
фото: pexels.com
Ғалымдар жағымсыз эмоциялар түрлі аурулардың дамуына ықпал ететінін жоққа шығармайды. Ал көптеген ауру психологиялық жарақат пен ренжіспен байланысты күйзелістерден кейін дамиды екен. Себебі, адамның жаны мен тәні тығыз байланысты.
Kozybayev University психологиялық қызметінің жетекшісі Павел Моисеевтің пікірінше, әр дерттің астарында психологиялық себеп бар. Клиникалық психолог психосоматика жайында білімімен бөлісті, деп жазды kaz.inform.kz.
— Барлық ауру жүйкеден деп жатады, сол қаншалықты рас?
— Аталарымыз: «Дені саудың — жаны сау» дейді. Қазіргі ғылым дене мен рухани саулықты баламалы ұғым ретінде қарастырады. Сонымен қатар, соңғы зерттеулер кейбір жүрек-қан тамырлары, асқазан-ішек, тері және аллергиялық аурулардың негізгі себебі ретінде адамның жүйке-психикалық бұзылыстарын көрсетті.
— Адам денсаулығы үшін ең қауіпті эмоциялар қайсы, неліктен?
— Маман ретінде айтарым, кез-келген эмоцияны қабылдамау және басып, іште сақтау — қауіпті. Көбінесе осындай сыртқа шықпаған эмоция адам бойында шиеленісті тудырады, салдарынан бас ауруы сияқты түрлі жағымсыз белгілері болады. Психологиялық денсаулық тұрғысынан алғанда, эмоцияға беріліп, ол көрініс табуы қажет. Бұл эмоционалды интеллектің негізгі көрсеткіштерінің бірі, яғни әр эмоция маңызды және оны қабылдау керек, онымен өмір сүріп, көрсету қажет. Мәселен ашуды алайық. Ашулану — негативті эмоция. Көпшілік ашулану жүйке жүйесіне ғана әсер етеді деп ойлайды. Жоқ, ашудан бауыр, буын, дем алу органдары ауыруы мүмкін. Оған жеткізбес үшін бұл эмоцияны іште басып тастамай, шығару керек, бірақ ол үшін жанжалдасып, заттарды лақтырудың қажеті жоқ, мәселен үй жинаңыз немесе спорт залға барыңыз, жүгіріңіз, т. б.
— Психосоматика деген қарапайым тілмен айтқанда не?
— Психосоматика — бұл аурудың пайда болуы мен оның барысының психологиялық факторларын зерттейтін медицина саласы.
Психологиялық проблемалардың соматикалық көрінісі ауруды ұзақ уақыт елемеуден және бейінді мамандарға — психологтар мен психиатрларға жүгінуден бас тарту кезінде пайда болады.
Психосоматика — біздің ішкі жан дүниеміздегі сезімнің, эмоцияның денедегі көрінісі. Нақтырақ айтсақ, сіздің қандай да бір негативті жағдайға деген реакцияңыз, сол жағдайдан миыңызға сендіріп алған теріс наным-сеніміңіз. Әр аурудың өзіндік себебі бар деу — қате түсінік. Мұны, өкінішке қарай, алаяқтар мен «емшілер» кең қолданып, «кез келген аурудан» емдеу үшін өз қызметтерін ұсынады.
— Психосоматикалық ауруларға кім бейім келеді?
— Елімізде бұған қатысты арнайы зерттеулер жүргізілмеген екен. Осыған дейін айтқанымыздай, психологиялық проблема жүре-бара психосоматикалық бұзылысқа ұласуы мүмкін, дер кезінде мамандандырылған медициналық-психологиялық көмекке жүгінбесе ол кез келген адамда болады.
— Бұл ауру қалай қалыптасады, себебі неде?
— Өміріне көңілінің толмауы, психикалық жарақаттар, ішкі қақтығыстар, өз-өзін кінәлау, іштей жеу, өз қалауынан ұзақ уақыт бас тарту, кез келген қорқыныштар, жүйке аурулары мен психосоматикалық ауруларға әкеледі.
