Жүк көлігінің жүргізушісі құрметке лайық. Еркінбек Төлегенұлы

Жүк көлігінің жүргізушісі құрметке лайық. Еркінбек Төлегенұлы
фото: pixabay.com

Шетелде ауыр жүк көліктерін басқару оңай жұмыс емес. Қауіпті, жауапкершілігі мол. Сондықтан жастар бұл мамандыққа жоламайды. Дегенмен, бала-шағасының қамын ойлаған ересек азаматтар бұл кәсіпті ақша табудың бірден бір жолы ретінде таңдайды. Технология  жетілдірілген кезде жүк тасымалдау саласы революциялық өзгерістерді бастан кешуі мүмкін. Сол кезде жүргізуші рөлін робот атқарады. Бірақ бұл туралы айту әлі ерте. Амандық болса, ол күнге де жетерміз. 

 Еуропада жүк көлігінің жүргізушісі болу халықаралық ағылшын, неміс тілдерін шамалы болса да білетін тәжірибелі жүргізушілер үшін қолжетімді ғана емес, сонымен қатар өте тартымды табыс көзі.  Жоғары жалақы, тәжірибелі жүргізушілерге деген құрмет және кадр тапшылығы бұл саланы ТМД елдерінен келген үміткерлер үшін ерекше тартымды етеді. Қазіргі уақытта Еуропада жүк көлігін жүргізіп жүрген қазақстандықтар бар. Солардың бірі алматылық азамат Еркінбек Төлегенұлын әңгімеге тартқан едік.  

Фото: Еркінбек Төлегенұлының жеке қорынан.

-Еуропада жүк көлігін жүргізушілерге сұраныс жоғары. Неліктен?

-Себебі, Еуропалық жүк тасымалдау нарығында жүргізушілер тапшылығы қатты сезіледі. Бұл бірнеше факторларға, атап айтқанда, демографиялық дағдарысқа байланысты. Себебі халық қартайып барады, туу деңгейі төмендіген, еңбекке қабілетті жастағы азаматтар саны қысқарған. Оның үстіне, бұл мамандықтың жастар арасында беделі жоқ.Олар физикалық еңбекке құштар емес, кеңсе жұмысын жақсы көреді. Осының салдарынан көлік компаниялары жұмысшыларды Еуропадан тыс, соның ішінде ТМД елдерінен іздеуге мәжбүр. Жұмысқа алатын кезде әр адамның өмірбаянын, еңбек өтілін қатаң тексереді. Әр жүргізушіге жеке дерекқорын ашып қояды. Қажетті мәліметтің бәрі сонда сақталады. Соңғы екі айда қанша сағат жұмыс істедің, қай жерде аялдадың, түгел қамтылады. Жол ережесін бұзсаң да есепке алынады. Инспекторлар осы планшетті мұқият тексереді. Егер ереже бұзсаң айыппұл салады. Бір жақсысы біздің жүргізуші куәлігіміз Еуропада жарамды. Бірақ сол жаққа барғанда алдымен тест-драйв тапсыру керек. Үлкен көлікті орыннан жылжытып, қайтадан қойып тәжірибеден өтесің. Жол төлемдерін қалай жүргізетініңді пысықтайды. Дайын болғаныңда көлік басқаруға рұқсат береді.

 -Еуропадағы жүк көлігі жүргізушісінің жұмысы несімен ерекшеледі?  

-Еуропада жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеу дегеніміз – кәрі құрлықтың дамыған елдерін көзбен көру, тәжірибе жинақтау және лайықты табыс табу мүмкіндігі. Жүк көлігі жүргізушілеріне арналған бос орындар саны бойынша көшбасшы елдер қатарына Польша мен Германия. Чехия, Литва, Нидерланды, Норвегия, Дания, Финляндия, Швецияны жатқызуға болады. Бұл елдерде көліктер паркі жаңа. Біздің елдегідей ескі КамАЗ мен МАЗ жүк көліктерін ұмытасыз. Еуропада көлік паркі жиі жаңартылады, жүк көліктерін пайдалану мерзімі 2-3 жылдан аспайды. Бұл жолдағы жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Еуропалық компаниялар MAN, Scania, Volvo, DAF, Mercedes сияқты әртүрлі маркалы жүк көліктерін пайдаланады. Таңдау көбінесе компания иесінің қалауына байланысты.

