Табиғаттың таза ауасы жанға шипа, дертке  дауа

Табиғаттың  таза  ауасы  жанға  шипа,  дертке  дауа
фото: https://pixabay.com/ru/

Адамның  жаны  табиғатпен  байланысты  деген  ұғым  бар. Тауға шығып, таза  ауамен тыныстау  адам  организіміне  өте  пайдалы.

Табиғат туралы деректі фильмдер көру, жабайы табиғатты тамашалау  сырқат  адамның ауырсыну сезімін едеуір жеңілдетеді.

The Independent ақпаратына қарағанда, Эксетер университеті мен Вена университетінің ғалымдары осындай ұйғарымға келіп отыр. Олар табиғатпен байланыстырған кезде мида ауырсынуды өңдеу тәсілі өзгеретінін анықтаған.

Таза ауа мен табиғатта ем

Ғалымдар мынадай қызық тәжірибе жасаған. 49 адамның миын бақылап, сканерлеген. Оларға әртүрлі бейнелер көрсетіп, ара-тұра жеңіл түрде тоқ ұрғызған. Табиғат көріністерін көрсеткен кезде олардың ауырсыну деңгейі азайған. Ал қала немесе кеңсе көріністері кезінде зерттеуге қатысушылар ауырсынуды қаттырақ байқаған.

Ауырсынуды басатын дәрінің күшіне тең болмаса да, табиғатты тамашалау мұндай дәрі-дәрмекті жартылай алмастыра алатыны анықталып отыр.

Вена университетінің докторанты Макс Штайнингердің пікірінше, табиғатты жиі тамашалайтын адамдардың ауырсынуды аз сезінетіні анықталған. 

«Алайда осы уақытқа дейін бұл әсердің нақты себептері түсініксіз болған еді. Біздің зерттеу кезінде алғаш рет мидың сканерлеу деректерін қолдандық. Осы арқылы табиғаттың ауырсынуды азайту әсері жай ғана «плацебо» емес екені дәлелденді», – дейді Макс Штайнингер. 

Бұл – сенім емес, мидың қызметі

Ғалымның сөзіне қарағанда, бұл құбылыс адамдардың табиғаттың пайдалы екеніне сенуінен туындамайды. Мидың өзі ауырсынудың қайдан пайда болып жатқанын және оның қаншалықты күшті екенін аз қабылдай бастайды.

«Біз жүргізген зерттеу нәтижелері табиғаттың ауырсынуды шынымен жеңілдететінін көрсетті. Бірақ бұл әсер ауырсынуды басатын дәрілердің шамамен жартысына тең. Сондықтан ауырсынудан зардап шегетін адамдарға дәрі-дәрмектерін қабылдаған жөн. Бірақ болашақта табиғатпен байланыс сияқты балама ауырсынуды басатын әдістерді қолдану артады деп үміттенеміз», – деді ғалым.

Зерттеу «Табиғатпен байланыс ауырсынуды бәсеңдетуге беретін нейрондық процестерге әсер ету арқылы анальгезиялық әсер береді» деген тақырыппен Nature Communications ғылыми журналында жарияланды.

Сырқатты  азайтудың  балама  жолы

Ғалымдардың пікірінше, бұл зерттеу сырқатты басудың балама стратегияларын дамытуға мүмкіндік бермек. Зерттеуге қатысқан адамдар табиғаттың суреттерін көргенде ғана емес, шынайы табиғат аясында да аурудың  елеулі түрде азайғанын айтып отыр.

Эксетер университетінің докторы Алекс Смоллидің пікірінше, бұл зерттеу табиғатпен виртуалды байланыс адамның денсаулығына оң әсер ететінін көрсетіп отыр. Табиғаттың бейнесінің өзі сыртқа шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ем болмақ.

«Бірақ біздің нәтижелеріміз табиғи ортаны қорғаудың маңыздылығын тағы бір рет дәлелдейді. Табиғатты сақтау арқылы біз адамдардың да, Жердің де денсаулығын жақсарта аламыз», – дейді Алекс Смоли.

Оның сөзіне қарағанда, бұл дәрі-дәрмексіз емдеу әдісі ретінде қолданылуы мүмкін. Табиғаттың адам миына әсері туралы ақпарат әлі де терең зерттеуді қажет етеді.