Дұрыс тамақтанбаудың салдары

Дұрыс тамақтанбаудың салдары
фото: pexels.com

Әлемде жыл сайын 11 миллион адам дұрыс тамақтанбау салдарынан көз жұмады. Бұл Lancet ғылыми-медициналық журналының дерегі. 

Дұрыс тамақтанбаудың салдары семіздікке, түрлі ауруларға әкеп соқтырады. Тез арықтаймын дегендерге әр түрлі диета көп. Дегенмен, оның теріс тұстары да жоқ емес. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pexels.com

Диетаның зияны мен пайдасы 

Диетаны әркім әртүрлі мақсатта ұстайды. Сәйкесінше түрі көп. Салдары да әртүрлі. Мәселен, қатаң диеталар ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігіне әкеледі. Сондай-ақ, метаболизмнің баяулауы мен  бұлшықет массасының жоғалуына себеп.  Ал, жалпы адамзатқа ортақ әлемдегі ең жақсы диета - Жерорта теңізі диетасы.  Бұл ең сау және ғылыми негізделген тамақтану үлгілерінің бірі. 

Жерорта теңізі маңындағы елдердің (Италия, Грекия, Испания) дәстүрлі тағамдарына негізделген диета түрі жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алу, салмақ сақтау, диабет пен қатерлі ісік қаупін азайту сияқты көптеген артықшылықтарымен танымал. 

Құнарлы тағамға сұраныс аз 

Кез келген дәрігерге ауырып ем іздеп бара қалсаңыз, дұрыс тамақтану қажет деген ескертпені жиі еститін боларсыз. Алайда құнарлы тағамдардың құны күнделікті ас мәзірінен екі есе қымбат. Бағаның жоғары болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, жаңғақ, тұқымдар, зәйтүн майы, балық сияқты пайдалы өнімдерді өсіру мен өңдеу күрделі әрі ұзақ уақытты алады. 1 литр зәйтүн майын алу үшін 4–5 келі зәйтүн қажет. Бұған қарағанда консервіленген немесе өңделген тағамдардың сақтау мерзімі ұзақ әрі тасымалдауы арзан. Екіншіден, пестицид пен гормонсыз өнім өсіру көп еңбек пен уақытты талап етеді. Сондай-ақ, органикалық өнімдер арнайы сертификаттаудан өтеді — бұл да қосымша шығын. Үшіншіден, сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңсіздігі. Фастфуд, чипсы, тәтті сусындарға сұраныс жоғары болғасын, олар көп өндіріледі, сондықтан бағасы төмен. Ал пайдалы тағамдар шектеулі көлемде шығарылады, бұл да бағаны арттырады. 

Фото: pexels.com.

Ас тұзы 3 млн адамның өліміне себепкер  

Тұзсыз кез келген астың су татитыны белгілі. Дегенмен оны шамадан тыс тұтыну адам өмірін бірнеше жылға қысқартады. Нанның құрамында, соя тұздығында болсын тағамның дәмін келтіргені былай тұрсын, ағзаның әрін кетіреді. Тұзды көп тұтыну  семіздікпен қатар, тікелей жүрекке әсер етіп, қатерлі ісікке әкеп соқтыруы мүмкін. Кез келген ас үйден табылатын бұл қоспаны дұрыс пайдалану керек. Бұл ретте ас мәзірінде көкөністер мен жемістердің, теңіз өнімдерінде кездесетін омега-3 май қышқылдарының болуы маңызды,- дейді мамандар.