Таланттарды танытқан "Алтын қалам"

Таланттарды танытқан "Алтын қалам"
фото: Алтын қалам байқауы

"Сапалы Қазақстан" ақпараттық-сараптама порталы "Алтын қалам" әдеби байқауының ақпараттық серіктесі

 

"Алтын қалам" әдеби байқауы биыл да тарих төрінен лайықты  орын алды. Оқырмандардың да, дүбірлі бәйгеден үміткер болған қаламгерлердің де, БАҚ - ның да арадағы 4 жыл үзілістен кейін қайта жалғасқан  байқауды сағынып қалғанын байқадық. 

Бір қарағанда, байқау оп-оңай ұйымдастырыла салғандай көрінеді. Дайын дүние қашанда өзгелерге  оңай көрінеді емес пе? Алайда, ұйымдастыру жұмыстарының ішкі дүниесіне үңілер болсақ, биыл демеуші тауып байқауды өткізу оңай болған жоқ. Демеуші іздеп ел ішін аралауда, көптеген мекемелерге хаттар жазуда кездесетін түрлі қиындықтар, сәтсіз кездесулер, келіссөздердегі келіспеушіліктер бәрі-бәрі ұйымдастырушылардың жүйкесіне тиіп, әдебиетті дамытуға үлес қоссақ деген үкілі үміттерін талмаусыратып,  жасампаз көңілдеріне кіреуке түсіретінін  несіне жасырайық. 

  Байқау өткізу арқылы  әдебиет кеңістігін кеңейту, жас таланттарды  елге таныту үшін  атымтай жомарттарды үздіксіз іздеп  торығу, қалталы азаматтардың жүрегінен  қазақ әдебиетіне деген жанашырлық сезімін таппай жақсылықты зарыға тосу, сонда да үміт үзбей   айқын мақсатқа жету жолында табандылықпен   күресу, әдебиетті сүйетін ұйымдастырушы азаматтардың қабырғаларына қара тастай батып жүретінін де көбіміз біле бермейміз. 
Әупіріммен демеуші табылып жұмысты бастағасын, сайт ашу, оған еліміздегі мәдени-әдеби соңғы жаңалықтар легін және үміткерлердің жіберген шығармаларын заманауи форматта жариялап,  жұмысын жандандырып жүргізіп отыру да  ұйымдастырушылардың мойнына жүктеледі. 

Фото: "Алтын қалам" байқауы
     Қазылар алқасы жүзден жүйрік қаламгерлерді анықтап, марапаттайтын  күнге жақындағанда, жүлдегерлерді шақыру, салтанатты жиын өтетін залды безендіру, сыйлықтар сатып алу, дипломдар дайындау,  сахнада жүлде тапсыратын, өнер көрсететін тұлғалардың тізімін жасап, сценарий жазуды да табандары жерге тимей жүріп ұйымдастырушылар атқарады. Осындай  қат-қабат жұмыстардың арасында да ешкім білмейтін жағдайлар орын алып отырады. Жүлде тимей қалған кейбір қаламгерлер: "Неге маған жүлде бермейсіңдер?" деп олардың мазасын алып, көңілдеріне кірбің ұялатып жатады. Демеушінің берген қаржысының сомасына сай әр жанрға белгіленген бір жүлде ғана беріледі. Өміршең идеяларын қайтпас қайсар күш-жігермен іске асырып жүрген ұйымдастырушы азаматтардың қолында қомақты қаржы болса, әлбетте жүлде санын көбейтер еді. Өкінішке орай, "Жомарттың қолын жоқ байлайдының" кері келіп тұрады. Байқауда әдеби талаптарға сай көркем жазылған шығармалар болғанымен, әр жанрдың  жүлдесі біреу-ақ. Сонша шығарманың ішінен әр жанрдан үздік біреуін ғана таңдауға тура келеді. 
Байқау жүлдегерлері дипломдармен марапатталып, сый-сияпаттары табысталып,   әдебиет сүйер қауымның санасына бәйге мәресінің бояуы сіңгенше, ұйымдастырушылар табандарынан тозып, жүйкелеріне біраз салмақ түсіретіні сөзсіз. 

     Әрине, демеушінің командасының байқау жұмыстарын бастан аяқ қадағалап отыратыны орынды. Биыл байқауға демеуші болып қаржы бөлген, өнер, мәдениет және спорт саласындағы әлеуметтік маңызды жобаларға қолдау көрсетіп келе жатқан "Нұрлан Смағұлов қорының" директоры Айдын Сұлтановқа және оның командасына шексіз  алғысымызды айтамыз!

Фото: "Алтын қалам" байқауы

   Байқаудың көзге көрінбейтін, жұрт білмейтін қым-қуыт тартысқа толы жұмыстарын нар жүгіндей 15 жыл бойы  көтеріп, үйлестіріп атқарып келе жатқан журналист, "Құрмет" орденінің иегері, ұлт жанашыры Кенже Жұманұлына және PR  маманы, экс дипломат,  ұлт жанашыры Қуат Домбайға (драматург жазушы Есенжол Домбаевтың ұлы) осы сәтте мың алғыс айтамыз! "Алтын қалам" әдеби байқауын өткізу идеясының авторы Қуат Домбай екен. Нақты критерилер мен креативті қасиеттерді  талап ететін әдеби байқау жұмысы -- нағыз интеллектуалды еңбек. Қысқа жібі күрмеуге келмей, шығармашылық үйлестіру жұмыстары  еленбей жататын әдеби байқаудың  жұмысын  жарқыратып көрсетіп,  қаламгерлердің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген бұл азаматтар  әдебиетке адал қызмет етіп келеді.

Ділдәгүл Нұрмаханбет, 
әліппетанушы, жазушы, "Алтын қалам" иегері.