фото: Әбдімәлік Ағыбай
Батыс Қазақстан облысындағы сапарымыз Жаңақала ауданынан басталды. Атыраудан Орал қаласына тартылған күре жолдың Чапаев кенті тұсынан солға бұрылып, қас қарая Жаңақала ауылына жеттік. Бұл жерде бізді Тұйғынбектің тағы да бір курстасы Жанболат бауырымыз күтіп алды. Ол біздің келе жатқан мақсатымызға маңызды мән беріп, көш тізгінін бірден жергілікті өнер тарихы музейіне бұрды. Жұмыс уақыты әлдеқашан бітсе де тиімді іс-шараның орайын келтірген Жанболаттың іс-әрекетіне риза болдық.
Аудандық өнер тарихы музейі атақты күйші Дина Нұрпейісованың атымен аталады екен. Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларын жинақтаушы, сақтаушы, көпшілікке насихаттаушы ретінде Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің де өзіндік ерекшелігі бар екендігіне біз музей жұмысымен танысу барысында көз жеткіздік. Өнер ордасы 1991 жылы ұлы күйшінің 130 жылдық мерейтойына орай ашылып, 2008 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі филиалдарының қатарына қосылған. Музей этнографиялық, өнер және аудан тарихы бөлімдерінен тұрады.
– Қасиетті Жайық даласы әлемге Құрманғазы, Махамбет, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Мәмен, Мұхит сынды біртуар тума талант иелері – төкпе күйдің төрелерін алып келді, — дейді мұражай меңгерушісі Сымбат Талғатқызы Рысқалиева қарындасымыз. – Олардың шығармашылық мұрасы – жалпы адамзат мәдениетінің баға жетпес байлығы. Батыс Қазақстан өңіріне тән қылыштай сесті, қызуқанды, өршіл үнді төкпе күй ағымының өзіндік мектебін қалыптастырғандар – бөкейліктер болды.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Шынында, бір ғана Дина апамыздың өзі бір өнер мектебі. Күйші апамыз Жаңақала ауданына қарасты «Бекетай құмы» деген жерде 1861 жылы дүниеге келген. Әкесі Кенже ат баптап, домбыра тартқан кісі. Кішкентай кезінен бастап қызына күй тартудың қыры мен сырын үйретеді. Кенже атақты күйші Құрманғазымен дос болған. Күй өнерін жылдам меңгеріп алған қаршадай қыз Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің шығармаларын нақышына келтіріп орындап жүрді. Небәрі 8-9 жасында көпшілікке «домбырашы қыз» деп танылды. Бертін келе Дина апамыз танымал күйшілердің шығармаларын орындап қана қоймай, өзі де күй шығара бастайды.
1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен Смағұл Көшекбаев Астрахан өлкесіне келіп, 76 жастағы Дина апамызды Алматыға көшіріп баруға көндірген. Содан бастап тума талант иесі үлкен сахналарда өнер көрсете бастайды. Ахмет Жұбанов «күй анасының» өмір жолы мен шығармашылығы туралы бірнеше еңбек жазды. 1944 жылы атақты күйшіге “Қазақстаның халық әртісі” атағы берілді.
Мұражай арқылы бүкіл Жаңақала өңірі һәм Нарын құмының тарихымен танысып, үлкен әсер алып шыққан бізді Жанболат бауырымыздың шаңырағында жайылған кең дастарқан күтіп тұрды. Отырыс барысында алған әсерімізді айтып, бір-бірімізбен ой бөлісіп, өзімізді төкпе күй тарландарының төрінде отырғандай сезіндік.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
ХАН ОРДАСЫ
Сонымен, сапарымыздың тоғызыншы күні Жаңақаланың жомарт жігіті – Жанболат бауырымыз бізді Бөкей Ордасына алып барды.
– Барар жерің бар болса,
Барсаң, айран ішерсің.
Барар жерің жоқ болса,
Кімге барып түсерсің, — деген аталы сөз тура Жанболаттай жаны жайсаң жігіттерге арналғандай. Немесе, Нарын құмының қойнауындағы Хан Ордасы өздігімізден бара алмайтындай жер екен. Жаңақаладан 300 шақырым қашықтықтағы тарихи орынға жеткенімізше айналамыздағы табиғатқа тамсанумен болдық. Әрине, жол қатынасы нашар, жақын арада елді мекен мүлдем көрінбейді. Десек те, шөбі шүйгін, шаруаға жайлы Нарын құмы төрт түлік малға толы. Ол аздай, дала еркесі – ақбөкендер үйір-үйірімен желіп жүр. Бұрын-соңды мұндай көрініске куә болмаған бізге – бәрі қызық, бәрі әсерлі.
