Қытайда сексеуіл, қызыл тал сияқты ағаштар отырғызылып жатыр

Қытайда сексеуіл, қызыл тал сияқты ағаштар отырғызылып жатыр
фото: pixabay.com

2050 жылға таман құнарлылығын жоғалтқан жерлердің көлемі әлем бойынша 90%-ке дейін артуы мүмкін. 

Қытай тозған жерлер аумағының артуына жол бермеген әлемдегі алғашқы мемлекетке айналды, деп жазды 24.kz. 

Шығысымыздағы көрші елдің мұндай жетістікке қалай жетті? Қытай – шөлейттенуден ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Сондықан мемлекет мәселені шешу бойынша іс-шараларды күшейткен. Сөйтіп, кейінгі 40 жылда шөлге айналған 4 млн гектар алқапты қалпына келтірді. 80 мың гектар аумақта 14 млн ағаш егілген. 

Цзя Цуньпэн, Юйтянь уезінің орман шаруашылығы басқармасының жетекшісі: - Шөлейттенумен күрес аясында біз сексеуіл, қызыл тал сияқты ағаштарды отырғыздық. Бұрын егістік жерлері болмаған өңірлерде өсімдіктер ектік. Бұл тек табиғи ландшафттың жақсаруына ғана емес, шаруалардың табысының артуына да септігін тигізді. 

Шығысымыздағы көршімізде шөлейттенуге қарсы күрес мақсатында 300-ге жуық жоба іске асырылған. Солардың ең ауқымдысы – «Үш солтүстік қорғаныс белдеуі». 1978 жылы басталған бұл жоба 2050 жылға дейін жалғасуы тиіс. Ол елдің солтүстігінде ормандарды қалпына келтіріп, топырақ эрозиясымен күреске бағытталған. Бұдан бөлек, Қытайда ормандарды отаумен күрес күшейтілген. Мұнда шөлейттенуге қарсы әлемдегі ең алғашқы заң қабылданған. Көршіміздің тозған жерлерді тыңайтудағы технологияларының да тиімділігі жоғары. Мысалы, солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында тамшылатып суару және құмды бөгеттер әдісі кеңінен қолданылады. 

У Бо, Қытайдың орман шаруашылығы академиясының шөлейттенуге қатысты зерттеулер институтының директоры: - Қытайдың шөлейттенуге қарсы күрес шараларын «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына қатысатын Орталық Азия елдері қолдана алады. Африка мемлекеттеріне де көп көмегі тиюі мүмкін. Мысалы, сабанды шөл далаға шахмат тәртібінде орналастыру әдісін пайдалануға болады. Ол қолдану жағынан ыңғайлы, тиімділігі жоғары әрі тез нәтиже береді. 

Қолда бар мәлімет бойынша бүгінде ғаламшарымыздағы жердің 75%-ке тозған. Бұл 3 млрд-тан аса адамның өміріне әсер етіп отыр. ЮНЕСКО дерегінше, 2050 жылға таман құнарлылығын жоғалтқан жерлердің көлемі 90%-ке дейін артуы мүмкін. 

«Мұның бәрі биоалуантүрлілік пен адамдардың өміріне қауіп төндіреді», - дейді мамандар.