фото: Фото Әбдімәлік Ағыбай.
«Жүре берсең көре бересің, көре берсең біле бересің» дегендей, Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына да келіп жеттік. Бізді бұл жерде Есенжол Қыстаубаев деген әріптес ағамыз күтіп алды. Ақкөңіл ағамыздың хан сарайындай барлық жағдайы жасалған екі қабатты зәулім үйінде өзімізді еркін сезіндік. Ес ағамыз Қазақстанның Құрметті журналисі төлебилік Әбдімәлік аға Рахманқұловтың курстасы. Біздің хабарымызды сол кісі арқылы есітіп, құрақ ұшып, қызмет жасады. Өзі талай жыл облыстық «Орал өңірі» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарыпты. Бүгінде зейнет жасында болса да қимылы ширақ, әңгімесі мәнді де мағыналы.
— Орал қаласының тарихы туралы аз жазылып жүрген жоқ, — дейді Есенжол ағамыз бізбен әңгімесінде. — Десек те, жазылған дүниелердің көбінде бұрынғы патша заманы мен кеңес өкіметі кезеңіндегі тарихшылар мен зерттеушілердің ықпалы басым. Сондықтан да, олар «Орал қаласының іргесі 1613 жылы қаланған» дегеннен әрі аса алмай жүр. БҚО тарих және археология орталығының соңғы он жыл ішінде Оралға қатысты жазған кітаптары өте құнды деректерді қамтыған. Бірақ, бұл еңбектер ғылыми ортаның қолданысында ғана қалып, көпшілікке жете алмай жатқан жайы бар.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Шындығында, Орал қаласының тарихы ХІІІ ғасырдан бастау алады екен.
— Орал қаласының тарихын зерттеу барысында біз топономика ғылымына да сүйенеміз, — деп жазыпты өзінің ғылыми еңбегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдық. — Міне, осы тұрғыдан алғанымызда қаламыздың орталығында «басқақ көпірі» болған. Алтын Орда дәуірінде пайда болған басқақтар алым-салық жинаумен айналысқан. Сол басқақтар біз айтып отырған көпірдің маңында тұрақты түрде алым-салық жинап отырғандықтан ол жер «басқақ көпірі» атанып кеткен. Біздің қолымыздағы көне теңгелерде «басқақ көпірі», «1337 жыл» деген жазулар қала мәдениетінің сол кездегі тіршілігінен сыр шертетін тарихи айғақтар. Орал өңірінде орта ғасырларда қала болғанын П.С.Паллас, П.И.Рычков сынды орыс ғалымдарының өздері айтқаны бар. Бірақ, кеңестік кезеңде бұл жөнінде ешкім жұмған ауызын ашқан жоқ. Қалалық мәдениет пен өркениетті таратушы тек казак-орыстар ғана деген саясат алға шықты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Орал қаласы тарихына қатысты ақиқатты айтуға мүмкіндік алдық.
Көне Жайық қалашығының орнынан қазірдің өзінде кірпіш күйдіретін пештер, тұрғын үйлер мен кесенелер табылып жатыр. Қала іргесіндегі Желтаудың жотасына орналасқан кесененің бірінің биіктігі 14 метрге дейін жеткені таң қалдырады. Бұл Орта Азия құрлығы өлшемімен алғанда алып құрылыстардың біріне жатады.
Жалпы, бүгінгі таңда 253 мыңнан астам тұрғыны бар Орал қаласы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы салынған ғимараттардың сәулет өнерінің ескерткіші ретінде сақталып қалуымен ерекшеленеді. Бұл тарихи ғимараттар мемлекет қарауына алынып, күтім жасалғандықтан қала келбетін ерекше көріністерімен аша түскен. Солардың бірі – Е.Пугачев музей-үйі. Көненің көзіндей болған бұл жай Жайық қалашығында өткен барлық тарихи оқиғалардың куәсі. Үйді 1751 жылы Петр Кузнецов деген казак салған. Баспана жұмыр бөренелерден тұрғызылып, шатырмен жабылған. Екі бөлмесі, асханасы және жертөлесі бар үй өзін «Петр ІІІ патшамын» деп мәлімдеген Е.Пугачев бастаған халық қозғалысының тірегі болған. Көтерілісті басып, жаныштағаннан кейін Екатерина ІІ патшайымның жарлығымен Жайық қалашығының атауы Орал болып өзгертілді. (БҚО тарихи-өлкетану музейі қорынан). Бұл тарихи үйде П.И.Рычков, П.С.Паллас, А.С.Пушкин, И.А.Крылов, Л.Н.Толстой, Т.Г.Шевченко, В.И.Даль секілді орыстың зерттеуші тарихшылары мен ұлы ақын-жазушылары болған.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
— Дәуірдің басты оқиғалары болған жерлерде болдым, көне құжаттарды көзкөрген қариялардың сөздерімен тексеріп жаздым және қайтадан олардың көнерген естеліктерін жаңғыртып, тарихи сын елегінен өткіздім, — деп жазды А.С.Пушкин өзінің Е.Пугачев іздерімен жүрген жолсапарында. Атақты ақынның сапарының басты нәтижесі ретінде «Пугачев тарихы», «Капитан қызы» сияқты танымал шығармалары дүниеге келді.
