
фото: pixabay.com
АҚШ-тың «Moody's Corporation» корпорациясы Қазақстанның несиелік рейтингін көтерді. Осылайша біз ел тарихындағы ең жоғары жетістікке жеттік, деп хабарлады «Сапалы Қазақстан» порталы.
Ел үкіметінің ұзақ мерзімді ұлттық және шетел валютасындағы эмитент рейтингі немесе тәуелсіз несие рейтингі келесі факторлардың әсерінен тұрақты болжаммен, Baa2-ден Baa1-ге дейін жақсарды. Moody's агенттігінің мәліметінде осылай дерек келтірілген.
Moody's Corporation - бұл қаржылық және бизнес-қызметтер көрсету саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Агенттік кредиттік рейтингтерді, әртүрлі зерттеулерді, деректер мен талдамалық құралдарды, тәуекелдерді бағалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді, сондай-ақ кредиттік портфельді басқаруға арналған шешімдерді ұсынады.
Биыл экономиканың мұнай секторына тәуелділігі төмендеп келеді.
Moody's агенттігінің бағалауы бойынша, соңғы онжылдықта шикізаттық емес сектордың үлесі экономиканың 75%-дан 84%-ға дейін өсті.
- Соңғы жылдағы ең үлкен ілгерілеу IT, көлік және өндірісте байқалды. Көлік-логистика секторында болжам жақсы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) арқылы жүк тасымалы қарқын алды.
- Украинадағы әскери қақтығыс нәтижесінде Қазақстан пайдасына сауда мен инвестиция ағынының құрылымдық ауысуы да Қазақстанды шикізатты басқа экспорттаушы елдермен салыстырғанда тиімдірек жағдайға қойып, одан әрі әртараптандыруға ықпал етеді.
- Борыштың төмен деңгейімен және кредиттік ресурстарға жоғары қолжетімділікпен сипатталатын тұрақты фискалдық көрсеткіштер сақталып отыр. Агенттік сарапшыларының пікірінше, жаңа Бюджет кодексінің жобасы нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді енгізе отырып, бюджет саясатының тиімділігін арттырады. Жалпыға бірдей декларация сонымен қатар бейресми секторды қысқартуға және салық базасын кеңейтуге көмектеседі.
Аталған халықаралық агенттіктің бағасы біздің ел, жалпы әлем елдер үшін қаншалықты маңызды? Бұл агенттіктің деңгейін инвесторлар қалай бағалайды? Сұрағымызға жауап табу үшін белгілі экономист, сарапшы Бекнұр Қисықовқа хабарласқан едік.
Фотосурет Бекнұр Қисықовтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Эмитенттің несиелік рейтингі инвестор үшін маңызды көрсеткіш болып табылады. Оны тек облигацияларды ғана емес, акцияларды да таңдау кезінде ескеру қажет. Ең сенімді бағалаулар «үлкен үштіктің» бағалауы болып табылады. Бұл ең ірі және ең беделді үш рейтингтік агенттіктің аты. Әлемдегі ең ірі және ең беделділері Fitch Ratings, Standard & Poors және Moody's болып саналады. Олар бірге «үлкен үштік» деп аталады. Сол үш беделді халықаралық рейтингтік агенттіктің бірі Moody's . Көптеген инвесторлар Moody's-ті үшеудің ішіндегі ең «қаталы» деп санайды, дейді сарапшы Бекнұр Қисықов.
Жоғарыда аталған факторлардың барлығы бұрынғы реформаларды да, экономиканың қазіргі жағдайын да, болашақтағы ықтимал сценарийлерді де ұтымды жағына қарай сипаттайды. Дегенмен, олар елдің іргелі макроэкономикалық көрсеткіштерінің құбылмалылығын, қатаң монетарлық шарттарды (әлемдегі ең жоғары нақты мөлшерлемелердің бірімен) және елдегі бюджет дағдарысы туралы жалғасып жатқан пікірталастарды ескере отырып, тым оптимистік болып көрінеді.

Фото: pixabay.com.
Компанияны талдағысы келетін және оның қарыз алушы ретінде қаншалықты сенімді екенін түсінгісі келетін инвестор міндетті түрде несие рейтингіне сүйенеді. Негізінде мұндай рейтинг сараптамалық тәуекел көрсеткіші ретінде қызмет етеді. Мұндай көрсеткішті рейтингтік агенттіктер беретіні белгілі.
Әлемде рейтингтің бірыңғай жүйесі жоқ, бірақ критерийлер мен талдау әдістері тұтастай ұқсас болғандықтан, әдетте әр түрлі агенттіктердің бағалары да ұқсас деңгейде болады. Алайда Moody's рейтингінің бірқатар ерекшеліктері бар:
- Moody's өлшемінде S&P және Fitch бар D - «дефолт» санаты жоқ;
- кіші санаттарға бөлу үшін (1-3) цифрлар пайдаланылады. Ал S&P және Fitch - плюстер мен минустарды қолданады, деп атап өтті Бекнұр Қисықов..
Аталған агенттік әрбір ел үшін ықтимал кері әсерлерді де бағалайды. Мысалы Moody's біздің еліміз үшін кері әсерін тигізуі мүмкін факторлардың ішінде мұнай өндіру мен экспорт көлемінің айтарлықтай төмендеуін және мұнай бағасының төмендеуін атап өтеді. Сонымен қатар, институционалдық реформалардың бәсеңдеуі немесе минералдық ресурстар өндірісіндегі үзілістерге әкелуі мүмкін әлеуметтік толқулар да рейтингті немесе болжамды нашарлатуы мүмкін.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через