Жымпиты - Алаш арыстарының тірегі. Жолсапар күнделігі

Жымпиты - Алаш арыстарының тірегі. Жолсапар күнделігі
фото: Әбдімәлік Ағыбай

  Еліміздің Батыс өңіріне жасаған сапарымыздың оныншы күні біз бүкіл бағытымызды өзгертіп, Орал қаласынан Оңтүстік – Шығысқа қарай бет түзедік. Автокөлік ішінде төртеуміз. Он күннен бері алған әсерлерімізді ортаға салып, бір-бірімізбен ой бөлісіп те қоямыз. 

 — Ендігі баратын жеріміз Батыс Алашорда  үкіметінің тірегі болған Жымпиты деген тарихи мекен, — дейді бұл жақтың жай-жапсарымен жақсы таныс Тұйғынбек Мәуленұлы білгенін ортаға салып. — Біз 2015 жылы қыркүйек айында танымал журналист Талғат Ормановпен бірге Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында болып, бұл аймақтың тарихи жерлерімен танысып, айтулы азаматтарына сәлем беріп, дидарласып қайтқан болатынбыз. Әсіресе, Атырау қаласында тұрып жатқан қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы Ілия Жақановпен кездескен сәтіміз естен кетпес ерекше оқиға болды. Оның нотаға түсіргенімен көптің құлағына жетпеген «Арыс» деген әні сол сапарымыздағы құнды олжаларымыздың бірі еді. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.
 Әңгіме көрігі уақыт өткен сайын қыза түсуде. Екі сағаттан астам жол жүріп, Сырым ауданының орталығы Жымпитыға жеттік.  Бұл ауыл, сонымен бірге, Қадыр Мырза Әлі ағамыздың кіндік қаны тамып, балалық шағы өткен жер екен. Алашорда үкіметі дегеннен шығады, іргетасы 1867 жылы қаланған Тараканов деген көпестің тұрғын жайы болған екі қабатты ғимарат 1918 жылдан 1920 жылға дейін Күнбатыс Алашорда үкіметінің жұмыс кеңсесі болыпты. Тарихи ғимарат сырт келбетімен бірден көз тартады. Кеңес үкіметі тұсында әскери комиссариат, аудандық мәдениет бөлімі мен басқа да мекемелердің жұмыс кеңсесі ретінде пайдаланылған. Біраз жыл Алаш мұражайы болған ғимарат 2017 жылы күрделі жөндеуден өтіп, ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне айналған. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

 Музейде төрт зал жұмыс істейді. Негізгі зал белгілі Алаш қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамбетовтың жұмыс кабинетіне арналған. Музейде 500-ден аса құнды жәдігер сақтаулы. Олардың ішінде Алаш арыстарына тиесілі көне фотосуреттер мен олардың тұтынған бұйымдары ерекше назар аударады. Әсіресе, негізгі залдың төріне ілінген Алаш автономиясының жасыл түсті туы бірден көз тартады. Осы жасыл ту туралы Сәбит Мұхановтың «Өмір мектебі» кітабының «Мейірімсіздік» деген тарауында: «Залдағы Қызыл тулардың арасына Досмұхамедов басқарған Алаш үкіметінің құран сөздерімен әшекейленген жасыл туы жайыла ілініпті...» деп жазылады. Жасыл ту жайлы тарихшы ғалым Тұрсын Жұртбаев Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романынындағы деректерді де келтіреді. Сәкен Сейфуллин  өзінің «Тар жол тайғақ кешу» романын жазған кезде осы үйге келіп, үш күн қызмет жасаған екен. Музейдегі даңқты батыр, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының жорықты жолдары мен осы өңірдің тумасы, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған бұрыштар да өзінің құндылығымен кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны анық. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

