
фото: pexels.com
Әлемде әр 15 секунд сайын бір отбасының шаңырағы шайқалады. БҰҰ дерегіне сүйенсек, жер шары бойынша тіркелген некенің тең жартысы ажырасумен аяқталады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сарапшылар мұны қоғамдағы құндылықтың өзгеруі, экономикалық тәуелсіздік және отбасылық институттың әлсіреуімен байланыстырады. Дегенмен, бұл мәселеде әр елдің ұстанымы әр түрлі. Мысалы, кей елдер ажырасу процесін тым жеңілдетіп тастаған. Ал енді бір мемлекетте неке бұзуға мүлдем болмайды. Бұл қаншалықты рас? - Норвегия, Словения, Аргентина сияқты елдерде жастар себепсіз отбасын бұза алады. Өйткені бұл процесс заңмен бекітілген. Әрі қарай Шартарапта айтамын.
Мальдивте ажырасатындар көп
Әлемде неке көп бұзылатын елдің бірі – Мальдив. Дүниежүзі халықтарын зерттеумен айналысатын америкалық ұйымның мәліметіне қарағанда, бұл мемлекетте 1 мың адамға шаққанда 5,5 ажырасудан келеді екен. Көбіне жас жұбайлардың дәм-тұзы жараспай, некесін бұзуына арадағы түсініспеушілік себеп. Сондай-ақ бұл елде ажырасу да тез рәсімделеді. Мұнан соң Ресей мен Беларусь, Латвия, Литва және АҚШ-та неке бұзу дерегі көп.
Ажырасу көрсеткіші 1 мың адамға шаққанда
Мальдив республикасы 5,5
Ресей 4,2
Беларусь 3,0-3,5
Латвия 3,0-3,5
Литва 3,0-3,5
АҚШ 2,5-2,7
Американдықтар отбасын құруға асықпайды
АҚШ демекші, Америкада жыл сайын шамамен 5 млн азамат некеге тұрады. Бірақ оның тең жартысы көп ұзамай ажырасып кетеді. Бұл жергілікті денсаулық сақтау статистикасы ұлттық орталығының дерегі. Жастардың екі жаққа кетуіне әр түрлі фактор себеп. Қаржы мәселесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жауапкершіліктен қашу мен әр түрлі дінді ұстануы әсер етіп отыр. Осылай сан соғып қалмас үшін америкалық жастар отау құруға асықпайды. Мысалы, былтыр ер адамдар орташа есеппен 30 жаста шаңырақ көтерсе, қыздар 28-де тұрмысқа шыққан. Өйткені олар алдымен өзін жетілдіріп, материалдық тұрғыда қамтамасыз етуді жөн санайды.
Беларусьта ажырасуға әйелдер бастамашы болып жүр
Беларусьта әсіресе әйелдер ажырасуға асығады. Кейінгі зерттеу нәтижесі осыны айғақтап отыр. 2018-ші жылы шаңырақ көтерген жастардың 48 пайызы ажырасып тынған. Сорақысы сол, бұл көрсеткіш пандемия кезеңінде, тіпті ушығып кеткен. Сол жылы неке бұзу дерегі 70 процентке бір-ақ жеткен. Әйелдер тарапынан ажырасуға арыз тастаудың жиілеуіне тұрмыстық зорлық-зомбылық, көзге шөп салу, көзқарастың өзгеруі мен шектен тыс қызғаныш сияқты факторлар әсер еткен.

Фото: pexels.com.
Ажырасуға жұмыссыздық себеп
Жер шарында ажырасудың 80%-ының басты себебі – жұмыссыздық пен маскүнемдік. Тұрақты жұмыстың болмауынан жас жұбайлар арасында түсініспеушілік туындап, шаңырағының шырқы бұзылғандар өте көп. Отбасылардың тағы 26 %-ы басында баспанасы жоқтықтан ажырасады екен. Мұнан бөлек, некенің 14%-ы жас жұбайлардың ата-аналарының араласуынан болады. Бала сүйе алмай жүрген отбасылардың 8%-ы шаңырағын шайқалтса, тағы 6%-ы ұзақ уақыт бөлек тұру себептерінен некесін бұзып тынады.
Ажырасуға әсер ететін факторлар
Жұмыссыздық 80 %
Маскүнемдік 41%
Баспананың болмауы 26%
Ата-ананың араласуы 14%
Бедеулік 8% Бөлек тұру 6%
Ажырасуға тыйым салынған жалғыз мемлекет – Филиппин
Әлемде жұбайлар мүлдем ажыраспайтын жалғыз ғана ел бар. Ол Филиппин. Мұнда некені бұзуға заңмен тыйым салынған. Бірақ тұрғындардың бәрі бірдей тату-тәтті тұрады деу қате. Өйткені отбасында ыдыс-аяқ сылдырлап, ері мен әйелі бір-бірінен суып кеткен жағдайдың өзінде ажыраса алмайтын жағдайлар көбейген. Оған себеп – діндарлық. Бірақ ғасырлар бойы діни ағымның жетегінде жүрген жұрт үкіметке қарсылық танытып, ажырасуға рұқсат етуін талап етіп отыр. Билік алдағы уақытта мәселеге қатысты шара қабылдауы мүмкін.
Норвегияда жастар себепсіз неке бұза алады
Ажырасу процесін жеңілдетіп тастаған елдер де бар. Мысалы, Норвегияда еш себепсіз ажыраса алады. Жұбайлар некесін бұзуы үшін себебін айтпайды. Бірақ заңды түрде ажырасқанша бір жыл бөлек тұруы тиіс. Мұндай әдет Аргентина да бар. Ел үкіметі дәл осындай себепсіз ажырасу жүйесін осыдан он жыл бұрын қабылдаған.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через