Орыс патшасына қарсы Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне Досалы сұлтан бастаған қазақ жасақтарының да қатысқанын айта кеткеніміз жөн. 1774 жылы Е.Пугачев көтерілісіне қатысқан башқұрт полковнигі Б.Қанқаевтың мәлімдемесі бойынша, көтерілісшілер құрамында он мың қазақ болған. Пугачевты дарға асқаннан кейін де Кіші жүз қазақтарының патша өкіметіне қарсы қозғалысы басылған жоқ. Қақтығыс үздік-создық созыла келе 1775 жылдың аяғында Сырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт - азаттық қозғалысына ұласқаны тарихтан мәлім.
Орал қаласы жасыл желегімен де, тазалығымен де, ескі де жаңа келбетімен де бізге қатты ұнады. Екі құрлықты жалғап, ұзындығы бір жарым шақырымға созылып жатқан көпірден жауын-шашынды, қара суық құбылмалы ауа райында өтсек те көңіліміз көне шаһарға деген жылылық сезіміне тұнып тұрды.
ЖАЙЫҚТА ӨТКЕН ЖАСТЫҚ ШАҚ
Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың Орал қаласындағы тұрған үйінде болу біз үшін естен кетпес әсерлі сәт болды. Жолбасшымыз Нармахан аға Бегалыұлы «Басқа-басқа Қасым Аманжоловтың тұрған үйі мен Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығына міндетті түрде баруға тиіспіз» дегенді жол-жөнекей айтумен келді. Оның үстіне, Қасым Аманжоловтың 100 жылдық торқалы тойы қарсаңында Қарағандыдан Орал қаласына арнайы барып, ақиық ақынның жүрген жолы, шығармашылығы жайлы зерттеу жүргізіп қайтқан курстасым, қасымтанушы Ермек Балташұлының сол кездегі жазбаларын оқып, одан кейін 2021 жылы құрастырушылдардың бірі болып шығарған «Қасым тағылымы» деген екі томдық кітабымен танысып, «осынау тарихи жерлерде мен де болсам екен» деген ой түйген болатынмын. Сол арманым шындыққа айналып, ойымның орайы келгеніне қуандым.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Қасым ақын жалдап тұрған пәтер А.Карев көшесіндегі №69 үй екен. Бұл мекен-жай жеке адамның меншігінде болса да қабырғасына ескерткіш тақта орнатыпты. Келешекте мемлекет қарамағына алынып, Қасым Аманжолов атындағы әдебиет үйіне айналады деген ақжолтай хабарды есіттік. Тұрғын үй жақсы сақталған. Осы бір шағын үйде өмірінің ең бір әсерлі шағын өткізіп, жалынды жырларын жазған. Оған ақынның:
— ... Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден.
Алушы ед тартып мені ылғи,
Махаббат, жастық лебімен.
Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап, үйге еніп?...,— деген өлең жолдары куә.
Біз Қасым ақынның өлеңіне арқау болған теректі пәтерінің терезесінің тұсынан іздеген едік, қураған алып теректің діңгегі мен орнына ғана куә болдық. Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевке қызмет атқарған ғимаратына да ескірткіш тақта орнатыпты. Бұл іс-шараның бәрі де ұлтымыздың болашағы – кейінгі толқын ұрпағымызға қажет екендігін сезіндік.
