фото: canva.com
"COVID-19 коронавирусына ұқсас
Ол "COVID-19 коронавирусына ұқсас симптомдарын туғызатын, шығу-тегі белгісіз вирустың ушыққанын және оның бүкіл ҚХР аумағын қамтығанын" жазды.
WeChat, Douyin, Weibo сияқты қытайлық әлеуметтік желілерде көбінесе, балалар ауруханаларының шектен тыс толып қалғаны туралы жазбалар, қысқа видеолар жарияланды. Бұл медұйымдарға безгек-қалтырау, қатты жөтел, тамақтың ауруы, әлсіздік және бас айналу сияқты симптомдары қатар байқалған қытайлық балалар жеткізіліп жатқан көрінеді.
Түрлі хабарламаларда жергілікті жұртшылық бірқатар жерде өңірлік төтенше жағдайлар жарияланғанын мәлім етті. Алайда бұған қатысты орталық үкімет ешқандай ресми мәлімдеме жасамады.
Үрейлі хабарламалар белең алды
Өз кезегінде сарапшылар 2019 жылдың соңында коронавирус пандемиясы басталғанда да осындай үрейлі хабарламалар қаптағанын, алайда оған бастапқыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, өзге елдердің үкіметтері де мән бермегеніне назар аудартты. Салдарынан, арада 4 ай өткенде, 2020 жылғы наурыздың соңында жаһандық пандемия жарияланды.
Батыстың ақпарат құралдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бүгінде Қытайда жаңа вирустың таралуы туралы мәліметті тексеруге тырысып жатқанын жеткізді.
Пациенттер пневмониядан, тыныс алу жеткіліксіздігінен зардап шегеді
Бұл ретте ақпарат агенттіктері Цзянсу провинциясы дәрігерлерінің біріне сілтеме жасады. Ол өз ауруханасына түскен науқастардан жаңа белгісіз вирустар табылғанын айтты. Аты-жөнін жасырған қытайлық медицина қызметкерінің түсіндіруінше, пациенттер пневмониядан, тыныс алу жеткіліксіздігінен зардап шегеді, бұл вирус коронавирустай тез жұғып, кең таралмағанымен, өлім-жітімі елеулі түрде жоғары.
Дәрігер өз қарауына түскен 30 сырқаттың алтауы мерт болғанын, үшеуі хәл үстінде жатқанын мәлім етті. Вирустың әсіресе, балалар, егде тартқан адамдар, созылмалы ауруы барлар үшін ерекше қауіпті екені атап өтілді. Демікпе-астма, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы сияқты дерті бар адамдар жоғары қауіп тобына жатуы мүмкін.
Дәл осы кезде әлемге қытайлық метапневмовирус (HMPV) та таралып жатыр. Оны жұқтырғандар әлемнің өзге елдері сыртында, Қазақстаннан, Ресейден, Әзербайжаннан да табылды. Осыған орай еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме жариялады. Ол жаһанға жайылып жатқан "метапневмовирустың" жіті респираторлық вирустық инфекцияларға жататынын нақтылады.
Адам метапневмовирусы
"Адам метапневмовирусы – көптеген елдерде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустардың бірі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустар бойынша 8 360 үлгі зерттелген", – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.
Зерттеу қорытындысында 1 866 (22%) сынама оң нәтиже көрсетіпті.
Соның ішінде 30 (1,6%) адамнан метапневмовирус анықталды. Қалғанына келсек, соңғы үш айда коронавирусты – 206 адам (11,1%), паратұмауды – 178 (9,5%), РС вирусын – 433 (23,2%), риновирусты – 680 (36,4%), бокавирусты – 113 (6,1%), аденовирусты – 226 (12,1%) адам жұқтырған болып шықты.
ДСМ-нің түсіндіруінше, бүгінде әлемге таралып жатқан метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және аз жағдайда – тұрмыстық байланыс арқылы беріледі.
Министрлік оның нақты емі жоқтығын мойындады. Сондықтан науқастарға симптоматикалық емдеу қолданылады. Дәрігерлер "ем қонар" деп тек үміттенеді, құлан-таза айығады деп кепілдік бермейді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда, бүкіл әлем сияқты, ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркелуде. Эпидемиологиялық маусымның басынан, яғни, 2024 жылдың 1 қазанынан республикада ЖРВИ-ді 2 002 335 адам жұқтырған. Мұнда зертханалық расталған тұмаудың 941 жағдайы, оның ішінде А(H1N1) типті тұмаудың 910 жағдайы, А(H3N2) – 1 жағдайы, В тұмауының – 30 жағдайы тіркелді.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде
Ақ халаттылар Қытайдан тарап жатқан белгісіз вирустарды жұқтырып, жоқ емін іздегенше, оған шалдықпаудың жолын алдын ала іздеген ләзім дейді. Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде халықты профилактика шараларын сақтауға және халық көп жиналатын жерлерде контактілерді, мысалы, қол алысып, құшақтасуды шектеуге шақырды. Бұдан әсіресе созылмалы аурулары бар ең осал пациенттер бірінші кезекте аулақ болғаны абзал.
ДСМ мәліметінше, тұмау мен ЖРВИ-дың және басқа вирустардың профилактикалық шаралары келесідей:
адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды, мысалы, бір бөлмеде көп адамның жиналуын шектеу;
үй-жайларды үнемі желдету;
қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану;
ауру адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету;
тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (балабақшаларға, мектептерге, т.б.) жібермеу.
ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.
Демек, індет өрши берсе, таяу уақытта Қазақстанда енді метапневмовируске байланысты мектептер карантинге жабылып, оқушылардың қашықтан оқуын жоққа шығаруға болмайды.
Қытайлық жаңа вирустың кең тарала бастауы солтүстік көрші жұртының да зәресін ұшырды. РФ ғылым академиясының академигі, И.Мечников атындағы Вакциналар мен ішірткілер ҒЗИ ғылыми жетекшісі Виталий Зверев қытайлық метапневмовирустің несімен қатерлі екенін айтып берді.
"Бұл вирусты жаңа деуге болмайды, ол бұрыннан болған. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) арасында бұл вирустың үлесі кейбір бағалау бойынша бұрын 0,1%, кейде – 1%-ды құраған. Енді күш ала бастағаны байқалады. Метапневмовирус бірінші кезекте жасы бірге толмаған бөбектер үшін қауіпті. Өйткені оларда бұл вирус пневмониямен бірге жүруі мүмкін. Созылмалы аурулары бар шау тартқан адамдарға да ауырға түседі. Тағы бір қиыны – метапневмовирусқа қарсы вакцина, дәрі жоқ, тек симптоматикалық емдеу, ауру белгілерімен күресу ғана қалады", – деді академик.
Вирус тез тарала бастады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайда қалыптағыдан тыс індеттердің тез тарала бастауына қатысты түсініктеме жариялады.
"ҚХР-да байқалып отырған респираторлық патогендердің саны қысқы уақытта солтүстік жартышарда осы маусым үшін күтілетін шаманың шегінен асып кете қойған жоқ. Бұған қоса, Қытайда тұмау – барынша жиі анықталатын респираторлы патоген саналады. ДДСҰ Қытайдың денсаулық сақтау саласының ресми тұлғаларымен байланыста. Олардан әзірше қалыптан тыс, жұмбақ індет ошақтары туралы ешқандай хабарлама алған жоқпыз", – делінген ДДСҰ хабарламасында.
Ал, Қытай билігі ДДСҰ-ға елдің денсаулық сақтау жүйесі шектен тыс жүктелмегенін, ешқандай шұғыл немесе жауап шара қабылданып жатпағанын хабарлады. Коронавирус кезіндегі сияқты бұл жолы да осы ел індеттің өршігенін растаудан бойын ала қашты.
ҚХР денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комитетінің ресми өкілі Ху Цянцян "суық түсуіне байланысты" бүкіл Қытайда халықтың тұмау, пневмония сияқты жіті респираторлық жұқпалы аурулармен көп ауыратын кезеңі басталғанын мәлім етті. Ол қытайларға вакцинациялаудан уақытылы өтуге, жеке қорғаныш шараларын қабылдауға, үнемі қол жууға, бөлмені желдетуге, саламатты өмір салтын ұстануға кеңес берді.
Дегенмен, халықаралық ақпарат құралдары Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы тұмауға ұқсас әлдебір аурулардың таралуы қарқынды түрде өсіп келе жатқанын мойындағанын жазды. Оның дерегінше, мысалы, метапневмовирус таралуы жөнінен шың елінде тұмаудан кейінгі екінші орынға шықты.
Бұған қоса, науқастардың саны апта сайын өскені байқалады. Бірақ Бейжің ресми жарияламағандықтан, бұл жұқпалы індеттің жайылуының шынайы масштабтары белгісіз қалып отыр.
Адамның метапневмовирусы (HMPV) – жас саналады. Оны ғалымдар тек ХХІ ғасырда, 2001 жылы тапты және респираторлық-синцитиалды вирустардың тобына жатқыза салды. Бірақ ол туралы зерттеулер аз.
Вирус адамға жөтелу мен түшкіру арқылы беріледі
Өзге вирустар сияқты HMPV та әдетте адамнан адамға жөтелу немесе түшкіру кезінде шашылатын ұсақ тамшымен беріледі. Сондай-ақ ауру адамның құшақтауы, сүюі кезінде де жұғады.
Бұдан бөлек, зерттеушілер оның мутациялана келе, вирус қонған заттар мен беткіқабаттарға адамның жалаң денесі тигенде де жұға алатынын әшкереледі. Вирус жатқан жерді қолымен ұстаған адам артынша қолын аузына, мұрнына не көзіне тигізсе метапневмовирусқа шалдығуы мүмкін.
Қытайлық бұл инфекцияның негізгі симптом-белгілері: жөтел, мұрыннан су ағу, мұрынның бітелуі, ентігу, тырысу, бас ауруы. Кейбір жағдайда сырқаттардың ентігуі (одышка) бронхитке немесе тіпті пневмонияға дейін ушығуы мүмкін.
Одан қалай қорғану керектігі әлгінде ҚР Денсауминінің рекомендациясында айтылды. Жалпы, адамзат пандемия кезінде Covid-19 жұқтырудан қалай қорғанса, HMPV-ден де сондай тәсілмен сақтана алады. Яғни, қолды сабынмен дұрыстап жуу, лас қолмен бетті ұстамау, жөтелген, науқастанған адамдардың жанына жоламау.
Сондай-ақ қалаларымызда қайтадан маска таққан адамдар саны жиі кездесе бастады. Қарапайым бетперденің вирустан толыққанды қорғайтыны ақыры дәлелденбеді, әйтсе де, ақ халаттылар тұмау маусымында оның да артық болмайтынын айтады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через