фото: pixabay.com
Биыл елімізде мобильді ақша аударымдарын бақылау күшейтіледі. Енді Кәсіпкерлікпен заң жүзінде тіркелмей айналысатын жеке тұлғалар айыппұл арқалайды, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы.
Мемлекеттік кірістер комитеті заңсыз кәсіпкерлік қызмет және кірісті жасырумен күресу үшін қандай шараларды қолға алмақ. Мобильді аударымдар қалай бақыланадаы? 255 мың теңгеден артық ақша аударымын алғандар не істейді?
Осы және көптің көкейінде жүрген сұрақтарға Қаржы Министрлігі Жеке тұлғалардың кірісін әкімшелендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы жауап береді.
Мобильді аударымдарды бақылау не үшін керек?
Біздің мақсатымыз мобильдік аударымдарды кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын тұлғаларды анықтап, олардың таабыстарын әкімшелендіру. Оның арнайы өлшемшарты белгіленген. Бір адамға 100 немесе одан көп тұлғадан үш ай қатарынан ақша түссе, ол салық төлеуі тиіс. Бұл жерде әңгіме 100 аударым туралы емес. 00 тұлғадан ақша аударылса ғана назарға ілігеді. Ал жеке тұлғалардың, олардың туыстары арасындағы ақша аударымдарына шектеу қарастырылмаған.
Ай сайын 100 түрлі тұлғадан ақша түссе...
Нақтырақ айтатын болсақ, бір телефон нөміріне бір айда 100 немесе одан көп тұлғадан ақша түссе, және бұл 3 ай бойы қатарынан қайталанса, яғни, қаңтар айында 100 түрлі тұлғадан, ақпан айында 100 тұлғадан және наурыз айында 100 түрлі тұлғадан қаражат түссе бұл жерде кәсіпкерліктің нышаны бар деген сөз. Осыдан кейін ғана аталған тұлғаның атына түсіп жатқан қаражат салықтық бақылауға алынады.
Фото: pixabay.com.
Өлшемшарт көлемі нақты белгіленген бе?
Өлшемшарттың нақты көлемі әлі анықталған жоқ. Дегенмен, Мемлекеттік кірістер комитеті шек қоюды жөн санап отыр. Бұл шек кәсіпкерлік кодексіне байланысты. Осы кодекс бойынша, 12 еселенген ең төменгі жалақы тапқан тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Осы шектен аспас үшін өлшерт көлемін енгізуді қарастырып жатырмыз.
Әзірге 255 мың теңге өлшемшарт көлемі белгіленді. Өйткені ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болса, соның 3 еселенген мөлшері 255 мың теңгеге тең.
Бірақ бір адамның аударымы 255 мың теңгеден асып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде 100 түрлі тұлғадан түсетін ақша аударымдары қадағаланады. Бұл жерде 100 түрлі тұлғадан болғандықтан, сома маңызды емес. 255 мың теңгеден асса да, аспаса да, қиындық туындамайды.
255 мың теңге қайдан шықты?
Бізде Кәсіпкерлік кодексі бар. Кодекс бойынша бір жыл көлемінде 12 еселенген ең төменгі жалақы көлемінде адамдар дара кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пайда таба алады. Яғни осы норманы аттап кетпеу мақсатында, біз 255 мың теңге деген меже қоюды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл норма Ұлттық банкпен келісіліп жатыр. Ол әлі қолданыста жоқ. Бірақ бұл норма енгізілсе де, 100 түрлі тұлға деген негізгі өлшемшарт сақталады.
Туыс адамдар арасындағы ақша аударымдары қалай қадағаланады?
Ағайын-туыс, бауырлар арасындағы ақша аударымдары бұрынғыдай жалғаса береді. Өйткені, туыс адамдар өз қаражатын бір-біріне пайдалануға, қарызға беретіні қалыпты жағдай. Түсінеміз, қазақ халқында той, ас жиі болып тұрады. Мұндай жиынға барғандар дастархан иесіне міндетті түрде көмек ретінде ақша береді. Қазір мұның басым бөлігі мобильді аударым арқылы атқарылып жатқаны белгілі. Сіз той жасайсыз, сол кезде сіздің атыңызға 100 емес 200 адамнан ақша түсуі мүмкін. Бірақ сіз ай сайын той істей бермейсіз ғой. Сондықтан жаңа ереже тек кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларға қатысты.
Биылдан бастап банктер қандай ақпарат ұсынады?
Мобильді аударымдарды бақылау заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.
Биылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлердің, заңды тұлғалар басшыларының және олардың жұбайларының 2024 жылға жасаған аударымдары туралы ақпаратты ұсынады.
Бұл шара жасырын кірістерді және тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Өйткені көптеген кәсіпкер тауарлар сатқаны, жұмыстар атқарғаны, басқа да қызметтері үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы алады.
Егер кәсіпкер бұл талапты орындамаса. Яғни, 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көп тұлғадан тұрақты түрде ақша алып, бірақ салық есебін өткізбесе, салық басқармасы хабарлама жолдайды. Мұнан кейін әлгі тұлға салық талабына сәйкес белгілі бір сома көлемінде салық төлеуге тиіс.
Егер жеке тұлға біздің хабарламамызбен келіспесе, онда түсініктеме береді. Бұл жерде мамандар бірдан айыппұл арқалатпай, алғаш рет, көбінесе тек ескертумен шектеледі. Ал ережені бұзғандар 15 АЕК (58 980 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Айта кетсек, 2025 жылы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК – 3 932 теңге болды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через