Ендігі кезекте ақынның өмір жолына аз-кем тоқталып өтсек, артықтық етпес. Қарқаралы топырағында дүниеге келген Қасым Аманжоловтың жалынды жастық шағы Жайық бойында өтеді. Осы жақта жүріп, ақындық адымы қалыптасады. Жиырма жасында Орал қаласында әскери міндетін өтеуге келген жас жігіт жауынгерлік борышын атқара жүріп, қолы босай қалғанда қаладағы «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясына барып тұруға да уақыт табады. Оның тұңғыш өлеңі осы газетте жарияланды. Қасымның әскери борышының мерзімі бітсе де Оралдан кетпеді. Оралдағы қазақ драма театрына қызметке қабылданды. Ол облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде де жұмыс істеді. Осы жерде жүріп, ақын Абдолла Жұмағалиевпен танысып, достасады. Кейіннен Алматыда жолдары түйісіп, соғысқа аттанғанға дейін жұбы жазылмай бірге жүреді. Абдолланың соғыста ерлікпен қаза тапқанын естіп, «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэмасын жазады. Бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік туынды болып қалды.
Жалпы, Қасым қазақтың қара өлеңінің шебері ғана емес, аудармашы, әнші, әртістік өнерімен қатар домбыра, мандолина, гармон, скрипка сынды аспаптардың құлағында ойнайтын «сегіз қырлы, бір сырлы» ақын болған. Ақынның өшпес рухы оның өзі жырлағандай
«Өзге емес өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да» деп тұрғандай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
ШАБЫТЫ ШОҚ БОП МАЗДАҒАН
Аты аңызға, заты абызға айналған Қадыр Мырза Әлі ағамыздың атындағы Мәдениет және өнер орталығына бет түзегенімізде ойымыз онға бөлінсе де көңіліміз көкке көтерілді. Ұзақ сапарға шыққанның да өз ерекшелігі болады. Таңертеңнен кешке дейін қатарласып, иықтасып бір кабинада отырғандардың айтар әңгімесі де, ортаға салар ойы да таусылмайды.
«Өмір өзі суарған,
Ой деген де ну орман» деп, Қадыр ақын жырлағандай, жол үстінде ой тоғысы мен әңгіме төркіні Қадыр ағамызға ойысты. Мен университет қабырғасында жүргенімде Қадыр ағамыздан әдебиет теориясы бойынша дәріс алғанымды, қызмет атқарып жүргенімде Арыс қаласына келген ақиық ақынды күтіп алып, дидарласқанымды ортаға салдым. Шынында, ол кісінің сабақ өту әдісінің ерекшелігі сондай, болашақ журналистерге оқитын лекциясын басқа факультеттің студенттері де келіп тыңдайтын.
— Бір жолыққанымызда, — деп жалғастырды Нармахан аға әңгіме көрігін одан әрі қыздыра түсіп, — Қадыр ақын жаңа ғана жарық көрген кітабынан
«Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Жындыдылық керек аздаған» деген өлең жолдарын оқыды. Осы шумақтағы «жындылық» сөзі менің көңіліме қона қоймады. Мен өз ойымды ақын ағамызға білдіргенімде «бұл ойыңды қандай сөзбен алмастырар едің?» дегенді айтты. Мен «жындылық» дегеннен гөрі «аусарлық» деген сөз орынды болар еді дегенді жеткіздім. Бірақ, кейін бұл өлең шумағы
«Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған» деп, жындылық та, аусарлық та емес асаулық болып жарық көріп жүр.
Нармахан аға Қадыр ақынмен жақсы шығармашылық қарым-қатынаста болған. Оған Қадыр ағамыздың «Нармахан менің інім. Поэзия дейтін ару қызыма үйленген күйеу балам да тәрізді» деген қанатты сөзі дәлел.
Сонымен, Орал қаласының 40 мыңнан астам тұрғыны бар №5 шағын ауданында орналасқан Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығына да келіп жеттік. Бізді әдеби орталық қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алды.
— ҚР Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлықтарының иегері, Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығы ақынның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған болатын, — дейді орталық қызметкері Ақмоншақ Жәнібекқызы Есенова. — Қадыр ағамыздың Алматыдағы жеке кітап қорындағы 7 мың кітапты осы жаққа алдырып, оның 6767 данасы өнер орталығында сақтаулы. Қалғаны қалалық орталық кітапханаға өткізілді. Ғимараттың жалпы көлемі 3960,7 шаршы метр. Орталықта 1125 орындық амфотеатр, 150 орындық концерт, 30 орындық конференция, көрме залдары, кітапхана, үйірмелер бөлмесі және Қазақстан Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер одақтарының облыстық филиалдары жұмыс істейді. Сондай-ақ, ғимарат алдында LED экран орнатылған. Онда Қадыр ағаның афоризмдері жазылған және фотосуреттерінен жасалған бейнероликтер көрсетіліп тұрады.
