
фото: pexels.com
"Қазақтың қайсысының бар санасы? Қылт етерде дап-дайын бір жаласы", деп Абай айтқандай, бүгінгі таңда жоқ жерден бәле іздеп, сотқа шағымдануға асығатындар бой көрсетіп жатыр. Мұндай жазықсыз жала жабудың, істің ақ-қарасын пайымдамаудың соңы өкінішке ұрындырары сөзсіз.
Бұл соңғы кезде көбірек айтыла бастаған, қазақшалап айтқанда "жоққа шығару мәдениетінің" көрінісі. Қазір қиянат жасағандар заңмен жазаланып қана қоймай, қоғам алдында да жауап береді. Шетелде мұны Cancel culture немесе кэнселинг деп атайды. Яғни, әлеумет біреуге қиянат жасағанды "оттан алып, суға салып" қаралап, сыртынан күйе жағады, оның бүкіл қызметінен бас тартады.
Қазір қазақ қоғамы қарсылығын ашық көрсететін болды. Әлеуметтік желіде кінәлі адамның "ит терісін басына қаптайды". Мүмкін бұл дұрыс та шығар.
Жалпы Cancel culture (жоққа шығару мәдениеті) — жұртқа атағы кең жайылған адам не кез келген бренд қоғамның қандай да бір моральдық нормасына қайшы, белгілі бір топты қорлайтын, сексисттік не гомофобиялық (қысқаша айтқандай, алалайтын) мәлімдеме/іс әрекет/мәтін/өнім жасаса, соған қарсы әлеуметтің реакциясы. Көбіне өнімді не тұлғаның қызметін пайдаланбауға әлеуметтік желі арқылы шақыру. aikyn.kz басылымы бұл мәдениетке осылай баға беріпті.

Фото: pexels.com.
Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын АҚШ-та киносаласының үздіктеріне Оскар сыйлығын табыстау рәсімінде актер Уилл Смит әйеліне ауыр сөз айтқаны үшін жүргізушіні соққыға жыққан еді. Уилл Смиттің өз шындығы болғанымен де, қоғам этиканы бұзғаны үшін актердің киноларына бойкот жариялады. Кино компаниялар Смитпен келісімшарттарынан бастартты. Шетелде қоғамдық этика кәсіби этикадан да жоғары тұрады.
Алыстан, өткеннен іздеп қайтеміз, мұндай жағдай жақында ғана бізде де болды. Шәріп Серік есімді актердің бірге тұрған сүйіктісін лифтіде жұлқылаған видеосы, сосын бойжеткенің өзінің зорлық көретіні туралы комментарийі әлеуметтік желіде тарағанда сериал түсіретіндер бұдан былай Шәріп Серікті шақырмайтындарын, тіпті түсіп үлгерген лентадан оны қиып тастайтындарын мәлімдеді.
«Cancel culture дегеніміз - бұл әлеуметтік медиа дәуірінің феномені. Бір кездері тек санаулы топ қана пайдаланған жариялылыққа енді әлеуметтік желінің арқасында бұқараның да қолы жетті. Адамдар ғаламтордың, түрлі желілердің арқасында өз пікірлерін білдіру және саясатқа қандай да бір түрде әсер ету және өзгерістерді бастау мүмкіндігіне ие болды, дейді Қазақстандағы тұңғыш PR-мамандардың бірі Қуат Домбай.
2017 жылы американдық актриса Эшли Джадд The New York Times газетіне берген сұхбатында продюсер Харви Вайнштейнді бопсалады деп айыптады. Осыдан кейін Вайнштейн өзі құрған кинокомпанияның директорлар кеңесінен бірден шығарылды. Продюсердің соты тоғыз айдан кейін басталды. Ақырында ол бірнеше актрисаны сексуалдық зорлау және зорлау үшін кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал актриса Эмбер Херд сотта бұрынғы күйеуі Джонни Депп тарапынан зорлық-зомбылық көргенін дәлелдей алмады. Бірақ ол оны ашық түрде зорлық-зомбылық жасады деп айыптағандықтан, актер қысым көрді және «Кариб теңізінің қарақшылары» кинокартинасының алтыншы бөліміндегі рөлінен айырылып, 22,5 миллион доллар жоғалтты. Депп Хердті жала жапты деп айыптап, оған қарсы 15 миллион доллар сотта жеңіп алды.

Фото: pexels.com.
Cancel culture мәдениетінен бас тартудың пайдасы бар ма?
Бір жағынан пайдасы бар. Себебі жоққа шығару мәдениетінің мақсаты - рұқсат етілмейтін мінез-құлыққа назар аудару және деструктивті идеялардың таралуын тоқтату. Егер қоғам Вайнштейнді қудалау мен зорлады деп айыптаған актрисаларды қолдамаса, ол бостандықта қалуы мүмкін еді.
Теріс салдары қандай болуы мүмкін бе?
Мәдениеттен бас тартудағы негізгі «талапкер» қоғам, ол әрқашан әділ бола бермейді және көп жаңылысады. Ал адамдарға абыройын 100% ақтап алу қиынға соғады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейтіндер қашанда табылады.
– Cancel culture – адамдық мәдениет этикасы. Әлемдік стандартқа сәйкес соңғы кезде Cancel culture деп қолданғанымызбен, атам қазақ қалдырған «Дала заңында» бұл мәдениет бұрыннан бар. Яғни бізге ол керек пе, оны батыстан не басқадан алдық демес едім. Мысалы, «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегенді өлтіріп қойған Бекежанның қарабет болған көрінісі есте шығар: ауыл болып бетіне түкіреді… Міне, заңның көкесі! Дала заңы әділетті де! Қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан жылаймын деген сөз бар. Қазақ ежелден айналасына зиянын тигізбей өмір сүрген. Адамға қиянат жасаған қарабетті билер институты реттеп отырған. Кез келген ереже заманның талабына сай жаңғырып отырады. Сондықтан бұл адамгершілік мәдениеті әлемдік стандарттарға сай кеңейіп жатыр. Cancel culture толығып, жаңарып жатыр. Сондықтан оны пайда болды деп айту қате. Бізде жоққа шығару мәдениеті бұрыннан бар, – дейді PR маманы, медиасауат тренері Салтанат Әскербекқызы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через