Елімізде адвокаттық мантия бекітілді

Елімізде адвокаттық мантия бекітілді
фото: Республикалық адвокаттар алқасы/atameken-business.kz

Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттардың кәсіби киімі – мантия мен оның сипаттамасын ресми түрде бекітті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" сайты atameken-business.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Адвокаттық мантия – құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын тұлғаның ерекше қоғамдық-құқықтық мәртебесін білдіретін нышан. Ол адвокатты кәсіби қызметіне кедергі келтіруі мүмкін тінту, қудалау және басқа да араласулардан қорғауға бағытталған кәсіби артықшылықтың белгісі саналады.

— Мантия кию – міндет емес, әр адвокаттың таңдауы. Құқық қорғаушы сот процесінде мантия кию-қимайтынын өзі шешеді. Сонымен қатар, мантияны ресми іс-шараларда да қолдануға болады, – делінген Республикалық адвокаттар алқасының баспасөз хабарламасында.

2024 жылы өткен III республикалық адвокаттар спартакиадасы аясында мантия жобалары алғаш рет таныстырылып, 300-ге жуық адвокат қатысқан анонимді сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, кеңірек талқылау қажеттілігі туындап, бүкіл ел бойынша 3 мыңнан астам адвокат қатысқан ашық онлайн сауалнама ұйымдастырылды.

Адвокаттар қауымдастығының пікірі негізінде және аумақтық алқалардың ұсыныстары ескеріле отырып, Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы мантияның келесі үлгісін бекітті:

Адвокаттық мантияның негізгі сипаттамалары:

  • Қара түсті матадан тігілген, жағасы көгілдір — бұл түс Қазақстан туын бейнелейді;
  • Жағасы мен сәндік ленталарда "Қорғау" ұлттық өрнегі қолданылған — бұл "тұмар" немесе қорғау белгісін білдіреді (дизайн "OIU Qazaq Design" жинағынан алынған);
  • Ашық фасон (түймесіз және бекіткішсіз) – адвокаттың еркіндігі мен тәуелсіздігін бейнелейді;
  • Симметриялы көк ленталар – теңдік пен әділеттіліктің символы.

Адвокаттар мантияны кез келген тігін шеберханасында өз таңдауы бойынша тіктіре алады, басты талап – оның ресми сипаттамаға сай келуі.