Алдағы 5 жылда қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?

Алдағы 5 жылда қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?
фото: pixabay.com

Тұрақтылықты, жарқын келешекті, мансап жолымен өсуді ойлайтын  қазақстандық жастардың көпшілігі таяу жылдары сұранысқа ие болатын мамандықты таңдауға тырысып жатыр, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Қазір елімізде еңбек нарығы тез өзгеріп жатыр. Әр түрлі саладағы мамандарға сұраныс та құбылып тұрады.  Дұрыс таңдау жасау үшін ең жақсы мамандықтарды қарастырып, болашақта қандай бола алатыныңызды ескеру маңызды.

Мысалы, биыл Қазақстанда IT мамандары, экологтар және цифрлық медицина мамандары сияқты кәсіп иелеріне сұраныс артады деген болжам бар. Сондай-ақ бұл тізімге  деректерді талдаушылар, бағдарламашылар және киберқауіпсіздік сарапшылары еніп отыр.  Заманауи мамандықтардың рейтингін жасау кезінде болашақта тұрақтылық пен мансаптық өсуді қамтамасыз ететіндерді атап өтуге болады.

Алдағы 5 жылда сұранысқа ие болатын кәсіп түрлері белгілі болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай 1,6 млн адамға кадрлық сұраныс туындауы мүмкін. Оның 875 мыңы біліктілік деңгейі орта, кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлер, деп жазды qazaqstan.tv. Ал жұмысшы мамандықтар бойынша кадрларға қажеттілік - 403 мың адам. 

Ең көп сұраныс құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында байқалады. Шамамен 56%. Мысалы, құрылыс саласында сылақшылар, құрылыс бригадаларының прорабтары мен дәнекерлеушілерге қажеттілік артса, ауыл шаруалығында фермерлер мен тракторшыларға, сондай-ақ ірі қара мал бағатын бақташыларға сұраныс көбейе түспек.