Фото Әбдімәлік Ағыбай.
 Енді, жалпы, Алашорда туралы аз-кем анықтама беріп кетейік. Қарама-қайшылыққа толы сол бір тарихи кезеңде құрылған Алашорда үкіметі екі жылға жуық уақыт қана өмір сүрген. Алайда, қазақ елінің тәуелсіздігі жолында сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Алашорданың Батыс бөлімшесін құру туралы шешімге 1918 жылдың 11 қыркүйегінде Ә.Бөкейханов қол қойған. Бұл шешімді Ә.Бөкейханов Уфа қаласында өткен және У.Танашев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков және М.Тынышбаев қатынасқан мәжілістің келісімі бойынша жасады. Батыс бөлімшенің төрағасы болып Санкт-Петербург университетінің заң факультетін үздік бітірген жоғары білімді заңгер Жаһанша Досмұхаметов тағайындалды. 
   Жаһанша басқарған Күнбатыс Алашорда үкіметі Жайықтың қазақтар қоныстанған беті мен қазіргі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай облысының Торғай аумағының көпшілік жерін қамтыды. Бұл үкіметтің мемлекет деңгейіндегі барлық құрылымдары – жүйелі мектебі бар әскери құрам, өзінің төл теңгесін шығаруға дайындық жасаған банк, қалыпқа түскен салық жүйесі, ең бастысы, телеграф байланысы жақсы жұмыс істеген. Алашорданың Шығыс бөлімі Семей қаласында орналасып, оны Әлихан Бөкейханов басқарған. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

 Алашорда үкіметі жайында музей үйде көшірмесі сақталған «Жизнь национальностей» деген газетте құнды мәліметтер жарияланыпты. Басылымның 1921 жылғы 3 қарашадағы №20 санында Тер-Погос Асетисовтың мақаласында қазақ зиялы қауымының қалыптасуына тоқтала келе: «1918-1920 жылдары «Алашорда» атты ұлттық мемлекет құрылып, кейін оның екіге бөліну себебі бірін-бірі түсінбеушіліктен емес, қазақ жерінің кеңдігінен болды» дейді. Тарихи деректерде кездесетін Жаһанша мен Халел Досмұхаметовтердің телеграф арқылы Семейдегі орталық Алашорда үкіметінің басшылары Әлихан Бөкейханов және Ахмет Байтұрсыновтармен жиі байланысқа шығып, ақылдасып отыратындықтары да екі бөлімшенің ынтымақта жұмыс істегендіктерінің айғағы болса керек. Алаш арыстары ұлтжандылық танытып, ұлт мүддесін қорғады, қазақ елінің болашақ тағдыры жолында аянбай күресті. Олар көрсетіп кеткен ел басқару ісіндегі бағыт-бағдар күні бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ.  

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

АҚТӨБЕ – БАТЫРЛАР МЕН ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІҢ МЕКЕНІ
  Батыс Қазақстан облысындағы сапарымызды Жымпитыдағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде түйіндеп, Ақтөбе облысына қадам бастық. Қобда ауданы аумағына кіргеннен соң көп ұзамай күре жолдың оң қапталына бұрылып, Исатай Таймановтың бейітіне қарай бет түзедік. Сіркіреп жауған жаңбырда тас төселген қара жолмен жүру бізге онша қиындық туғыза қойған жоқ. Алайда, алты шақырымдық тас жол бізді жетелей келіп, бір шаруа қожалығының қыстауына тіреді. Одан арғы тас төселмеген қара жол жауын-шашынға малынып, ми батпаққа айналған. Сонаудан көрініп, Шейітсай қорымында мұнарланып тұрған ақкүмбез Исатай батырдың кесенесі екен. Қасиетті жерге жете алмайтындығымызды білгеннен соң батыр әруағына бағыштап құран оқып, осы жерден кері қайтуымызға тура келді. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

