Жамбылдағы жер сілкінісі: ғимараттарда жарықшақ пайда болған

Жамбылдағы жер сілкінісі: ғимараттарда жарықшақ пайда болған
фото: Жамбыл олбысының әкімдігі

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жағдаймен танысу үшін Т.Рысқұлов және Меркі аудандарына барды

2025 жылдың 28 наурызында түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.

​​​Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық жедел штаб іске қосылды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

​​​Ресми ақпаратқа сәйкес, барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

​​​"Алдын ала мәлімет бойынша Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы, Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғасында жарықтың пайда болғаны анықталды. Басқа нысандар туралы ақпарат нақтылануда", - делінген хабарламада.

​​​Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жағдаймен танысу үшін Т.Рысқұлов және Меркі аудандарына барды.

8(7262)513575 нөмірі бойынша "жедел желі" іске қосылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28 наурызда Астана уақытымен сағат 03:42-де қазақстандық сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 323 шақырым жерде орналасқан.

ҚазАқпарат