Ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу басталды

Ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу басталды
фото: https://pixabay.com/ru/

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу басталғанын хабарлады.

"2023 жылы ұялы байланыс қызметін қымбаттату фактісін қарау аясында "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) және "КаР-Тел" ЖШС (Beeline) операторларына қатысты Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабына сәйкес тарифтерді келісілген түрде көтеру бойынша тергеп-тексеру басталды", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларда бір минуттық қоңырау құнын 18 теңге мөлшерінде бірдей белгілеу әрекетінде құқық бұзушылық анықталуына байланысты операторларға осы белгілерді жою туралы хабарлама жіберілді. Хабарламаларда бағаны төмендету қажеттігі көрсетілген.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі аясында ұялы байланыс операторлары қабылданған шараларға қатысты сот органдарына шағым түсірді. Осыған байланысты тергеу істері тиісті сот шешімдері қабылданғанға дейін тоқтатылды.

"2024 жылғы 19 қарашада агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті "КаР-Тел" ЖШС-ға қатысты тарифтік топтамаларда тұтынушылардың үйдегі интернет жылдамдығын таңдауына шектеу қою арқылы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін жою туралы хабарлама шығарды", - деп толықтырды агенттік.

Сонымен қатар "Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты осындай заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру басталды.

2024 жылдың желтоқсаннан бастап тарифтердің көтерілуіне байланысты агенттік ұялы байланыс операторларына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға болмайтыны туралы ескерту жіберді.

ҚазАқпарат