Онда жүк көліктері айына 10 000 шақырымнан артық жүрмейді. Еуропада жол қозғалысы ережесі қатаң сақталады мен жүргізушілер үшін жұмыс және демалыс режимдері бар. Бір тәулікте 9 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды. Әрбір 3-4 сағат өткен соң  45 минуттан демалып отыру керек. Осы стандарттарды сақтауға тиіссіз. Бастысы жүк көлігі жүргізушісінің жалақысы ТМД елдеріне қарағанда айтарлықтай жоғары.

Фото: pixabay.com.

Өзіміз күнделікті мініп жүрген көлікті айына бір рет тексеруге  апарамыз. Егер ақау шықса, көліктің өзі көрсетіп тұрады. Бұл туралы дереу механикке немесе менеджерге хабарлаймыз. Өздері келіп, диагностика жасап, егер жөндеу қажет болса жолдама береді. Керек бөлшектерді ауыстырып, майын құйып, толық тексеріп, жолға шығарып салады. Тағы бір айта кететіні, Еуропада жүк көліктерін жумаймыз. Себебі, жаңбыр жиі жауады. Сондықтан машиналар өзі-ақ тазарып шыға келеді. Аяқ киімімізді де сүртпейміз, шаң болмайды, Өйткені көшелері тап таза. Көлігімізді арнайы жылына бір-ақ рет жудырамыз.

 -Сіздің бұл пікіріңізді оқыған ер адам Еуропада жүк көлігін жүргізуге ұмтылатын шығар. Дегенмен, бұл жұмыстың қиын тұстары да бар шығар.  Жаңадан барған жүргізуші не нәрсеге мән беруі керек?

-Шынымды айтсам, халықаралық жүргізуші ретінде жұмыс істеу, әсіресе жаңадан бастап жатқандар үшін көптеген қиындық кездеседі. Солардың бастылаорына тоқтала кетейін.

Мысалы, біріншіден, ең жиі кездесетін мәселе - жалақы алаяқтығы. Кейбір жұмыс берушілер жүргізуші құқығын қорғайтын ресми келісім-шарттың орнына ауызша келісімдерді қалайды. Келісім-шарт болған жағдайда да, кейбір компаниялар жүк салмағына немесе ауысым санына негізделген жалақыны есептеудің күрделі схемаларын қолдана алады, бұл жүргізушілерге өздерінің апталық, айлық кірістерін дербес есептеуді қиындатады.

Екіншіден, тағы бір қулық – жүргізушіге алдын ала келісілмеген қосымша жауапкершіліктерді жүктеу. Көлік жүргізуден бөлек сізден механик, жүк тиеуші немесе жеткізуші функцияларын орындау талап етілуі мүмкін. Сонымен қатар, жұмыс берушілер алдын ала ескертілмеген мысалы, отынды шамадан тыс тұтыну, әдеттегіден артығырақ жол жүру немесе көлікке жалған зақым келтіру секілді, болмашы себептермен айыппұлдар жүйесін қолдана алады.

Үшіншіден, көбінесе жаңа бастаған жүргізушілер жалақысы төмендетілген тағылымдамадан өтуге немесе кейін жұмысқа орналасу арқылы тегін оқуға келісіп, алаяқтықтың құрбанына айналады. Ал ірі, сенімді және беделді компаниялар әдетте лайықты жалақысы және толық әлеуметтік пакеті бар ресми тағылымдамадан өтуді ұсынады.

