
фото: pixabay.com
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында орташа жалақының сомасы бойынша көш бастап тұр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ranking.kz мәліметіне қарағанда, ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті жариялаған салыстырмалы мәліметтерге сәйкес, былтырғы қыркүйек айында елдегі орташа номиналды жалақы 817,2 долларды құрады, бұл көрсеткіш Өзбекстандағы (437,8 доллар) немесе Қырғызстандағыдан (411,2 доллар) екі есе шамасында артық. Тәжікстан Қазақстаннан одан да көп артта қалды – осы елдегі жалақы 3,4 есеге аз (242,8 доллар). Бір жыл ішінде Орталық Азияның оңтүстік-шығысындағы осы мемлекетте орын алған елеулі өсім болмаса, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы алшақтық бұдан да жоғары деңгейде қалыптасуы мүмкін еді.
Дереккөзге сәйкес, Тәжікстанда 2024 жылдың қыркүйегінде номиналды жалақы жылдық мәнде 24,9 пайызға, нақты жалақы 21,1 пайызға өсті. Бұл өңірдегі ең жоғары жалақы индексі деп атап өтуге болады.
Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда динамика біршама қарапайым болды. Түрікменстандағы ресми номиналды жалақы туралы дәл қазіргі деректер жоқ. Түрікменстанның Мемлекеттік статистика комитетінің сайтында мұндай ақпарат соңғы рет 2023 жылы жаңартылған.
Диаграмма: ranking.kz
Қазақстанда ең төменгі жалақы да жоғары. 2024 жылы 85 мың теңге, яғни 181,1 доллар болған.
Орталық Азия өңірінің басқа елдерінде бұл көрсеткіштер айтарлықтай төмен болды: Өзбекстанда – 89,4 доллар, Тәжікстанда – 54,9 доллар, Қырғызстанда – 28,3 доллар.
Түрікменстандағы ең төменгі жалақы доллармен есептегенде жоғары болып көрінуі мүмкін (402,9 доллар). Дегенмен, бұл ақпаратты бір мәнді жариялауға келмейді. 1410 манатты құрайтын ең төменгі жалақыны айырбастау Түрікменстанның Ұлттық банкі ұсынған ресми доллар бағамы бойынша жүргізілген. Бұл дереккөзге сәйкес, осы елдегі 1 АҚШ доллары бес жылдан астам уақыт бойы 3,5 түрікмен манатына тең болды. Алайда, көптеген сарапшылардың сұхбаттарына қарағанда, Түрікменстан ішінде манатты бұл бағаммен ауыстыру іс жүзінде мүмкін емес. Бұл елдегі валютаны сатып алу және сату операциялары «көлекелі нарықтағы» бағаммен жүзеге асырылады.
Инфографика: ranking.kz
Ұлттық статистика ведомстволарының статистикалық есептеріне сүйене отырып, ranking.kz Орталық Азия елдеріндегі экономиканың әртүрлі салаларындағы номиналды жалақыны салыстырды. Мәліметтер орташа жалақы төмен немесе жоғары болатын экономикалық қызмет түрлерін анықтауға мүмкіндік берді. Бұл тұрғыда жекелеген салалардағы табыстар салыстырылды.
Жалпы, Орталық Азияның төрт еліндегі ең жоғары номиналды жалақы қаржы және сақтандыру секторларында байқалды.
Бұл ретте елдер арасындағы көрсеткіштердің айырмашылығына тоқталсақ, Қазақстанда қаржыгерлер мен сақтандырушылардың жалақысы 1,7 мың доллардан асқан, яғни Тәжікстандағыдан (561,9 доллар) үш есе көп.
Қазақстанда қаржы және тау-кен өнеркәсібі ең жоғары жалақы алатын салалар ретінде белгілі. Тәжікстанда қаржы секторы компанияларының қызметкерлерінен басқа, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету кәсіпорындарының қызметкерлері жақсы табысқа кенелген. Өзбекстанда қаржы және IT-салада жоғары (1 мың доллардан астам) жалақы тіркелген. Осындай үрдіс Қырғызстанда да байқалды.
Фото: ranking.kz
Атап айтқанда, Орталық Азия елдерінде азаматтардың жалақысы ең төмен болған секторлар ішінара ұқсас келеді. Білім және денсаулық сақтау, агроөнеркәсіптік кешен және коммуналдық сала төмен жалақымен сипатталады.
Орталық Азия елдері азаматтары табысының сатып алу қабілетіне жалақы мөлшері де, инфляция деңгейі де қатты әсер етеді.
ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитетінің есептеріне қарағанда, бағаның ең жоғары өсу қарқыны өңірдің экономикалық дамыған елдері – Қазақстан мен Өзбекстанда байқалды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через