Әлемдегі ең үлкен электрлік кеме суға жіберілді

Әлемдегі ең үлкен электрлік кеме суға жіберілді
фото: azertag.az/kaz.inform.kz

Тасманиядан әлемдегі ең үлкен электрлі кеме сапарға аттанды.  Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұзындығы 130 метрлік кеме атақты уругвайлық актриса China Zorrilla құрметіне аталған. Ол Incat Tasmania кеме жасау зауытында Buquebus компаниясы үшін салынды.

Бастапқыда Hull 096 жобасы сұйытылған табиғи газды (СТГ) отын ретінде пайдалануды көздеген. Алайда кейін электр қуатына көшу туралы шешім қабылданып, бұл әлемдегі ең үлкен электрлі кемені жасауға мүмкіндік берді. Кеменің бортында 250 тоннадан астам аккумулятор орнатылған, ал энергия сақтау жүйесінің (ESS) сыйымдылығы 40 мегаватт сағат, бұл теңіз көлігіндегі ұқсас жүйелерден төрт есе көп.

Кеме Аргентина астанасы Буэнос-Айрес пен Уругвайдағы Колония қаласы арасында жолаушылар тасымалымен айналыспақ. Ол 2100 жолаушы мен 225 автокөлікке дейін сыйдыра алады. Теңіз көлігі тарихында алғаш рет мұндай үлкен кеме тек аккумуляторлық технологияларға сүйеніп жұмыс істейтін болады.

Суға түсірілгеннен кейін кеменің ішкі әрлеу жұмыстары жалғасады, ал ашық теңіздегі соңғы сынақтар 2025 жылдың соңына жоспарланған.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің (IEA) хабарлауынша, 2022 жылы теңіз көлігі энергияға байланысты көмірқышқыл газының барлық шығарындысының шамамен 2 пайызын құраған. Тасымал сұранысының артуына байланысты, кемелер үшін таза энергия көзіне көшу климаттың өзгеруімен күрестің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

China Zorrilla кемесінің суға түсу рәсімі Тасманияның Хобарт қаласындағы Incat зауытында өтті. Сарапшылардың пікірінше, электрлі кемелер дәстүрлі қазба отындарын пайдаланатын кемелермен салыстырғанда парниктік газдар шығарындыларын едәуір қысқарта алады.