
фото: pixabay.com
Қазақстандық ет Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және Араб әлемі елдерінде үлкен сұранысқа ие, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында біздің елден шетелге 27,5 мың тоннаға жуық өнім жөнелтілген. Экспорттың негізгі көлемі ТМД-ға тиесілі - бұл жалпы мөлшердің 96%. Еттің қалған бөлігі Иран, БАӘ, Катар, Кувейт және Сауд Арабиясына сатылды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда мұнда жеткізілімдер 2 еседен астам ұлғайған.
Экспорт көлемі артқаннан болар, өз елімізде сиыр еті екі ай ішінде 25-30 пайызға қымбаттады.
«Сапалы Қазақстан» порталының тілшісі ет бағасын білу үшін қаладағы үлкен сауда кешені, «Алтын орда» орталығына барған еді.
Базардағы баға мынадай:
Сиыр еті - 3300-3400
Жылқы еті - 3300-3400
Қой еті - 2700-2800.
Тауық еті – 2700-2800
Алматыда картоптың бағасы 100% өсіп кетті
Фото Сапалы Қазақстан
Ал картоп бағасы 100% қымбаттаған. Бұрын 200 теңге тұрған павлодарлық өнім қазір 400 теңгеден сатылып жатыр. Қаладағы үлкен супермаркеттерде 430 теңгеден сатылып жатыр. Қазақстанда картоп қымбаттаған соң Қытай картобы жеткізіліп жатыр. Оның бағасы Алтын орда сауда кешенінде сатып алушыларға 370 теңгеден ұсынылып жатыр.
Бүгін Ауыл шаруашылығы Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова Үкіметте картоп бағасының кенеттен қымбаттауы жөнінде пікір білдірді, деп жазды kaz.inform.kz.
− Бағаның көтерілуі немесе түсуі тенденциясы тұрақты бақылауда. Соңғы үш күннің өзінде бағаның төмендеу фактілерін көріп отырмыз. Астана бойынша картоп кеше 433 теңге болса, бүгін 280 теңге. Магнум мен көтерме сауда орталықтарындағы жедел ақпарат та бізде бар. Алдағы 2-3 күнде бұл Қазақстан бойынша бағаға әсер етіп, келесі аптада тұрақты баға орнайды деп сенеміз, − деді Н. Хатепова Үкімет кулуарында.
Бұл ретте картоптың шаруалардан сатып алынатын өзіндік құны – 170-180 теңге.
− Сыртқы нарықта картопқа сұраныс өте жоғары. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жақсы. Өйткені өз өнімдерін тиімді бағада сата алады. Алайда баға ішкі факторға әсерін тигізіп отыр. Яғни сыртқы нарықта жоғары сұраныс болғандықтан ішкі бағада көтеріліп кетті. Бұл мәселені тұрақтандыру үшін картоп экспортына тыйым салынды, - деп түсіндірді Н. Хатепова.
Алматыда сиыр еті 25-30 пайызға қымбаттады
Фото Сапалы Қазақстан
«Сапалы Қазақстан» порталының тілшісі «Алтын орда» сауда кешенінде 4 жылдан бері сауда жасап жүрген Бақытгүл Сәулебайқызын сөзге тартқан еді.
- Сатып отырған сиыр етінің бағасы қашан қымбаттады?
Екі айдан бері еттің бағасы күнде қымбаттап жатыр. Алғашқыда күніне шамамен 50 теңгеден қосылатын, кейін 100 теңгеге қымбаттап отырды. Қазір "Алтын орда" базарында еттің бағасы 3300-3400 теңге. Екі ай бұрын 2600-2800 теңге болатын. Орталықтағы дүкендерде баға мұнан да қымбат. Қазір қала ішіндегі кейбір базарларда бұрын 3500 теңге тұрған сиыр еті қазір 4000 мың теңгеден сатылып жатыр.
- Етті қай жақтан аласыздар?
Етті бұрын Түркістан облысынан алатынбыз, кейін Қордайдан жеткізілетін болды. Қазір Талдықорған жақтан тасымалданып жатыр. Біз тек Қазақстандағы малдардың етін сатамыз. Ал шетелден жеткізілетін еттерді сата алмаймыз. Олар елге мұздатылған күйінде жеткізіледі. Еріген соң былжырап түрін де, сапасын да жоғалтады. Сондықтан мұндай импортталған етті көбінесе мейрамхана, асханалар алады деп естимін.
- Неліктен еттің бағасы қымбаттап кетті деп ойлайсыз?
Себебі ет аз. Көбісі экспортқа жөнелтіліп жатыр. Түркістан, Шымкент, Қордайдың етін негізінен Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары әкетіп жатыр. Бұрын ет бізге Қырғызстаннан жеткізілетін, қазір керісінше олар Қазақстаннан импорттап жатыр. Егер осы қарқынмен кете берсе, көктемге таман ет азайып кетуі мүмкін. Ол кезде еттің бағасы онан сайын шарықтай түседі. Жеткізушілер Семей жақтан да тасымалдайтын, қазір соның өзі қиын соғып тұрған көрінеді.
- Сатып алушылар баға туралы не айтып жатыр?
Бәрі наразы. «Неге етті сонша қымбат сатасыңдар?» деп бізге ренжиді. Біз өзіміз қымбатқа алып отырғанымызды, қазір Алматыға келетін ет көлемі азайғанын айтып, ақталуға тырысамыз. Біреулер түсіністік танытады, екіншілері сенбей кетеді. Тіпті кейбір адамдар мазақтап, бізге ұрысып кетеді. Сондықтан бір келі ет сату үшін көп сөйлеуге тура келеді. Соларға түсіндіріп айтамыз деп шаршап та қаламыз. Қазір сатушылар азайған. Бұрынғыдай сауда жоқ. Сондықтан етті аз-аздан ғана аламыз. Ұзақ сақталатын өнім емес. Сатылмаса тез бұзылып кетеді. Байқасаңыз, кейбір орындар бос тұр. Бүгін демалыс күні екеніне қарамастан сатушылар шықпай жатыр. Өйткені, салған ақшаларын шығара алмай қалады. Баға күнде өзгеріп жатыр. Бұл өнімді күн сайын сатып аламыз. Оның бағасы да құбылып тұр.
Фото Сапалы Қазақстан
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через