Хан Ордасы — Бөкейордасы ауданы аумағына орналасқан шағын елді мекен. Бізді Хан Ордасының кіреберісінде Жанболаттың достары Жаннұр бастаған жергілікті жігіттер күтіп алды. Алғашқы таныстығымызды осы жерден төрт шақырым қашықтықтағы Жәңгір ханның кесенесінен бастадық. 1997 жылы Жәңгір ханның бұрынғы мазарының орнынан Маңғыстаудың ақ ұлутасынан жаңа кесене тұрғызылыпты. Хан Ордасы музей-қорығы қорымындағы кесененің биіктігі 15 метр. Бұл зиратта атақты күйші Дәулеткерейдің де кесенесі бар. Әбілхайыр ханның ұрпағы, қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Дәулеткерей күйшінің басын қарайтып, 2000 жылы кесене салыныпты. Кесене Ақтаудың ақ ұлутасынан өрілген. Биіктігі – 7,1 метр.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Төкпе күйдің төрелерінің бірі – Дәулеткерейдің бастапқы құлыптасы күні бүгінге дейін сақталған. Кесене ішіне орналасқан құлыптаста атақты күйшінің қай жылы, қай жерде туғандығы мен қанша жасында қайтыс болғандығы және Төре белгісі қашалып жазылған. Қорым басында әруақтарға бағыштап құран оқып, Бөкей Ордасына бет алдық.
Бөкей Ордасы немесе Ішкі Қазақ Ордасы 1801 жылы құрылған тарихи мемлекет. 1799 жылы Бөкей сұлтан Ресей императорының атына хат жазып, өзінің қол астындағы қазақтардың бір бөлігінің Жайықтың оң жақ бөлігіне көшіп баруына рұқсат сұрап, өтініш жасайды. Бұл өтінішке 1801 жылдың 11 наурызында рұқсат етіледі. Көшіп барған 5 мыңға жуық отбасының қоныстанған жері 70 мың шаршы шақырымға жуық аумақты қамтыды. Бөкей сұлтанның қол астындағы қазақтар қоныстанған бұл аймақ Ішкі Орда деп аталды.
Бөкей хандығының негізін қалаған Бөкей хан 1815 жылғы 12 мамырда қайтыс болды. Ол өзінің көзі тірісінде хан атағын өз ұрпақтарының мұрагерлікпен иелену құқығын белгілеп, бекітіп қойған болатын. Оның өсиеті бойынша хан тағына отыруға тиісті Жәңгір ол кезде небәрі 14 жаста еді. Сондықтан, ол ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша хандықты Шығатай сұлтан билеп тұрды. Жәңгір ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша Астрахан губерниясындағы оқу орнынан білім мен тәлім алды. Жас мұрагер қазақ тілімен қатар орыс, араб және парсы тілдерін меңгерді.
Жәңгір 1823 жылы хан болып жарияланды және хандықты 22 жыл бойы басқарыпты. 1827 жылы ол хандықтың орталығы – Хан Ордасының негізін қалады. Хан Ордасы Нарын құмының батыс бөлігінен таңдалды. Хан жарлығы мен басқару ісі осы жерден жүргізіліп отырды. Ханның үлгісі бойынша және оның тікелей нұсқауымен Хан Ордасында сұлтандар мен билер, старшындар да үй сала бастады. Жәңгір хан билік басында болған уақыт қазақтардың бұрынғы дәстүрлі тұрмысына елеулі өзгеріс жасалған, хан билігінің күшеюімен бірге ислам дінінің ықпалы артқан, тауар-ақша қатынастары айналымға енгізілген, пошта-байланыс қатынасы пайда болған, сондай-ақ, қазақ жастарының білім алуына негіз қаланған кезең болды. Бөкей хан негізін қалап, Жәңгір хан жаңартқан тарихи мекеннің 220 жылдан астам шежіресі Хан Ордасының тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында көрініс тапқан. Оған біздің музей-қорықтың жұмысымен танысу барысында көзіміз жетті.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Бөкей Ордасы музейінің бірінші залы Бөкей Ордасының 1801 жылы құрылуынан бастап, Бөкей Ордасындағы Уақытша Кеңестің билеу кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды екен. Сөрелерден сол кездегі жергілікті халықтың қолданған тұрмыстық бұйымдары мен қару-жарақтарды, көне тиындар мен қағаз ақшаларды, жеке тұлғаларға қатысты заттарды көріп, етене танысуға болады. Іргетасы 1827 жылы қаланған Хан сарайы ерекше үлгіде салынған көз тартар ғимараттардың бірі. Ол 12 терезелі негізгі бөліктен тұратын 23 бөлмелі ағаш үй. Бұл