Өзіңізде депрессия барын қалай білуге болады

Өзіңізде депрессия барын қалай білуге болады
фото: https://pixabay.com/ru/users/abbat

       Психологтың айтуынша, адамда депрессия екенін төрт түрлі белгіге қарап білуге болады.

       Депрессия дегеніміз – адамның бұрыннан бері жасап жүрген іс-әрекеттерден, өмірде болып жатқан оқиғалардан ләззат ала алмауы, күш-қуатының толықтай сарқылуы және үнемі мұңайып жүруімен сипатталатын күйі. Барлық адамның өмірінде қайғыратын кезі болады және осы күйден ертелі-кеш арылады. Ал депрессия кезінде адамның ұзақ уақыт көңіл-күйі түсіп, өмір сүруге еш құлшынысы болмайды. Осының себебінен өмір сапасы нашарлап, қоғамнан қол үзеді. 

       Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетінде 300 млн адам депрессияға шалдыққан. Оған барлық жастағылар шалдығады, алайда бәрінен көп ересек азаматтар бейім келеді. Депрессия адамның денсаулығына ғана емес, оқуына, жұмысына, жақын адамдармен қарым-қатынасына және қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді. Оған бей-жай қарауға болмайды, себебі ақырында суицидке алып келуі мүмкін. 

       Депрессияның себебі мен белгілері қандай?

       Осы орайда психоаналитик Жанар Оспан депрессияның пайда болу себебі, белгілері және одан арылу жолдары туралы әңгімеледі. 

"Депрессиядан емделу үшін күйзеліс пен эмоцияға төтеп беру маңызды. Бұл үшін күнделікті өмірде не нәрсе күйзеліске түсіріп жатқанын анықтап аламыз. Кейін медитация, тыныс алу секілді күйзеліс деңгейін төмендететін техникаларды үйренеміз. Сондай-ақ сезімді экологиялық түрде жеткізу тәсілдерін меңгереміз. Отбасы мен достардың қолдауы, бұрынғыдай немесе жаңа хоббимен айналысу, терапиялық топтарға қатысу да адамның ел қатарына қосылуына үлкен көмегін тигізеді", – деп түсіндірді Жанар Оспан. 

Психоаналитиктің айтуынша, ішкі жан-дүниемен қатар тәнге де мән беру маңызды.

Мысалы:

ішімдік, темекі және анашадан бас тарту;
күнделікті 7-9 сағат ұйықтау;
тұрақты түрде спортпен шұғылдану (кез келген жеңіл түрімен айналысуға болады);
дәрумен мен минералдарға бай тағамдар жеу.

"Осындай қарапайым өзгерістер расымен де депрессиядан арылуға көп көмегін тигізеді. Дегенмен депрессия белгілері ұзақ уақыт бойы кетпегенін байқасаңыз, көпке созбай психолог маманға жолығыңыз. Депрессияның белгілерін физикалық, эмоциялық, когнитивті және іс-әрекетпен көрініс табатын деп төртке бөлуге болады", – деді психолог. 

Физикалық белгілері:

адам әрдайым шаршап жүреді, мүлдем энергиясы болмайды;
көп ұйықтайды немесе мүлдем ұйқысы келмейді;
салмағы өзгереді, тәбеті қатты ашылады немесе мүлдем тамақ жегісі келмейді;
басы мен бұлшық еті ауырады;
іші қатады.

Эмоциялық белгілері:

әрдайым көңіл-күйі түсіп жүреді;
үнемі өзін кінәлі сезініп, өзіне берер бағасы төмендейді;
ашуланшақ болып кетеді;
өмірде ешнәрсеге қызықпайтын болады. 

Когнитив белгілер:

ойын бір арнаға жинақтай алмайды;
есте сақтау қабілеті қатты нашарлайды;
баяу ойлайды;
әр нәрсенің теріс жағын ғана ойлайды.

Адамның іс-әрекетінен білінетін белгілер:

қоғамнан алшақтайды, адамдардан сөйлесуден қашады;
мүлдем тазалық сақтамайды;
ұйқысы мен тамақтану тәртібі бұзылады;
психоактив заттарды мөлшерден тыс тұтынады.

https://informburo.kz/kaz