Шетелден шипа іздегендер

Шетелден шипа іздегендер
фото: https://pixabay.com/ru/

Шетелден өз бетінше ем іздейтін отандастарымыздың да қатары көбейіп барады. Шекара асатындардың кейбірі елімізден гөрі көрші елдерде медициналық қызметтің арзандығын алға тартса, енді бірі елімізден дертіне шипа таба алмаған соң еріксіз өзге елдің медициналық қызметіне жүгінетін көрінеді. Шетелге емделуге баратындардың арасында отандық дәрігерлердің біліктілігіне сенімсіздік танытатындар да аз емес. «Қазақстандықтар шет мемлекеттерде емделу үшін жылына 200 миллион доллар қаражат жұмсайды» деген болжам бар. Яғни, жыл сайын шамамен осынша ақша өзге елдің қазынасына құйылады деген сөз. Мамандардың айтуынша, қазақстандықтардың шетел медицинасына жұмсайтын қаржысы мен медициналық қызметіне жүгінетін елдерінің жыл сайын көлемі өсіп, географиясы кеңейе түсуде. Бұрын отандастарымыз Ресей, Беларусь, Германия елдеріне ем іздеп жиі барса, қазір Сингапур мен Корея, Қытай және Израильге көбірек сапарлайды. Тіпті, стоматологиялық қызметі арзанырақ болғандықтан, көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне баратындардың саны да өскен. Тістерін емдеп, жартысын ауыстырып, заманауи қондырғылар көмегімен бекітіп алған сондай бір отандасымыз: «Дәл осындай қызмет үшін өз елімізде жекеменшік клиника 800 мың теңге сұрады. Көрші елде барлығын 150 мың теңгеге жасаттым. Сапасы да жақсы, бағасы да көңілге қонымды», – дейді. Бүгінгі таңда Азия елдері арасынан медициналық туризм бойынша Қытай, Сингапур елдері көш бастап тұр. Сингапур медицинасы аймақтағы өзге мемлекеттерден әлдеқайда арзан болғандықтан, бұл елге шетелдік емделушілерден түсетін табыс көлемі артып келеді. Бұл елдегі медициналық қызметтер құны АҚШ пен Германиядан – 40, Ұлыбританиядан 60 пайызға арзан көрінеді. Сондай-ақ, Сингапурдағы клиникалар сапасы бойынша да әлемдегі үздіктер қатарында. Медициналық туризмнің орталығына айналған елде шетелдіктердің емделу үрдісін жеңілдететін құрылымдар қалыптасқан. Емделушілерге орнығу үшін арнайы орындар беру, басқа елдердегі аурухана мен дәрігерлер арасында байланыс орнатуды жүзеге асыратын және тұрмыстық мәселелерді шешуге көмек беретін аудармашы мен координатор дайындау ісі Сингапурда еш қиындық тудырмайтын көрінеді. Медициналық туризмнің дамуын жолға қойған біздің елімізде де осы мәселелер шешімін табуы керек. Негізінен, медициналық туризм тасқынында екі бағыт көрініс тапқан. Біріншісі, қызмет көрсету ақысы жоғары елдерден бағасы қолжетімді мемлекетке барып емделушілер. Екіншісі, медициналық көмек көрсету деңгейі төмен елдерден қызмет көрсету сапасы дамыған мемлекеттерге баратын азаматтар. Алғашқысына мысал ретінде Американы атауға болады. Онда медициналық тур бойынша сапар шегушілер саны 5 миллион адамға дейін өсіп, бұдан АҚШ миллиардтаған доллар табыс тауыпты. Ал екіншісіне бұрынғы кеңестік кеңістікте болған елдерді қосуымызға әбден болады. Соңғы жылдары өз еліндегі емдеу мекемелерінің шамасы жететін жай емдеу түрлерін де шетелден алуға әуестенушілер шоғыры қалыптаса бастады. Тіпті, шетелде босануды сәнге айналдырғандар туралы жиі естіп жүрміз. Олардың көп жағдайда көздейтіні сапалы әрі қолжетімді ем емес, басқа мақсат екені бүгінде жасырын болудан қалған.