фото: https://pixabay.com/ru/
Бүгінгі қоғамда туған баласы мен ата-анасынан жеріп тастап кетіп жатқан жағдайды жиі кездестіреміз.
Қарт десе, әркімнің көз алдына өз шаңырағына құт-береке кіргізіп отырған ақ жаулықты әже мен ақ сақалды қария елестері анық. Тілеуімізді тілеп, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз. Өкінішке қарай, перзент атаулының бәрі ата-анасын, ата-әжелерін алақандарында аялап отырған жоқ. Түн ұйқысын төрт бөліп, махаббатын, жан шуағын аямаған ата-анасына қатыгездікпен қарайтын адамдар көбейіп келеді.
Бүгінгі таңда елімізде қарттарға арналған жүзге жуық мекеме тіркелген. Ал оларды пана етіп отырған адамдар саны 35 мыңнан асып түседі. Олардың басым бөлігі қазақтар. Осы орайда «миллиондаған бюджет қаржысын қажет ететін қарттар үйі керек пе?» деген сауал туындайды. Жоғарыдағы жантүршігерлік статистиканы негізге ала отырып, өкінішке қарай, «керек болып тұр» деуге мәжбүрміз. Жалпы, қазақ қанында бұл сұмдық бұрын-соңды болмаған. Бірақ әр адамның тағдыры әрқилы. Сондықтан осындай үйлерді пана етіп жатқандардың жан дүниесіне үңіліп, жүрек дүрсіліне құлақ түре жүру қай-қайсымыға да артықтық етпейтіні анық. Өйткені халқымыздың «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін мақалы жайдан-жай айтылмаса керек.
Қарттар үйінде тіршілік етіп жатқан қариялардың барлығы мүлде жалғызбасты жандар емес. Кейбіреуінің балалары ел танитын ауқатты адамдар. Олардың тарапынан «Бізге көнбейді, амалсыздан алып келдік. Барып, хал-жағдайын біліп тұрамыз» дегендей уәж айтылатын көрінеді. Бірақ барлығы ондай еместігі де жасырын емес. Соңғы жылдары жекеменшік қарттар үйлері пайда бола бастады. Солардың бірінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты геолог та бар...
Осы орайда, қарттар үйінің пайдалы және пайдасыз жақтарын саралап көргеніміз жөн. Туған балалары мен немерелері ата-әжелерімізді қадірлемей, қарттар үйіне тапсырып, өмірлерін сағыныш пен мұң-налаға толтырып жатқаны жат қылық, әрине. Бір мезет болсын балаларының жүзін көріп, мауқын басу үшін құшағына алуды аңсаған қарттарды көрген кезде елжіремейтін жүрек қалмайды.
Бірақ бұл мекемелердің есігіне қарияларды қатал өмір тағдыры айдап келетін жағдайлар да аз емес. Зейнетақысы дәрі-дәрмекке де жетпейтін қарттар үшін аталған үйлерде барлық қолайлы жағдай жасалған. Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп отырудың қаншалықты қиындығын түйсіну қиын емес. Жалғыздықтан жапа шегіп, зерігіп отырғанша, басқа қарттармен араласып, солармен бірге көңіл көтеруге де болады. Ішер ас, жатар төсегі де дайын. Денсаулықтарын медбикелер мен дәрігерлер қадағалап тұрады. Бұл да олар үшін көмек.
Біздің ойымызша, осының бәрі ұлт тәрбиесіне тіреліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпақ санасына «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек. Бізге тәрбие беріп, бүгінге дейін жеткізген ата-анамызды, ата-әжелерімізді құрметтеп, алақанымызға салып, жан жылуымызды молынан сыйлауымыз керек.
Мақалаға қосымша ақпарат ретінде https://www.youtube.com/@QazaqAIRAN видео сюжет ұсынамыз
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через