ғимараттың басты ерекшелігі – қазақ даласында күні бүгінге дейін сақталған бірден-бір хан сарайы. Жәңгір өз үйінің бір бөлмесінен 1828 жылы ашқан «Қару-жарақ палатасы» хан сарайының сән және қосалқы өнер музейі болды. Озық мәдениетті қазақ халқының арасында таратуды мақсат тұтқан Жәңгір хан осы музейді аша отырып, ұлттық этнографияны жатжұрттықтарға насихаттаса, өз халқын тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрді қадірлеп, қастер тұтуға баулыды. Қару-жарақ бөлмесіндегі темірден түйін түйген шеберлер қолынан шыққан қарулар – азиялық үлгідегі тапаншалар, садақ, шоқпар, айбалта, қорғаныс құралдары – дулыға, сауыт, қалқан, шынтақтықтар және ер-тоқым мен ат әбзелдері өнер туындысы ретінде бағаланған. Орыстың табиғат зерттеуші ғалымы М.Я.Киттары «Ішкі қырғыз ордасындағы Хан ставкасы» атты еңбегінде ханның қару-жарақ бөлмесі жөнінде: «Жалпы, бұл қару-жарақ жиынтығы ұзақ жылдар жинаған еңбектің жемісі екенін көрсетіп тұр. Сондықтан, аса көңіл бөліп, құрметтеуге тұрады» деп баға берген екен.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Қызыл кірпіштен салынған «Казначейства» мекемесі тарихи-мұражай кешеніндегі сән-салтанаты жарасқан ерекше ғимараттардың бірі. 1867 жылы ашылған бұл қазынашылық үйі Бөкей Ордасындағы сауда саласының дамуы мен тұрақты ақша қатынасының қалыптасуына ықпал ететін қаржы орталығы қызметін атқарған.
Жәңгір хан ел билеген тұста мешіттер көптеп салына бастаған. 1835 жылы Хан сарайы жанынан хан Жәңгірдің өз жобасымен қызыл кірпіштен биік мұнаралы мешіт салынған. Оған арнайы ахун тағайындаған. Ол Жәңгірдің өзіне, ал, барлық молдалар осы ахунға тікелей бағынышты болған. Дерек көздеріне сүйенсек, 1840-1845 жылдары Бөкей Ордасында хан Жәңгірдің рұқсатымен 20 мешіт салыныпты.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
– Жәңгір Бөкейұлы білімге, ағартушылық пен мәдениетке бой ұрмай халық мүддесін тиімді түрде қорғау келешекте мүмкін емес екендігін түсінді, — дейді музей қызметкері Алуа Табиғатқызы Аманова. – Әр істе бастамашыл болатын хан қазақ жеріндегі алғашқы мектептің құрылыс жұмыстарын өз қаражатына жүргізді. 1841 жылы пайдалануға берілген білім ошағы «Жәңгір мектебі» атауымен тарихта қалды.
Шынында, хан мектебі қазақ халқының белгілі бір деңгейде сауаттылыққа әуестігін, білім мен мәденитпен байланысын оятуға мүмкіндік берді. Бұған Жәңгірдің «Біздің балалар қоғамға ізгілікті түрде қызмет ету үшін білім ала отырып, барлық ғылымды біле алады деп жар саламын. Осының бәрі мені қатты қуантады, себебі, білімге қол жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт» деп жазған пікірі дәлел.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Хан Ордасындағы 1918 жылы ашылған «Тұңғыш қазақ кеңестік баспахана» музейінің ішкі көрінісі Бөкей Ордасындағы баспа ісінің ұйымдастырылуы мен қалыптасуы, баспаханадан шығарылған газеттер, қызмет атқарған баспагерлер туралы сыр шертеді. Одан басқа 1911 жылы осы Ордада жарық көрген «Қазақстан» газеті қазақ жеріндегі халықтық-демократиялық бағыттағы тұңғыш басылым болатын. Ш.Бөкеев, Ғ.Қараш, Б.Қаратаев, С.Меңдешев, Е.Бұйрин сынды қазақтың озық ойлы зиялыларының атсалысуымен жарық көрген газетте сауатсыздықпен күресу, қоғамдық-саяси құрылымды өзгерту, ұлттық дербестікке қол жеткізу сияқты басты мәселелер көтеріліп отырған. «Қазақстан» газетінің небәрі 18 саны жарық көрсе де өзінен кейінгі басылымдарға ізашар, баспасөз тарихында жаңашыл бағыттағы алғашқы қарлығаш болуымен ерекшеленді. Баспаханадан 1918 жылы екі тілде «Хабар» (Известия), қазақ тілінде «Дұрыстық жолы» (қазіргі облыстық «Орал өңірі» газетінің ізашары) газеттері, 1919 жылы Ғ.Қараштың редакторлығымен «Мұғалім» журналы басылып шығыпты.