Өзіңізді қорғау үшін еңбек қатынастарыңызды ресми түрде рәсімдеңіз, келісімшартқа отырыңыз және оның шарттарын мұқият зерттеңіз. Тілді үйреніңіз – сіз жұмыс істейтін елдің тілін білу сіздің құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді жақсы түсінуге, сондай-ақ әріптестеріңізбен және жұмыс берушіңізбен сөйлесуге көмектеседі. Жұмысқа келісім бермес бұрын, компания туралы ақпарат жинаңыз, мамандандырылған сайттар мен форумдарда қызметкерлердің пікірлерін оқыңыз. Неге құқығыңыз бар екенін және қажет болған жағдайда өз мүддеңізді қалай қорғау керектігін білу үшін жұмыс істеуді жоспарлап отырған елдің еңбек заңнамасын зерттеңіз.

 -Демалыс күндері не істейсіздер?

-Біз аптасына екі рет демаламыз. Аялдайтын жерімізді, демалатын орнымызды, жүретін бағытымызды менеджеор алдын ала сызып, дайындап береді. Сол бағытпен жүріп отырамыз. Ол жақта кез келген жерге, жолдың бойына тоқтап демалу деген жоқ. Тек арнайы тұрақтарда ғана аялдауға рұқсат. Біз көптеген көлікке арналған арнайы көлік тұрағына барып тоқтаймыз. Тұрақтағы әр көліктің алдында әр елдің туы тұрады. Соған қарап жүргізушінің қай елдің азаматы екенін бірден аңғарасыз. Мен Қазақстанның туын іліп қойғанмын. Көліктер еуропалық компанияға тиесілі болғанымен әр елден барған жүргізушілер өз туын таңдайды. Біз сол жақта өзбек, қырғыз ағайындармен жақсы араласамыз. 2-3 шақырым қашықтықта орналасқан дүкенге бірге барып, азық-түлік алып қайтамыз. Бірлесіп тағам әзірлейміз. Кабинаның ішінде өмір сүреміз. Көлікте екі адамдық орын болғанымен бір ғана жүргізуші жұмыс істейміз. Өйткені, компания  екінші адамға артық ақша төлегісі келмейді. Былай қарасаңыз, екінші жүргізушінің керегі жоқ. Жолда шаршамаймыз. Еуропада жүк көлігін жүргізетін өзбектер көп. Одан кейін қырғыздар, тәжіктер бар. Бұл жақта қазір 80 шақты қазақ жүр. Бәріміз бір-бірімізді танимыз.

-Шетелдіктер Қазақстан жайлы не біледі? Сұрастырып көрдіңіздер ме?

-Жалпы Қазақстанды көпшілігі біледі. Әр күні кешкісін белгілі бір тұраққа келіп тоқтаймыз. Сол жерде мыңдаған жүргізушіні көреміз. Кейде сөйлесіп қаламыз. Олар Қазақстанды Димаш, Геннадий Гооловкин арқылы біледі. Алматыны жақсы біледі. Кейде жүк тиеу үшін алаңдарға барғанымызда  білмейтіндер кездеседі. Қазақстан десең «ол Ауғанстан ба?» сұрайды. Маған ұнайтыны Еуропа халқы адамдарды тең көреді. Сен жүргізуші бол, бастық, менеджер бол бөліп жармайды. Оларға сенің статусың маңызды емес. Бастысы өз жұмысыңды ұқыпты атқарсаң болды. Басқасына араласа бермейді. Өзгенің затына тиіспейді, біреудің ақысын жемейді, айтқан уәдесін  орындайды.

Францияда барғанымда байқағаным, жергілікті халықтан Үндістан, Мысыр, Араб елдерінен келген мұсылмандар көп екен, қара торы балалар да баршылық. Ал Германияда тәкаппарлау, өздерін артық санайды. Олар уақытқа қатты мән береді. Егер базаға 5 минут ерте жетсең кіргізбейді, күтіп тұрасың,  кеш келсең де кіре алмайсың. Тек дәл уақытпен есептесуің керек. Тәртіп солай.