 Жалпы, Исатай Тайманұлы 1791 жылы Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Тайсойған құмында «Тайман жалы» деген жерде дүниеге келген. Кіші жүздің Беріш атасынан. Кіші жүз патшалық Ресейдің құрамына енген соң бұрыннан қалыптасқан қазақ қоғамы күрт өзгерістерге ұшырайды. Қазақтың жерлерін еркін иемденген патша үкіметінің шенеуніктері қазақ халқының мүддесімен мүлдем санаспайды. Жайылым жерлерінен айырылып, казак әскерлері мен жергілікті шен-шекпенділердің екі жақты езгісінен әбден қажыған, әр түрлі алым-салықтан күйзелген халық қолдарына қару алып, көтеріліске шығуға мәжбүр болады. Бұл 1836-1837 жылдардағы Бөкей хандығындағы Исатай батыр басқарған халық-азаттық көтерілісі еді. Жәңгір ханның айналасындағы шенділердің әрекеті Исатай Тайманұлын азаттық күресіне итермелегені туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қозыбаев өзінің «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегінде «Исатай, Махамбет бастаған 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы қазақ халқы тарихының келелі бір кезеңі... Бюрократиялық аппарат елді сүліктей сорды.  Міне, осы кезде аса көрнекті қалың елдің ортасында қайнап шыққан ел қайраткері Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов халық көтерілісін басқарды» — деп әділ бағасын берген болатын. (21,116 бет)
  2014 жылдың 20 қарашасында Ақтөбе облысы, Қобда ауданы аумағындағы батырдың мәңгілік мекені – Шейітсай қорымында Исатай батыр мен оның ұлы Оспанға ақкүмбезді кесене тұрғызылады. Ені 6 метр, биіктігі 11,5 метр дулыға тәрізді сегіз қырлы алып кесененің басына бара алмасақ та, сонаудан көрінген ақкүмбез батырлар рухын алыстан-ақ асқақтатып тұрды. 
 Бұл жолдармен бұрын жүріп өткендіктен айтулы орындарға соғып, олардың тарихымен танысу Тұйғынбектің жол бастауымен жүзеге асып жатты. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай.
  — Ендігі баратын жеріміз қазақтың батыр қызы –Әлия Молдағұлова атындағы ауыл, — деді ол. Көп ұзамай Орал – Ақтөбе трассасының сол қапталынан «Әлия ауылы» деген белгі көрінді. Күре жолдан екі шақырым қашықтықтағы ауыл бір мыңнан сәл-ақ астам тұрғыны бар шағын ғана елді мекен екен. Ат басын Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы музей үйіне тіредік. Бұл жерде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан музей жұмысымен танысуға мүмкіндігіміз болмады. Ауылда батыр қыздың еңселі ескерткіші де бар екен. Мәрмәр тастан тұрғызылған ескерткіш Әлияның әскери шинель киген толық мүсінін шынайы сомдағанымен ерекшеленеді. Мүсінші Бақытжан Әбішевтің қолынан шыққан ескерткіштің айналасы қоршалып, көгалдандырылып, көріктендіріліп, жалпы, абаттандыру жұмыстары жақсы жүргізілген.  
   — Шолпан жұлдыз – өзіңсің шоқтай жарық, 
  Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.
  Туған жердің төсінде мәңгілікке,
  Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып,— деп, батыр қызды әнге қосқандай Әлияның еңселі ескерткішінің жанында суретке түсуді де ұмытқан жоқпыз.
  Әлия 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген. Алты жасында анасы Маржаннан айырылып, нағашы әжесінің тәрбиесіне көшеді. 1942 жылы 18 қыркүйекте мергендер мектебіне қабылданады. 1943 жылдың тамыз айында Солтүстік – Батыс майданға келіп түседі.   Соғыс барысында құралайды көзге атқан мерген қыз 32 фашист әскері мен офицерінің көзін жояды. 1944 жылы 14 қаңтарда ерлікпен қаза тапқан. Сол жылы сәуір айының 4 жұлдызында Әлияға Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Батыр қыздың мәйіті Псков облысы Новосокольники ауданындағы Монакова елді мекеніне жерленген.
  Сол күні біз қасқарая Ақтөбе қаласына келіп жеттік. Бұдан сегіз күн бұрын болған Кенжебек бауырымыздың үйіне қайта оралдық. Еліміздің Батыс аймағына жасаған бұл сапарымызды курстастар басқосуы десек те болады. Себебі, сол күні кешке бізді Тұйғынбектің тағы да бір топ бірге оқыған достары Зоя деген курстасының үйінде дастарқан жайып, күтіп отырды. Бұл дастарқан басында шаңырақ иелері Рахымжан мен Зоя, Кенжебек пен Света және Әлия мен Дариғалардың бізге көрсеткен құрметтері ерекше болды. Әсіресе, Рахымжан бауырымыздың немерелерінің келген қонақтардың қолына су құйып, қызмет жасауы бізге қатты әсер етті. Сүйсінгенен ақ баталарымызды беріп жаттық. Тамақ желініп біткен соң табақ ұсынған адамдарға сәлем салып, үлкендердің ақ батасын алған келіндердің әрекеттерінен бұл шаңырақта қазақы салт-дәстүрдің беріктігін байқадық. 
  Ертесіне ертемен Арал қаласына қарай жолға шықтық. Ол жерде қонақжай Жалғас бауырымыздың шаңырағынан дәм бұйырып, сапарымыздың он үшінші күні «Шырайлы Шымкентім, қайдасың?!.» деп, Оңтүстікті бетке алдық.

