Кредит төлемін қалай кейінге шегеруге болады

Кредит төлемін қалай кейінге шегеруге болады
фото: https://pixabay.com/ru/

Банктер кредиттің ай сайынғы төлемін кейінгі шегеру туралы әр өтінішті жеке-жеке қарастырады

Бүгінде қаржылық қиындықтарға тап болған адамдар қарыз жүктемесін бірнеше жолмен азайта алады. Мәселен, заң бойынша кредит сомасын қайта құрылымдау қызметі бар. Бұдан бөлек, ай сайынғы төлемді кейінге шегеруге болады. Sputnik Қазақстан кредитті кейінге шегерудің негізгі шарттарын ұсынады.

Төлемді кейінге шегеру дегеніміз не

Кредиттің ай сайынғы төлемін кейінге шегеру – бұл қарыз алушыны уақытша несие төлемінен босату.

"Алайда бұл қарызды жою емес, төлемдерді кейінгі мерзімге ауыстыру болып табылады. Банк өтелмеген соманы өтеу үшін несие мерзімін ұзартуы немесе ай сайынғы төлемді көбейтуі мүмкін", - дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары.

Осы орайда маңызды бір мәселені ескерген жөн. Банктер мен микроқаржы ұйымдары ай сайынғы төлемді кейінге шегеру мүмкіндігін сирек береді. Оны көп жағдайда қарызды қайта құрылымдаудың бір құралы ретінде пайдаланады.

Ондай мүмкіндер кімдерге беріледі

Банктер кредиттің ай сайынғы төлемін кейінгі шегеру туралы әр өтінішті жеке-жеке қарастырады. Ал оң шешімге нақты себептер ғана емес, қарыз алушының несие тарихы да әсер етеді.

Негізгі себептер:

уақытша еңбекке жарамсыздық (ауру және т.б.);

жұмыстан қысқару немесе кірістің төмендеуі;

асырауындағы адамдар санының көбеюі (мысалы, бала туу);

форс-мажорлық жағдайлар (өрт, су басу және т.б.).

Дегенмен, банк басқа жағдайларды да ескеруі мүмкін.

Ал әскери борышын өтеп жатқан азаматтардың кредит бойынша төлемдері автоматты түрде кейінге шегеріледі. 2024 жылдан бастап олар қызмет барысында және әскери міндетін өтегеннен кейінгі 60 күн ішінде төлемнен босатылады. Осы уақыттың ішінде пайыздар мен айыппұлдар дп есептелмейді.

Өтінішті қалай беру керек

Алдымен кредит берген банкке немесе микроқаржы ұйымына барып, өтініш жазу керек, я болмаса, мобильді қосымша арқылы немесе электрондық пошта арқылы жіберуге болады. Заңға сәйкес, өтінішті төлем мерзімі өтіп кеткен күннен бастап 30 күн ішінде берген дұрыс. Сот шешімі шықпаған жағдайда одан кейін де қаралуы мүмкін.

Өтінішпен бірге қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет. Олар:

жұмыстан босату туралы бұйрық немесе қысқарту туралы анықтама;

медициналық анықтамалар;

жалақының төмендегенін растайтын құжаттар;

баланың туу туралы куәлігі.

Банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша құжаттар сұрауы да мүмкін.

Шешім қашан шығады

Кредит берген ұйым өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Соның нәтижесінде бірнеше шешім шығарылуы мүмкін. Олар:

кейінге шегеруді мақұлдау;

өтініштен бас тарту және себебін түсіндіру;

балама шарттарды ұсыну (қайта құрылымдау, пайыздық мөлшерлемені төмендету және т.б.).

Егер банк өтінішті қабылдамаса, банк немесе микроқаржы омбудсменіне жүгінуге болады. Олардың негізгі міндеті – тараптардың өзара тиімді шешімге келуіне көмектесу.

Кредит төлемін кейінгі шегергенде бірнеше маңызды мәселені ұмыптау қажет:

кейінге шегеру сыйақы (пайыз) есептеуді тоқтатпайды;

кейінге шегеру неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым артық төлем көбейеді;

қарыз алушы өтінішті неғұрлым ерте берсе, оң шешім қабылдану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.