
фото: pexels.com
Отандық анимацияны дамыту үшін бұл салаға жеке инвесторлардың қаражатын тарту керек. Мамандар осындай пікірде. Бұл ішкі бәсекені де күшейтеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде анимацияның жүгі қашан да ауыр. Себебі мультфильм ұлттық құндылықтарды баланың таным түсінігіне ерте бастан сіңірудің құралы.
Отандық анимация өнімдері көрерменге жетіп жатыр ма?
Қазақ анимацияның атасы Әмен Қайдаров қалыптастырған отандық мультипликация өнерінің бағы жанбай келеді. Кеңес заманында «алтын дәуірін» бастан кешкен ұлттық анимация Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдік сәтті жобалардың көлеңкесінде қалып қойғаны жасырын емес. Бірақ соңғы онжылдықта алға жылжу байқалады. Бірнеше жеке анимациялық студиялар жұмыс істеп жатыр. «Балапан» телеарнасы жоқты түгендеп, «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі там-тұмдап төл мультфильмдерді ұсынып жатыр. Дегенмен қазақтың қаракөздерінің назары әлі де шетелдік өнімдерде.

Фото: pexels.com.
Сауалнама: - Олар «Маша и медведь» көреді, «Настя» көреді.
- «Соник», «Макларен» тағы да сондайлар. Орысшаларын көремін.
- Інім «Дисней» мультиктерін жақсы көреді. «Мұзды өлке» деген. Жалпы мультик көру ол адамға пайдалы, адамдар мультик көру арқылы өседі.
Осыдан кейін өзімізде неге осындай мультфильмдер аз деген заңды сұрақ туындайды. Көрерменді әсерлендіретін, визуалды түрде жатталып қалатын кейіпкерлер тудыруға не кедергі? «Ара» студиясының аниматоры Мейіржан Сандыбай анимацияға инвесторлардың қаражаты тартылуы керек деп есептейді. Сонда аудитория зерттеледі, шығармашылық топ өнімнің көрілуіне мүдделі болады, маркетинг жұмыс істейді.
Мейіржан Сандыбай, режиссер, аниматор: - Мен ойлаймын, енді, мәселен, феномен жасау үшін бір іштей күшті ықылас керек сияқты. Ол ықылас адамда қай кезде пайда болады? Адам аш болған кезде. Осы затты шынымен жақсы көрген кезінде пайда болады. Мемлекеттен көрсетіліп жатқан көмек белгілі бір деңгейде, менің көзқарасымда, суретшілерді, шығармашылық адамдарды осындай бір «зона комфортаға» кіргізіп жіберетін сияқты.
Бұған дейін мемлекет қаражатына тарихты танытатын «Күлтегін», саятшылық өнерді дәріптейтін «Мұзбалақ» мультфильмдері жарыққа шыққан болатын. 2023 жылы «Қазақ анимация» құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттайтын 10 қысқаметражды альманах жасады. Бірақ олардың қаралымы аз.

Фото: pixabay.com.
Балалар контентін қадағалап жүрген жоғары оқу орнының профессоры, журналист Алма Сайлауқызы: «Қазір анимация жүйесіз болса да, өзінің әу бастағы міндетін орындап отыр», – дейді. Бірақ ұялы телефонды баланың қолына бере салмай, пайдалы дүниені сүзгіден өткізіп көрсету – ата-ананың міндеті.
Алма Сайлауқызы, PhD журналист, көпбалалы ана: - Баланың психологиялық ерекшелігі, қазіргі альфа буынның өзгеріп жатыр. Кез келген қарапайым суретті берсеңіз де, олар қолмен үлкейтіп көруге тырысуы мүмкін. Өйткені оларда сондай функция туабітті қалыптасқан. Яғни бұл балалардың назарын ұстап тұру, шоғырландыру әлдеқайда қиын. Ол үшін шығармашылық өкілдерін креативті ойлауға да жетелейді. Үнемі ізденіс үстінде болуға итермелейді.
Мейіржан Сандыбай, режиссер, аниматор: - «Шырақты» түсіргеннен кейін де, «Шуақты мысықтар» пилотын жасағаннан кейін де адамдардан келген пікірлер, көбі ойлайды, бұл шетелдік туынды қазақ тіліне аударылған деп. Оның мен себебін іздей бастадым. Сөйтсем, ол визуал, яғни жасалған туындының иісі қазақша шықпайды екен. Неге? Өйткені «Шырақты» көрсеңіз де, «Шуақты мысықтарды» көрсеңіз де, бәрі әдемі, керемет, өте сауатты жасалған. Бірақ мына біздің мәдени код дейді ғой, сол нәрсе жоқ та.
Анимені көргенде жапондар бірден ойымызға келеді. PIXAR-ды қарағанда америкалықтар екенін біле қоямыз. Ал шапан киіп, ою таққаннан басқа қазақты ұлт етіп көрсететін не? Бұл анимацияның айналасында жүрген мамандарды ойландыратын сұрақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через