фото: pixabay.com
Соңғы кездері жол жүру ережесін бұзған автокөлік иелеріне айыппұлдар кешіктіріліп келіп жатыр.
Бұған жүргізушілердің дені наразы. Олардың пайымдауынша мемлекеттік мекемелер айыппұлды саналы түрде кешіктіріп жіберіп жатқан көрінеді. Бұрындары бақылау камерасына түсіп қалған заң бұзушылық туралы хабарлама телефонға 1 сағат көлемінде түсетін. Қазір 1.5-2 айға дейін кешіктіріледі екен. Мұның себебін білу үшін Алматы қалалық ПД-не хат жолдаған едік.
ПД-нің түсініктемесі
Жыл басынан бері автоматты тіркеу жүйесі Алматы жолдарында 3,8 миллион жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтаған.
Сонымен қатар, ӘҚбК-нің нормаларына сәйкес, әкімшілік іс қозғаудың ескіру мерзімі құқық бұзушылық жасалған күннен бастап 2 айды құрайтынын атап өтеміз.
Осылайша, егер адамға 2 ай ішінде айыппұлдың бар екендігі туралы тиісті түрде хабарланса, айыппұлды төлеу қажеттілігі туралы алынған бұйрық міндетті түрде орындалуы тиіс.
Азаматтар көрсетілген мерзім өткеннен кейін көшедегі камераға түсіп қалған айыппұлдар туралы хабарлама алса және бұған келіспесе, онда олар Алматы қалалық ПД-не шағымдануға құқылы.
Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі
Автожүргізушілердің көкейіндегі сұрақтарды және жалпы айыппұлға қатысты ескертулерді біле жүрейік деп Заң кеңесшісі, “Астана заңгерлер палатасының” мүшесі Жәмила Өтегенқызына да хабарласқан едік.
Көлік жүргізуші ереже бұзғаны жайлы хабарламаны қанша уақытта алуы керек?
Айыппұл туралы хабарлама 2 ай ішінде жіберілу керек. Егер бұл уақыттан кешігіп жетсе, “е-өтініш” арқылы қалалық Полиция Департаментіне келіспейтін деректерді алға тартып, не себепті аталған жағдай орын алғаны жайлы (көлік апаты орын алса, не алдыңғы жақта көлік бұзылып тоқтап қалса, басқа да обьективті жайттар) көрсетіп шағым беруіңізге болады.
Қазақстанда бір жүргізушіне қанша рет айыппұл салынады?
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 484-бабы - көлік құралдарын жүргізуші жеке тұлғалардың жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзуы, яғни бір жыл ішінде үш және одан да көп құқық бұзушылық жасау - жеке тұлғаларды алты ай мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады...
Қазақстанда айыппұл қашан күшін жояды?
"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 890-бабының 1-тармағына сәйкес, егер ол заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде орындалмаса, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы күшін жояды.
Қазақстандағы ең үлкен айыппұл көлемі қандай?
ӘҚБтК-нің 44-бабында әкімшілік айыппұл салу шегі көзделген. Жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерi екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс.
Қазақстанда жол-көлік қауіпсіздігін сақтамауы салдарынан айыппұл арқалаған жүргізушілер көп. Себебі 2024 жылы салынған барлық әкімшілік айыппұлдардың 85,4% соларға тиесілі болды (ІІМ желісі бойынша тіркелген 159,6 млрд теңгенің 136,3 млрд теңгесі автокөлік жүргізушілерге тиесілі).
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через