 -Сіз Еуропада қанша ай жұмыс істейсіз, Қазақстанда қанша уақыт демаласыз?

-Барған кезімізде 2-3 ай, кейде 4 ай, тіпті 6 айға дейін істейміз. Қанша уақыт жұмыс істейтініңіз өзіңізге байланысты. Тек жоспарымызды 2 ай бұрын хабарлап қоямыз. Сол бойынша алдын ала ұшаққа билет алып қоямыз. Ұшақ билеті қымбат. Сондықтан ақшаны үнемдеу үшін бір барғанымызда 5-6 ай жүріп қайтуға тырысамыз. Жұмыс кестесі 2-6 ай. Демалыс 1-2 ый. Трасса бойында 15-20 шақырым сайын паркинг, жанармай бекеттері бар. Әр дүкенде жуынатын орындар бар. Қажет кезінде сол жерде жуынып-шайынып аламыз. Жалпы Еуропада жолаушылар мен жүргізушілер үшін қажет жаңдайдың бәрі жасалған.  

Мен жаңа  автокөліктерді тасимын. Көліктерді жүктеудің өз талаптары бар. Көлемі, салмағы бәрі өлшенеді. Жаңа көліктерді толық қарап шығу керек. Еш жерінде ақау болмауы маңызды. Өйткені, оларды жеткізгенде қабылдаушы жақ мұқяит тексереді. Жаңа автокөліктің салонын қарайтын кезде жаңа халат береді. Сол халатпен көліктің ішінде отырып, тексеріміз. Екінші жаңа автокөлікке отыратын кезде тағы да жаңа халат береді. Олар тазалыққа аса назар аударады.

Жол талғамайтын көліктер болса 6, жеңіл болса 8-10 көлікке дейін артамыз. Мерседес, Тесла секілді қымбат көліктерді 6 данадан артық тиейміз. Рұқсат жоқ.  Маған ұнағаны, мұнда жүк көліктері ауаны ластамайды. Ауа райы қолайлы болғандықтан көліктер дизельмен жүреді. Суық отын қыстың күні қатып қалмайды. Үлкен көліктер көліктен шыққан түтінді өздері өңдейді. Сыртқа газ, қара түтін шығармайды. Ауаны ластамайды.

Қазақстаннан Еуропаға барып, табыс тауып жүрген азаматтарды салық мәселесі алаңдатып жүр. Естуімізше енді Тапқан табысымыздың 10 пайызын Қазақстанға салық ретінде төлеуге тиіс екенбіз.  Мен Литвада орналасқан фирмада арнайы тіркелгенмен. Сол елдің резиденттік картасын алғанмын. Литва заңына сәйкес, ай сайын табысымыздан он пайызын беріп жатырмыз. Егер Қазақстанға тағы салық төлейтін болсақ, бізге тиімсіз. Қасымда жүрген жігіттер  «бізді шетелге үкімет жіберген жоқ, өз бетімізбен ізденіп таптық, сөйте тұра кіріс салығын талап еткені қалай?» деп алаңдап жүр.

Жалпы, жүк көлігінің жүргізушісі өмірінде миллиондаған шақырым жол жүреді. Ыңғайлы кабина бұл үздіксіз жұмысты біршама жеңілдетеді. Рульдегі адамдардың жауапкершілігі жоғары (оларға қымбат жүкті сеніп тапсырады), олар айлар бойы отбасынан жырақта жүреді. Демалысқа келіп кету де оңай емес. мысалы, осы жолы мен Еуропадан ұшақпен емес, автокөлікпен келдім. Польшаның Варшава қаласынан жол серігіммен бірге шықтым. Жолда Словакия, Венгрия, Румыния, Болгария, Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Дағыстан, Ресей жерін басып өтіп, өзіміздің Қазақстан жеттік. Алыс жол оңай емес. Жол жүру қашан да қауіпті. Сондықтан жүк көлігінің жүргізушісі құрметке лайық.

-Әңгімеңізге рахмет. Әрдайым сапарыңыз сәті болсын!