
фото: kuyrshak_teatry
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры кішкентай бүлдіршіндерге әлемге әйгілі – кішкентай Мыстанның қатысуымен «Орман ғажайыптары» ертегісін ұсынбақ. Сәуір айының 23-24, 27 күндері көрермендер орман әлемінің тылсым сырларына қанығып, түрлі кейіпкерлер арқылы сиқыр күші мен жақсылық, достық, адалдық тақырыптарына бойлай алады.
Оқырманды білімге, ізденіске және рухани байлыққа жетелеуге бағытталған 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры әдебиет пен театр өнері үйлескен ерекше премьераны ұсынбақ.
Аталмыш мереке аясында Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлескен іс-шара ұйымдастырылып, премьера алдында көрермендерге кітап көрмесі ұсынылады. Жас көрермендердің кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, рухани дамуына серпін беру мақсатындағы жоба Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының кітап оқуға және спектакль көруге ынталандыруға негізделген.
Спектакльдің режиссері еліміздегі қуыршақ театр режисурасына зор үлес қосып жүрген талант иесі – Антон Зайцев.

Аталмыш режиссердің жетекшілігімен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуары жаңа тыныс, заманауи үздік шешімдер, өзгеше лепке ие болды. Спектакльдің суретшісі Ақтөбе облыстық қуышақ театрының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық, Республикалық қуыршақ театр фестивальдерінің «Үздік суретші» номинациясы бойынша бірнеше дүркін жеңімпазы – Әсия Құрманалина. Композиторы – Андрей Долгоруков, хореографы – Арстан Туйжанов. Неміс жазушысы Отфрид Пройслердің «Кішкентай сиқыршы» повесінің желісі бойынша жазылған ертегінің инсценировка авторы – Евгений Ионов.
Жалпы мыстан бейнесі ғасырлар бойы халық жадында сақталып, көптеген аңыз бен ертегілерде көрініс тапқан әйгілі кейіпкер. Көрермен көңілінде тек қараңғы орманда өмір сүретін қорқынышты сиқыршы ретінде сақталған мыстанды спектакль режиссері Антон Зайцев жаңа қырынан танытақ. Мыстанның бейнесіне жақсылықтың жаршысы, айналасын мейірім мен махаббатқа бөлейтін, әділеттікті ту еткен тұлға ретінде бейнеледі.
Қойылым адамгершілік, адалдық, жақсылық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді. Бұл – көрерменге арналған тек сахналық ертегі емес, өмірлік сабақ болып есте қалары сөзсіз.
Айта кететін жайт, жаңа қойылымда 15-тен аса қуыршақ түрлері қолданылады! Көрермендер планшетті, тросты, паркетті, бойлы қуыршақтар әлеміне бойлап әрбір кейіпкердің өзіндік ерекшелігімен танысуға мүмкіндік алады.
Камшат МОЛДАБАЙ
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через