Есептеу құралдары жоқ алматылықтарға суды қолдану нормалары өзгерді

Есептеу құралдары жоқ алматылықтарға суды қолдану нормалары өзгерді
фото: pixabay.com

«Алматы су» мекемесінің хабарлауынша, бұл нормалар 1989 жылдан бері алғаш рет өзгерді, деп хабарлады kaz.inform.kz.

Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан бастап суды және кәрізді есептеу үшін жаңа мөлшерлемелер енгізілді. Есептеу құралдары орнатылмаған үйлердің тұрғындары үшін төлем мына нормалар бойынша есептеледі: 

– Әр тіркелген адамға айына 15 текше метр су тұтыну қарастырылған. Іс жүзіндегі тариф бойынша төлем 2 217,60 теңге;

– Егер орталықтандырылған кәріз жүйесі болса, әр адамға қосымша 687,96 теңге алынады.

Фото pixabay.com.

1989 жылдан бері қолданылып келген бұрынғы нормалар айтарлықтай төмен болатын: жеке үйлер үшін бір адамға айына 3-6 текше метр, пәтерлер үшін – 8,4 текше метр. Бұл ескірген нормалар тұтынушыларды есептегіш құралдарын орнатуға немесе суды үнемдеуге ынталандырмады. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта тек 65% тұрғын үйлер су есептегіштерімен жабдықталған, – деп атап өтті «Алматы су» МКК.

Алматы су мамандарының айтуынша, бұрын жеке үйлер орталық коммуникацияларға қосылмаған болатын. Қазір қабылданған шаралардың арқасында жеке сектор белсенді түрде қаланың инженерлік жүйелеріне қосылып жатыр. Сонымен бірге, заманауи үйлерде бірнеше санитарлық тораптардың, монша, сауна және бассейндердің болуына байланысты су тұтыну көлемі өсті. 

Фото pixabay.com.

Суық сумен жабдықтау және кәріз қызметтері бойынша қолданыстағы тарифтермен, сондай-ақ су есептегіш құралдары жоқ тұтынушыларға арналған төлемдер мөлшерімен «Алматы Су» МКК-ның ресми сайтында (almatysu.kz) танысуға болады.