
фото: pixabay.com
Қант диабетіне шалдыққандардың көбеюіне тәтті сусын себеп болып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі осылай дабыл қағып отыр, деп мәлімдеді "Сапалы Қазақстан" порталы.
Елімізде де қант диабетіне шалдыққандар саны үздіксіз артып жатқанын жасыра алмаймыз. Жыл сайын тізім 60-70 мың адаммен толығып отырады. Тіпті, ай сайын өсуде. Мәселен, 2024 жылдың 1 қазанында тізімде 516 564 адам болса, тура 2 айдан кейін (2024 жылғы 1 желтоқсан) тізім 522 224-ке жеткен. Оның 95 пайызы – II типтегілер, деп жазды kaz.inform.kz.
Инфографика: Kazinform
Қант диабетінің өте қауіпті ауру саналатыны белгілі. Дерттің салдарынан өмірінің соңына дейін дәрі-дәрмек пен емге мұқтаж болып, он екі мүшесінің бірінен айырылып жатқандар да бар.
2021 жылы қант диабетіне қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға 31 млрд теңге жұмсалса, 2024 жылы 56,3 млрд теңге бөлінген. 2025 жылғы жоспар – 70 млрд теңге көлемінде қарастырылған.
Біз байланысқан ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың бас эндокринологы Гүлмира Тұқсаитованың айтуынша, кейінгі онжылдықта Қазақстанда шынымен ағзасында көмірсу алмасуы бұзылып, II типтегі қант диабеті диагнозы қойылған адамдар көбейді. Жалпы әлем елдеріндегі үрдіс бойынша да жағдай – осы. Алдын ала диабет күйінде жүрген, артық салмағы бар, артериялық қысымы жоғары, холестерин және май фракциялары жоғары, физикалық белсенділігі төмен адамдар жетерлік.
Фото: Гүлмира Тұқсаитованың жеке мұрағатынан
– Қазіргі клиникалық зерттеулерге сүйенсек, әрбір он ересектің біреуі II типтегі қант диабетімен ауырады, ал он адамның екеуінде бұл дерттің белгілері бар, бірақ әлі диагноз қойылмаған. Өкінішке қарай, II типтегі қант диабеті жасарып келеді, қазір бұл диагнозбен тіркелгендердің шамамен 33%-ын балалар мен жастар құрайды. Себебі ретінде рафинадталған өнімдердің қолжетімділігін, фастфуд, тәтті газдалған сусындар және жоғары калориялы тағамдарды артық тұтынуды айта аламыз, – деді медицина ғылымының кандидаты.
Осы тұста сарапшыдан «Қазақстанда тәтті сусындар өндірісіне қатысты қатаң заңдар енгізілуге тиіс пе?» деп сұраған едік. Өз кезегінде Гүлмира Тұқсаитова бұндай шектеулер енгізу жауапты ведомстволардың шешіміне қатысты мәселе екенін жеткізді. Дегенмен халық денсаулығының келешегі үшін уәкілетті тұлғалар тақырыпты мемлекеттік деңгейде көтеруі қажет екенін жасырмады.
– Қазақстанда тәтті сусындарға қатысты қатаң заңдар мен салықтарды арттыру – олардың тұтынуын, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында азайтудың тиімді шарасы бола алады. Мұндай тәсілдің тиімділігі бірнеше елдерде дәлелденген. Мысалы, Мексика мен Ұлыбританияда «қант салығы» енгізілгеннен кейін тәтті газдалған сусындардың сатылымы азайып, денсаулыққа пайдалы балама өнімдерге сұраныс артты.
Бұл қалай жұмыс істейді дерсіз? Біріншіден, баға көтерілгенде тәтті сусындар әлеуметтік осал топтар үшін қолжетімсіз бола бастайды. Екіншіден, осал топтар ғана емес, қаржылық тұрғыдан тиімсіз екенін білген адамдар су, қантсыз шай, табиғи шырындар секілді пайдалы баламаларды іздейді. Үшіншіден, мемлекеттің бұл шаралары арқылы қоғамдық пікір өзгереді. Және ең соңғысы – мемлекеттік бюджетке қосымша түсім болады. Оны аурулардың алдын алу, ағарту, дұрыс тамақтануды насихаттауға жұмсай алады, – дейді бас эндокринолог.
Алайда бағаның көтерілуі жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені ақпараттандыру, құрамында қанты жоғары өнімдерді белгілеу, өндірушілерді денсаулыққа пайдалы өнімдер шығаруға ынталандыру да керек.
Осы тұста біз жастар арасында тәтті сусындар секілді жиі тұтынылатын энергетикалық сусындардың жайын да сұрастырдық. Кейде әлеуметтік желіде осы сусын әсерінен түрлі дертке шалдығып жатқандарды естиміз.
– Энергетикалық сусындарды жиі немесе шамадан тыс тұтынған жағдайда ағзаға елеулі зиян келтіруі мүмкін. Олар қант мөлшерінен бөлек, кофеин, таурин, гуарана және басқа да стимуляторлардан тұрады. Оның әсерінен жүрекке күш түседі, қан қысымы көтеріледі, қан тамырлары тарылып, қан айналымы нашарлайды. Бұл жағдайда тахикардия, аритмия сияқты жүрек ырғағының бұзылыстары болуы мүмкін. Әсіресе жүрек-қан тамыр ауруларына бейім адамдар мен жасөспірімдер үшін қауіпті. Жүрек ұстамалары бар адам шамадан тыс энергетик ішіп, физикалық жүктеме түсірсе, өлімге де әкелуі мүмкін, – деді Гүлмира Тұқсаитова.
Бұнымен қатар аталған сусынның бүйрекке, ағзаның сусыздануына, ұйқысыздыққа және стимуляторларға тәуелділікке соқтыратыны айтылды. Жаһанның көптеген елінде жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатпау тәрізді шектеулер бар.
Былтыр Қазақстан да 21 жасқа толмағандар үшін бұл сусынды сатпайтын болды.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через