
фото: pixabay.com
Экономиканың көлеңкелі секторы елдің дамуына теріс әсер етеді, шағын және орта бизнестің өсуіне кедергі келтіре отырып, адал бәсекелестік деңгейін төмендетеді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді азайтады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 15%-ға дейін төмендетуге бағытталып отыр, бұл ЭЫДҰ-ның дамыған елдерінің деңгейіне сәйкес келеді.
2017 жылы бұл көрсеткіш 28,8% болса, 2023 жылы 17,5%-ға дейін төмендеген.

Фото: pixabay.com.
Дегенмен жүргізілген аудит нәтижелері осы бағыттағы мемлекет саясаты шараларының тиімділігін тежейтін бірқатар елеулі кемшіліктер бар екенін көрсетіп отыр. Мәселен, бүгінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыруға және басқа ведомстволардың іс-қимылын үйлестіруге жауапты мемлекеттік орган жоқ. Бұл функциялар бастапқыда Қаржылық мониторинг агенттігіне бекітілген, алайда кейіннен олар ҚМА-ның ережесінен алып тасталды. Нәтижесінде әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде шаралар қабылдайды, бірақ функционалды нақты бөлетін тұтас жүйе жоқ. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарларда барлық сала қамтылмаған және оларда формалды сипаттағы іс-шаралар кездеседі.
– Мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс істемейді. Кешенді жоспарлар көлеңкелі экономиканы төмендетуге жеткілікті деңгейде бағытталмаған. Іс-шаралар пысықталмаған, кейбіреулері іс жүзінде орындалмай бақылаудан алынады. Олардың көлеңкелі экономиканың төмендеуіне тигізетін әсеріне бағалау жүргізілмейді. Аудит елімізде жасырын айналым көлемі едәуір екенін көрсетті, - деп атап өтті Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов отырыс барысында.
Сондай-ақ есептеу санаттарының бірі бойынша тұрғын үйді жалға алу саласын да қамтитын «Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар» және «Өнер, ойын-сауық және демалыс» жіктеуіштері есепке алынбайды. Ал басқа санатта шағын сауда кәсіпорындары жөніндегі деректер тұтас емес, іріктеме әдіс арқылы жинала бастады, бұл бақыланбайтын экономиканы қамтудың төмендеуіне әкелді.

Фото pixabay.com.
Жүргізілген талдау негізінде мемлекеттік аудит көлеңкелі айналымға бейім тұрған тәуекелі жоғары бірқатар сала мен бағытты анықтады. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша Орталық Азияның үш елінің азаматтары Қазақстанда үш жыл ішінде 136 млрд теңге табыс тапқан. Алайда Ұлттық Банктің ақпараты бойынша осы уақыт ішінде олар өз елдеріне жалпы 1 трлн теңге аударған. Яғни, «көлеңкелі» тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер болу ықтималдығы жоғары. Аудит нәтижелері бойынша: барлығы 74 млрд теңге сомасына бюджеттің кіріс бөлігі бойынша жанама шығындар; 18 рәсімдік бұзушылық; 23 жүйелі кемшілік анықталды.
Жоғары аудиторлық палата барлық проблемалық мәселе бойынша қажетті ұсынымдар мен тапсырмаларды дайындады. Олар анықталған кемшіліктерді жоюға және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через