фото: Александр Павский/Kazinform
Алматының төменгі бөлігіне ауаны түтіннен, ыстан және улы заттардан тазалайтын арнайы бес құрылғы орнатылды. Жоба авторы, өнертапқыш Алтай Айнабек Кazinform тілшісіне жүйенің қалай жұмыс істейтінін айтып берді.
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу Дабиде тіркелген климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы, инженер Алтай Айнабектің айтуынша, климаттық технология — әлемде енді қарқын алып келе жатқан сала.
Фото: Александр Павский/Kazinform
— Сол бағытта біз де жұмысымызды бастадық. Яғни, климаттық технологияны пайдалану арқылы Алматыны түтіннен тазалағымыз келеді. Бұл - жаңбыр шақыру, ластану деңгейін төмендету және ауаны жақсарту технологиясының бір ғана режимі. Технология жаңа болғандықтан ғылымға басқа жол арқылы келейік деп ұйғардық. Яғни, технологияның жұмыс нәтижесін көрсетуді мақсат еттік. Қағаз күйінде емес, іс жүзінде дәлелдегіміз келеді, — дейді ол.
Спикер Алматыны неге қара түтін басып тұратынын түсіндірді.
Таудан түсетін фён деп аталатын жылы ауа, инверсиялық қабат бар. Мегаполистің үстінде көрінбейтін үлкен температуралық қақпақ тұр. Таудан келетін ауа жылы болады, қаладан жоғары көтерілетін ауа қақпақтан өте алмайды. Ал, онда түтін, зиянды шығарындылар жиналып қалады. Олар ешқайда кетпей, ауада жүреді, — деп атап өтті өнертапқыш.
Алтай Айнабек ауа тазартатын құрылғының ерекшелігіне де тоқталды. Айтуынша, аппарат желтоқсан айында іске қосылған.
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform
— Климаттық технологияның бір жүйесі — қолдан жел жасау. Иондық жел тұрғызу арқылы жоғарыдағы түтінді ыдырату немесе қаладан алысқа қарай ұшырып тастауға болады. Құрылғы теріс ағымды ион шығарып, жабық кеңістікте жел пайда болады. Сынақ ретінде мегаполистің төменгі бөлігінде бес құрылғыны іске қостық. Нәтижие жаман емес. Біз желтоқсан айын таңдадық, өйткені осы кезеңде инверсиялық қабатты көзбен көруге болды. Яғни, алғашқы нәтижені алдық. Арнайы зертхананы жалдадық. Бір сағаттың ішінде қондырғы қосылған жерде ауа сапасы үш есе жақсарды, — дейді ол.
Алтай Айнабек әлгі технология Алматы қаласына ұзақ қызмет етуі үшін мәслихатқа хат жолдап жатқанын тілге тиек етті. Өйткені қаланың ауасын тазартуға осындай 25 аппарат керек.
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform
Айтуынша, жел шақыратын бір құрылғының құны — 25 мың доллар.
Еске салайық, Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында шаһарда экологиялық тепе-теңдікті тұрақты сақтау үшін қалалық экожүйені біріктіріп, биоәртүрлілікті қамтамасыз ететін қаланың тұрақты «экологиялық» қаңқасы жасалатыны айтылған.
Бас жоспарды тақылау барысында сарапшы Айнұр Сарбаева, құжатта жаңа рекреациялық аймақтар мен қаланы тау бөктерінен ойпаттарға дейін кесіп өтетін және қаланың табиғи желденуіне жағдай жасайтын «жасыл» өзен дәлізі кіретінін атап өткен болатын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через