Ең жиі кездесетін бас ауруын алайық, бұл іштей бір нәрсені қабылдамаудың белгісі. Бойыңызда қандай да бір қорқыныш болса, басыңыз айналып хабар береді. Жүректің шаншуы — көңіліңіздің тыныш болмауы. Асқазан аурулары ашулану, уайымды білдіреді. Өзіне шамадан тыс жүк артқанда аяқта варикоз пайда болады. Мұның бәрі аурудың жалпы психологиялық сипаттамалары.
— Психосоматикалық ауру екенін қалай білуге болады?
— Өз бетінше біле алмайды. Тек білікті маман — дәрігер ғана диагноз қоя алады, психологиялық проблеманың немесе аурудың дәрежесі мен сипатын анықтай алады. Маман сөйлесу және бақылау арқылы диагноз қояды. Бүгінгі таңда біздің өңірде кәсіби көмек алудың әртүрлі нысаны мен тәсілі бар: ең алдымен бұл психологиялық көмек көрсету кабинеттері және әрбір қалалық және аудандық емханаларда орналасқан бастапқы психикалық денсаулық орталықтары. Егер адам мемлекеттік мекемелердегі мамандарға жүгінудің салдарларынан қорқатын болса, онда бүгінгі күні қалаларда жеке медициналық және психологиялық клиникалар мен орталықтарда кеңес алу мүмкіндігі бар.

Фото: pexels.com.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен оқырмандарды интернет арқылы өздігінен диагноз қоюдан және өзін-өзі емдеуден, жалған мамандарға жүгінуден сақтандырғым келеді. Біздің миымыз, психикамыз — бұл өте жақсы реттелген механизм, арнайы білімі жоқ адамдардың араласуы оған орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
— Егер адам өзінде психосоматикалық ауру болуы мүмкін деп күдіктенсе, қандай дәрігерге барып көрінгені жөн?
— Бірінші кезекте психологқа барып көріну қажет. Маман арнайы әдістердің көмегімен мәселенің мәнісін біледі. Пайда болу себептерін, проблеманы шешу жолдарын, қажет болса түзету нұсқаларын ұсынады.
— Психосоматикалық аурулар емделеді ме?
— Иә, әрине, емделеді. Көп жылғы тәжірибеден байқағаным, ауруды ушықтырмай дер кезінде маманға жүгіну қажет. Психологиялық, психиатриялық, психосоматикалық ауруларды емдеуде кешенді тәсіл өз нәтижесін береді.
Психосоматикалық ауруды сәтті емдеу үшін ең алдымен біреуге кінә тағу, үнемі ренжу, тұнжырап жүру, тағдырға налу, сары уайымға салынып, әр нәрсеге күйіп-пісу секілді теріс әдеттерден бас тарту керек. Оның орнына оптимизмді, сенімділікті, өмір сүруге деген ұмтылысты қалыптастыру қажет. Психосоматикада позитивті ойлаудың маңызы зор.
— Психосоматикалық аурулардың алдын алуға бола ма?
— Эмоцияны, әсіресе сіздің жан дүниеңізге ауыртпалық әкелетін сезімдерді жасырып, тұншықтырмаңыз. Оның бәрін сыртқа шығару керек. Іште қалып қойған жағдайда жара сияқты дененің әлсіз тұсынан тесіп шығады. Алдын алу үшін физикалық және психикалық денсаулықты нығайтуға бағытталған кешенді шараларды қамтуы керек. Сонда ғана психогендік сипаттағы аурулардың даму қаупін төмендетуге болады: саламатты өмір салтын ұстану, стрессті тиімді басқаруға үйрену. Ал күйзелісті басқаратын кеңестерге келсек, ең бірінші дене шынықтырумен айналысқан жөн. 15 минут таза ауада серуендеу де миыңызды тынықтырып, серпілуге көмек береді. Сондай-ақ психосоматикалық аурулардың белгілерін ерте анықтау үшін үнемі медициналық тексеруден өту, эмоционалдық проблемаларды анықтау және түзету, тиімді қарым-қатынас жасау және проблемаларды шешу дағдыларын дамыту қажет.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через