Шынында, сырт бейнесі киіз үй пішіндес, ішкі бөлігі еңселі де заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған орталықта адам қызығарлық дүниелер мол екен. Қадыр ағаның мемориалдық кабинетіне кірген адамдар ақынның өз үйінде болғандай сезінеді. Онда жазу үстелі мен орындықтары, қолжазбалары, өзі қолданған бұйымдар мен пайдаланған жазу-сызу құралдары қойылған. «Өз өмірінің әр күнін, әр сағатын әдебиетке арнаған ағамыз кей кездері ауырып төсек тартып қалса да шалқалай жатып, жазуын тоқтатпайтын еді» дегенді жиі есітіп, «аспанға қаратылған қаламсаптың сиясы таусылып қалмайды ма?» деп таң қалатынбыз. Сөйтсек, ол кісі өз шығармаларын еш уақытта сиясы бар қаламсаппен жазбаған екен. Тек қана қалам қолданыпты. Сол қаламы, қаламдарын ұштайтын бәкісі де, қате кеткен жерлерін түзейтін өшіргіші де — бәрі-бәрі жеке кабинетіндегі жәдігерлерді өз құндылықтарымен байытып тұр. Өзі пайдаланған 7 мыңға жуық кітаптың қай сөреде, қай қатарда тұрғанын анықтау да қиын емес. Нармахан ағамыздың Қадыр ақынға арнап қолтаңба жазып, сыйға тартқан бір емес бірнеше кітабын арнайы құрылғыдан интернет желісі арқылы тез-ақ тауып алдық.
Өз өмір сүрген дәуірдің мінезін өлең жолдарына арқау еткен ақынның мұражайындағы естелік кітапқа барлығымыздың атымыздан Нармахан аға Бегалыұлы естелік айтып, оны әдеттегідей Тұйғынбек бауырымыз қағазға түсіріп жатты. Ғимарат алдындағы ақынның еңселі ескерткішінің алдында суретке түсу де біз үшін зор мәртебе, есте қалар ерекше сәт болды.
Жалпы, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлаған Қадыр аға 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысы, Сырым ауданының орталығы Жымпиты кентінде дүниеге келген. Оның шығармашылығы қазақ поэзиясында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай бермек. Ол көп оқыған адам. Бүкіл ғұмырында 7 мың кітап жинап, бәрін оқып шыққан. Олардың қатарын сапарлас ағамыз, ақын Нармахан Бегалыұлының бірнеше кітабы толықтырып тұруы — біз үшін үлкен тосын сый болды.
Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы «Көктем» атауымен 1959 жылы жарық көрді. Одан кейін оның елуден астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ, әдеби сын кітаптары оқырмандар қолына тиді. Өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Қадыр ағаның «Ақ отау», «Домбыра», «Жерұйық», «Қорамсақ», «Қылыш пен қанжар», «Мәңгі майдан», «Алмас жерде қалмас» сынды тағы басқа жинақтары қазақ поэзиясында бұрын-соңды болып көрмеген құбылыс ретінде қабылданды.
— ... Амал қанша!
Татар дәмім таусылды.
Қабірстан құшағымен қаусырды...
Жоқ! Өлмеймін!
Елім талай естиді
Лентаға жазып алған даусымды!
Кейбір жырым дән ұшырып қырманда,
Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда.
Жоқ! Өлмеймін!
Правом жоқ өлуге,
Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда! — деп ақынның өзі жырлағандай, сөз сыйлайтын халқының бір өкілі ретінде шабыты шоқ боп маздаған ақынның туған жеріне барып, мұраларымен танысуымызды Қадыр ағаның аманатына құрметіміз деп білдік.
Сол күні кешке бізді Есенжол ағамыз арнайы қазан көтеріп, қонаққа шақырса, Тұйғынбектің курстас қыздары Жанна мен Бибінұр да дастарқандарын молынан жайып, бізді қонақ етуді ниет етіпті. «Досы көптің асы көп» дегендей, екі қариямызды Есенжол ағамыздың жанына қалдырып, Тұйғынбек екеуміз курстас қыздардың қолынан дәм татуды жөн санадық. Ертесіне бізді Жымпиты кентіндегі Күнбатыс Алашорданың орталығы болған тарихи ғимарат күтіп тұрды.
Жалғасы бар.
Әбдімәлік Ағыбай,
Шымкент — Бөкей Хан Ордасы — Орал, 7.11.2024 ж.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через