
фото: canva.com
Оған "шаг" деген атау берілетіні жария етілді.
Украина тағы бір салада тарихи әділдікті қалпына келтіруге ниетті.
"NV.ua" порталының жазуынша, сонау Гетманщина заманынан бертінге, 1917-1921 жылдардағы революцияға дейін Украина территориясында "шаг" аталған ұсақ шақа-монета айналымда болды.
1918 жылғы 1 наурызда Орталық Рада "Украина Халық Республикасының ақша бірлігі ретіндегі гривна туралы" заңын қабылдады.
Оған сәйкес, республика аумағында 2, 5, 10, 20, 100, 500 және 1000 номиналдарындағы "гривналарды", сондай-ақ 1, 2, 5, 20 және 50 "шаг" монеталарын шығару қарастырылды.
Алайда елде басталған инфляция, экономикалық күйзеліс және техникалық қиындықтар монеталарды құюға кедергі болды да, шагтар өмірге жолдама алмады. Бертінде тиын ретінде Ресеймен ортақ "копейка" соғыла бастады.
Украина – посткеңестік кеңістіктегі ұлттық валютасы берік санаулы республиканың бірі. Бүгінде 1 АҚШ доллары – 41 гривна ғана тұрады. Тиісінше, бұл елде копейкалар да әлі күнге қолданылады. Елдің Ұлттық банкі "копейка" орнына дәл сол тарихи атауды қайтаруды ұсынып отыр.
Агенттік сарапшыларының түсіндіруінше, XVII ғасырда, Гетманщина дәуірінде қолданыста болған "шагты" 1918 жылы Украина республикасы қайта қалпына келтіруге тырысты. Алайда сол бойы енгізілмеді.
Шагтардың жаңа дизайнын көрнекті украиналық суретші-график, Украина көркем академиясының негізін қалаушылардың бірі Георгий Нарбут (1886-1920) жасаған еді.
Ал, "копейка" бұрыннан Ресей аумағында қолданылатыны мәлім, ол "копье" деген сөзден шыққан. Өйткені ресейлік монеталарда найза ұстаған салтатты бейнеленетін болған.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Украина ежелгі гривнаны қайта қалпына келтірді. Сонда қоғам шагты да қайтару туралы бастама көтереді. Алайда биліктегі тұлғалар, компартия оны құптамай тастаған көрінеді. Салдарынан, "копейкалар" сол бойы қала берді.
Қазіргі кезде "копейкалар" тек Украинада, Ресейде және Беларусьте ғана қолданылады. Қоғам қайраткерлері мен белсенділердің байламынша, "шагты" енгізу – 90-шы жылдары басталған ақша реформасын аяқтайды және тарихи құндылықты қайтарады.
Бұл идеяны Ұлттық банк бас болып қоштап, ілгерілетуде. Оның ұстанымынша, украиналық монетаға байырғы атауын оралту – ұлттық болмыс үшін ұлы күрестегі тағы бір жеңіске айнала алады.
Украинаның Ұлттық банкі "Money & Banking: Еуропа тарихындағы ақша мен банктер" атты жыл сайынғы нумизматтық конференцияның қорытындысы бойынша "копейканы" "шагқа" алмастыруды ғылыми қоғамдастық та қолдағанын жария етті.
"Тарих, нумизматика, банк ісі, өнертану, тілтану және археология салаларындағы жетекші ғалымдар Ұлттық банктің монетамызды "копейка" орнына "шаг" деп қайта атау идеясын мақұлдады. Конференция қатысушылары "копейканы" "шагқа" ауыстыру туралы Ұлттық банктің ұсынысын оң бағалады. Олар осы бастаманы қолдап, ғылыми қоғамдастық атынан ашық хат жазды", – делінген Ұлттық банктің мәлімдемесінде.
Ұлттық банк төрағасы Андрей Пышный "шагты" қайтадан тарихтың төріне оздыру – 1996 жылы басталған ақша реформасын аяқтаудағы шешуші кезең болып табылатынын нықтады.
Енді бұл іс Президент Зеленскийдің тиісті жарлық шығаруына тіреліп тұр.
Бірақ ол қоғамдық пікірге қарайлайтын сыңайлы. Сауалнама көрсеткендей, Украина тұрғындарының 57%-ы дәл сұрапыл соғыс жүріп жатқан шақта мемлекеттің ұсақ ақшалардың атауын ауыстырумен айналысуын қолдамайды.
Өйткені барлық күш-жігер мен ресурстар армияны қолдауға жұмылдырылуға тиіс. Қоғам назарын одан алаңдататын бастамаларды бейбіт күнге ысыра тұрған жөн деп санайды.
Дегенмен, шагты Украинаның бір палаталы Парламенті де енгізе алады. Жоғарғы палата тиісті заңды қабылдаса болды, Ұлттық банк төл бастамасын практикалық жүзеге асыруға көше алады. Яғни, қолданыстағы "копейкаларды" бірте-бірте ауыстыратын жаңа монеталарды шығарып, айналымға жібереді.
Ұлттық банк дәл қазір, "шаг" шыға сала, "копейкаларды" айналымнан алып тастамайтынын, олар қолданыс мерзімі бітіп, тозғанға дейін пайдаланылатынын түсіндірді.
Яғни, елде біраз жыл "копейка" және "шаг" қатар, параллельді қолданыста болады. Тиісінше, азаматтардан ескі тиын-тебенді жаңасына айырбастау үшін қосымша шара қабылдау талап етілмейді.
Бұл копейкаларды утилизациялау бойынша мемлекет пен халықтың қосымша шығын шығаруын болдырмайды.
Сондай-ақ, жергілікті қаржыгерлердің сендіруінше, шагтың бірте-бірте енгізілуі, жаңа монеталардың жоспарлы шығарылым шегінде басылуы инфляцияға әсер етпейді. Экономикадағы қолма-қол ақша массасының артуына соқтырмайды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через