Алаяқтардан сақ болыңыздар!

Алаяқтардан сақ болыңыздар!
фото: pixabay.com

Еліміз азаматтарының барлығы телефон алаяқтары туралы естіген және олардың арбауына түспеу керек екенін білетін сияқты. Солай ма? Шын мәнінде олай емес. 2024 жылы  интернет-алаяқтар 11 765 адамды алдап, 18,2 миллиард теңгені иемденіп кеткен. Бұл деректі Ішкі істер министрлігі растады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің дені – қарттар, табысын тез арада арттырғысы келетіндер, қаржылық сауаттылығы төмен азаматтар.  Алматыда қалалық полиция қызметкерлері қарт адамдарға қатысты интернет-алаяқтық деректерінің көбейгенін хабарлады.

Алаяқтар қалғып отырғанжоқ, ақша алудың схемалары жетілдіріп, зейнеткерлерді ғана емес, тәжірибелі, қоғамдағы белсенді адамдарды  да қармаңына түсіріп жатыр. Ішкі істер министрлігінде ақшаны ғалымдар, дәрігерлер, компания басшылары, депутаттар, бұрынғы судьялар және т.б. аударған деген ақпарат бар.

Фото: pixabay.com.

 Алаяқтар көбінесе өздерін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырып, адамдарға маңызды арнайы іс-шара туралы хабарлайды. Олар жәбірленушіні өздерінің барлық талабын сөзсіз орындауға және бұл туралы ешкімге айтпауға мәжбүрлейді. Соның салдарынан қарт адамдар жинаған қаражатынан айырылып, тіпті алаяқтардың "нұсқауымен" несие рәсімдеп қоюы мүмкін. 

Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев әр азаматтың өз қарт туыстарын қорғап, оларға алаяқтардың қулықтары туралы үнемі ескертіп отыруы маңызды екенін атап өтті. 

Полиция келесі айлаларға назар аударуға шақырады: 

- Егер сізге құқық қорғау органынан, банктің қауіпсіздік қызметінен, ұялы байланыс операторынан немесе басқа мемлекеттік органдардан қоңырау шалып, SMS-кодтар немесе жеке ақпарат сұраса, әңгімені дереу тоқтатыңыз. Қоңырау шалушының нөмірін бұғаттап, жақын жердегі құқық қорғау органына хабарласыңыз; 

- Жеке мәліметтеріңізді, банк шотыңыздың деректерін ешкімге айтпаңыз. 

Есіңізде болсын: банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы құпия ақпарат сұрамайды; 

- Банк карталарыңызды бөгде адамдарға бермеңіз және жеке кәсіпкерлік куәлігіңізді (ЖК) жалға бермеңіз. Бұл құжаттарды заңсыз мақсатта пайдаланған жағдайда, сіз де қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін; 

- Егер өзін инвестициялық брокер ретінде таныстырған адам сізге қоңырау шалып, криптовалютаға немесе қор нарығына тиімді инвестиция салуды ұсынса, аса сақ болыңыз.