Жаңа туған шақалақты саудалағандар кімдер?

Жаңа туған шақалақты саудалағандар кімдер?
фото: pixabay.com

Қарағандыда жаңа туған нәрестені саудалады деген айыппен 6 адам сотқа тартылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Қылмыстық іске байланысты фигуранттың бірі – көп балалы әйел. Ол 2022, 2023 жылдары дүниеге әкелген екі баласын таныс мейірбике арқылы баласы жоқ жұптарға береді. Тергеу нұсқасы бойынша әйел, мейірбеке екеуі әр отбасыдан 3 млн-нан, жиыны 6 млн теңге сыйақы алған.

Екінші фигурант әрине, мейірбике. Ал қалғандары балаларды асырап алған екі отбасы. Олар балалардың туу туралы куәліктеріндегі «әкесі» деген жерге отбасындағы ер кісілердің аты-жөнін көрсеткен.

Фото: pixabay.com.

Айып тағылып отырғандар 3 млн теңге сыйақы берді дегенді де жоққа шығарады, жалпы айыппен де келіспейді. Олардың айтуынша, балаларды дүниеге әкелген әйел бөпелерді жетімдер үйіне өткізбеу үшін берген.

 «Баланы 15 жыл армандадық... Күдер үзгенде таныстарымыздан баласынан бас тартқалы отырған әйел туралы естідік. Біз онымен кездестік, сөйлестік... Әйел бізді таңдайтынын айтты. Оған ілтипатымызды қалай көрсететінімізді сұрадық. Ол ешнәрсе керек емес, тек сәби жетімдер үйіне түспесе болды деді. Бұл оңай қабылдайтын шешім емес, ол үшін үлкен жүрек керек» дейді айып тағылып отырған, бала асырап алған екі әйелдің бірі. Сонымен бірге «Біз заң бұзған жоқпыз. Әйел, баласының туу туралы куәлігіндегі «Әкесі» деген жерге кімді жазғысы келсе, соны жаза алады. Ол менің күйеуімді жазды. Оның қай жері заңсыз?» дейді.

Бұл оқиғадағы ең маңыздысы - балалардың тағдыры. Енді қалай болады?

Ал кілтипан – айдаладағы адамды әкесі деп көрсетсе, заңға қайшы болмайтыны. Бұл заңдағы саңылау. «Осындай да болады екен» деп наразылық білдіретін сәт.