты мен қатысушылардың толық мәліметтерін және байланыс нөмірлерін көрсетіңіз;

Су басқан жерлер мен бүлінген мүлікті нақты сипаттап жазыңыз;

Актке барлық қатысушы қол қоюы тиіс, соның ішінде су аққан пәтердің иесі де;

Егер пәтер иесі қол қоюдан бас тартса, бұл туралы актіде жазбаша көрсетіледі.

Пәтер жалға берілген болса ше?

Егер су аққан пәтерде жалға алушылар тұрып жатса, пәтер иесімен байланысып, актіні соның қатысуымен рәсімдеу қажет. Байланыс деректері болмаған жағдайда, учаскелік полицейге жүгіну арқылы иесін табуға болады.

Залалды бағалау және өтемақы өндіру

Келесі қадам — тәуелсіз бағалаушы маманды шақырып, материалдық шығын көлемін анықтау. Бұл қызмет ақылы, бірақ бағалаушының берген есебі мен чегін сотқа дәлел ретінде ұсынуға болады.

Содан кейін көршіге сотқа дейінгі шағым жіберіп, барлық дәлелді қоса тіркеп, белгілі бір мерзім ішінде залалды өтеуін сұраңыз.

Сот арқылы өндіріп алу

Егер көрші белгіленген мерзімде жауап бермесе немесе өтемақы төлеуден бас тартса, сотқа өзіңіз, не адвокат, заңгердің көмегімен жүгінуге тура келеді. Сотқа талап арызбен бірге мынадай құжаттарды:

Пәтердің меншік құжатын;

Пәтерді су басу актісін;

Растайтын фото және видео материалдарды;

Куәгерлердің анкеталық мәліметтерін;

Шығындарды растайтын чектер мен бағалау қорытындысын қоса тапсыру керек.

Адвокаттың айтуынша, залал келтірілген күннен бастап, 3 жылға дейін сотқа жүгінуге болады.

Бұған дейін алаяқтар атыңыздан несие рәсімдесе не істеу керектігін жазған едік.

https://kaz.inform.kz/