Энергетика вице-министрі Қайыржан Тұтқышбаев Ресей Федерациясы тарапынан бензин жеткізу жөнінде әлі де ресми сұраныс келмегенін, Қырғызстан Қазақстаннан бензин сұрап, ресми өтініш жолдағанын мәлімдеді.
Министрлік өкілі қазіргі уақытта Қырғызстанға бензин жөнелту мәселесі қарастырылып жатқанын, көрші елге бензин жіберу ішкі нарықта жанар-жағармай бағасының өсуіне әсер етпейтінін айтып сендірді.
«Бүкіл шешімдер ұлттық мүдделерді ескере отырып, ішкі нарықтағы баланс негізінде қабылданатын болады. Қандай да бір сұраулар біздің жанар-жағармай бағасының кенеттен өсуіне жол бермейді. Сол себептен Қырғызстан тарапынан келген сұранысты жан-жақты қарастырып, жақын арада жауап беретін боламыз», – деді вице-министр брифингте.
Еске салсақ, бұған дейін Ресей тарапы елдегі бензин тапшылылығын азайту үшін Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін импорттау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шыққан еді. Билік өкілдері әлі де ресми сұрау түспегенін алға тартқанымен, сала мамандары шілде-тамыз айларында Қазақстаннан гуманитарлық көмек ретінде Ресейге 50 мың тонна бензин жіберуі мүмкін екенін айтқан. Олардың мәлімдеуінше, жанармай Павлодар мұнай-химия зауыты мен «Конденсат» мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілуі мүмкін.
Украинаның Ресей мұнай базаларына жасаған соққылары жанар-жағармайдың 90 пайызын осы елден жеткізетін Қырғызстан нарығына да әсер етуі мүмкін. Бұл ретте Қырғызстан бензин тапшылығының алдын алу үшін Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстаннан жанармай сұраған.
https://nege.kz/