Күні бүгінге дейін сақталған ХІХ ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіші ғимаратында ақын, аудармашы, фотоөнер шебері Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі орналасқан. Шәңгерей Көлборсыдағы мекен-жайында ағаштан, тастан сәнді де сәулетті үйлер, мектеп, медресе, мешіт салғызған. Қарамағындағы ел-жұрттың керек-жарақтарын алдыртып, дүкен, айырбас базарларын, ер-тұрман, ат әбзелдерін дярлайтын және түзеп-жөндейтін шеберханалар ашқан. 1901 жылы Петерборға барған сапарында Екінші |Николай патшаның қолынан сыйлыққа фотоаппарат алады. Бұл өнерді тез меңгеріп алып, елге келген соң ағайын-туыстарын суретке түсіріп, оны арнайы жабдықталған бөлмеде шығарып отырған. Шәңгерей түсірген суреттердің бізге жеткені санаулы болса да өте сапалы, талапқа сай орындалған.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Сондай-ақ, тарихи-музей кешенінде 1917-1919 жылдары Ордада мұғалімдік қызмет атқарған, Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешевке, әйелдер арасынан халықаралық саясат сахнасына шыққан тұңғыш қазақ қызы Алма Оразбаеваға арналған мемориалдық музейлер бар.
Жәңгір ханның төрт әйелі болған. Солардың ішіндегі ең сүйіктісі – үшінші әйелі Фәтима екен. Фәтима |Орынбордың белгілі мүфтиі Мұхаметжан Хусейіновтың қызы. Фәтима орыс және татар тілінен басқа ағылшын, француз, неміс тілдерінде еркін сөйлеген. Фортепианода шебер ойнап, биге де икемі өте жоғары ерекше талант иесі болған. 1826 жылы Санкт-Петербургте І Николай патшаның таққа отыру салтанатына Жәңгір ханмен бірге барған Фәтима ханым барқыт пен жібек маталарынан тігіліп, алтын жіппен көмкеріліп, жиектері оюлы өрнекпен әшекейленген қамзол киіп барған екен. Сол киім музейде сақталып тұрған ең құнды жәдігерлердің бірегейі.
Жалпы, Жәңгір хан қарама-қайшылыққа толы тұлға. Оның қазақ даласында елеулі еңбек атқарғандығымен бірге тарих беттерінде отаршыл империяның саясатын жүргізгені туралы да жиі айтылып келді. Жәңгір хан елінің болашағы үшін жасалатын реформаларды жүзеге асыруда халықтан жиналатын алым-салық жүйесін күшейтуді қолға алған. Бұл халыққа ұнамады. Осынау әрекеттің нәтижесі 1836-1837 жылдардағы әйгілі Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық толқуына алып келді. Жәңгір хан мен Исатай батырдың арасында қаншама келіспеушілік болғанымен хан Жәңгір батыр бастаған қостың оққа ұшуына жол бермей, орыс әскеріне басу айтқан екен. Оны полковник Гекенің 1837 жылдың 5 қарашасында губернаторға жолдаған хабарламасындағы: «Хан Таймановқа тым қатал талап қойма, бас араздықты ағайындықпен реттерміз деп сұрап отыр. Әрі ханның тыныштыған ойлап, араша түсуі мені жіпсіз байлады» деген жолдарынан айқын байқауға болады.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Мемлекетіміз тәуелсіздік алғанға дейін «бай – жаман, кедей – жақсы» деген сыңайда ата-бабаларымыздың тарихы бұрмаланып келген еді. Мұрағаттардағы жабық болып келген көптеген тарихи деректер бүгінде ашылып, ғылыми айналымға түсуде. Күні кешеге дейін біржақты баға беріп келген Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі мен игі істері де тарих сахнасына қайтарылып, түгенденіп келеді. Оған біз Хан Ордасы тарихи-музей кешенінің жұмысымен танысу барысында көз жеткіздік. Заман ағымына сай тау тұлғаларымызды, тарихымызды баспасөз, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке, кейінгі ұрпаққа танытып жатсақ, онда біздің де алға қойған мақсатымыздың орындалғаны.
Әбдімәлік Ағыбай, Шымкент – Атырау – Жаңақала – Хан Ордасы, 2.11.2024 ж.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через