Фото Әбдімәлік Ағыбай.

                    ТҮЙІНДІ СӨЗ 
  Еліміздің Батыс аймағына жасаған екі апталық сапарымыз сәтті аяқталды. Алған әсеріміз керемет. Жүріп өткен жолымыздың бәрін қағазға түсіру мүмкін емес. Сондықтан да, көңілге қонған көрген-білгенімізді ғана ой елегінен өткізіп, қалың оқырманымызға ұсынып отырдық. 
 — Тұйғынбек досым, жүріп өткен жолдарыңды қағазға түсіріп, көпшіліке ұсыну – бұл үлкен тарих. Жаныңыздағы жандар да сайдың тасындай іріктелген танымал азаматтар екен. Олардың арасында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өзіңдей ақжарқын досымыздың ұйытқы болып жүргендігін мақтаныш етеміз. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың Қарағандының тумасы екендігін жақсы білетінмін. Оның жастық шағының Жайық жағасында өткенін өздеріңіздің жазбаларыңыздан біліп, жан-дүниемнің рухани байыған жайы бар, — деп, Ақтөбе облыстық мәслихатының  депутаты, Қоғамдық кеңес мүшесі Құдайберген Бекенов өз пікірін білдірсе, Орал қаласында дастарқандас болған Жанна Мұқтарова Тұйғынбек курстасының «Азаматқа аманат» және соңғы шыққан «Ақиқатты іздеу» кітаптарына талдау жасап, жаратылыс, адами болмыс туралы білдірген құнды ой-пікірлері өз басымды қайран қалдырды. 
 Шынында, Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Арыс қаласының Құрметті азаматы Тұйғынбек Әлжігіттегі қай ортада болмасын абыройы асқақ, бәсі биік азамат. 
   — Жақсының көңілі – ақ желкен,
  Мұратты желмен жебелер.
  Қасында жүріп дос болсаң,
  Шуақты ойға жетелер,— деп, Тұйғынбектің өзі жырлағандай, оның қасында жүріп, тындырымды іс-әрекеті мен тұңғиық ой-орамдарынан бойымызға қуат, ойымызға шуақ жинағанымыз да рас. 
 Ал, енді, сапарлас болған екі ағамызға келсек, сексеннің сеңгіріне шыққан екі «жігіттің» де жөні бөлек, жосығы ерек болды. К.Симонов атындағы Халықаралық сыйлық  пен Алтын медалінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының алқа мүшесі, Түркістан облысының Құрметті азаматы, ақын, аудармашы, баспагер Нармахан аға Бегалыұлының өзі тірі шежіре, өмір мектебі десек артық айтқандық емес. Ол табиғат сұлулығымен үйлесім тапқан сыршыл ақын ғана емес, елінің қамын ойлаған қайраткерлігі мен шешендігі басым тұлға. Ауылда жүріп-ақ айырықша талантымен берісі өз елімізді, арысы Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мойындатқан Нар ағамен болған күндеріміз өміріміздің ең бір жарқын сәттері деп білеміз. 
  «Төлебилік төбе би» атанып кеткен Жақсылық  Сыдықбаев ағамыз да қара жаяу емес. Ол Нар ағаның курстас досы, тарихшы-өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше тарихи-танымдық кітаптың авторы. Жеңіл автокөлікпен 8 мың шақырым жолды шаршамай-шалдықпай еңсеріп, жол-жөнекей оралымды ойлары мен айтары көп болған бұл кісілерге ризашылығымыз шексіз. 


Соңы.
                        
 Әбдімәлік Ағыбай,
 Орал – Жымпиты – Әлия ауылы – Ақтөбе – Арал – Шымкент. 

11.11.2024 ж.