фото: https://arqau.kz
"Мәшһүр Жүсіп бір күні Баянауылға бармақ болып, жанына баласы Шарапиден мен сүйікті немересі Төлеубайды ертіп, жолға шығады. Бозбай деген жерден аса бергенде немересі "шөлдедім" десе керек. Сонда Мәшһүр Жүсіп: "Алдымызда көрініп тұрған үйге барайық, сонда сендерді бір ауқаттандырып алайын", – дейді. Үйге тақай бергенде 12–13 жаста немересі: "Ата, біздің алып шыққан тамағымыз жоқ қой", – дегенде, қасиетті бабамыз: "Қазір не көрсеңдер де үндемеңдер, ештеңе сұрамаңдар", – деп, балаларын төбесі құлаған екі бөлмелі үйге алып келеді. Өзі бірінші боп кіріп, жерге жайғасып отырады. Атты байлап, соңынан балалары да кіреді. Сол уақытта атамыз бір дұғаны оқи бастайды. Кенет өзінен-өзі алдарына дастархан жайылады. Ұстап келе жатқан тірі жан көрінбесе де, ет салынған табақ, әртүрлі тағамдарға толы ыдыстар келіп дастарқанға қойылады. Атамыз жақсы көретін өрік-мейіз де бар. Шай құйылған кеселер келіп, босаған ыдыстар жоғары көтеріліп, ауамен қалқып есіктен шығып кете береді. Олардың қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын түсінбеген Төлеубайдың қорқып, дұрыс тамақтана алмай отырғанын сезген Мәшһүр Жүсіп: "Қорықпай ішіп-жеп, тойып алыңдар", – деп, көңілі қалағанын жеп отыра берді. Тамақтанып алған соң Мәшһүр Жүсіп тағы бір қысқа дұғаны оқығанда, алдарында жаюлы тұрған дастарқан көзден ғайып болады. Ал жолда балаларына: "Жаңа ештеңе ұқпаған боларсыңдар, бізді тамақтандырған жын-перілер ғой", – депті.
Мәшһүр Жүсіп жын-періні өз ырқына бағындыратындай әулиелік қасиетке білімінің арқасында қол жеткізген.
Әулие өзінің өлер уақытын болжап, сол сәтке үлкен дайындық жұмыстарын жүргізген екен...
"Мәшһүр Жүсіптің денесінің 21 жыл ашық жатуы әлі күнге дейін жұмбақ.
Мәшһүр Жүсіп үлкен баласы Шәрәпиденге: "Мен өлгеннен кейін қырық бір жылға дейін денем бұзылмайды. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады", – деп өсиет етеді.
Біреулер денесін шірітпейтін арнайы дәрілік шөптер ішкенін айтады. Ондай дәрі болса, басқа әулиелер немесе бақсылар, тіпті байлар неге қолданбады екен? Тіпті топырақтың құнарлығында алға тартатындар бар. Қалай болғанда да, бұл – Алланың әмірімен болған жағдай.
Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылов былай дейді: "Бала кезден есімде (1947–1948 жылдар болуы керек), бейіт ауыз үйден және төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Адамдар қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін.
Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Алдын-ала жағып, дайындап қойған шамды маған "алып бер"дейді. Апарып беремін. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көріп, "былқылдап, жұмсақ жатыр", - деді, сосын тек бақайының тырнақтары түсіп қалғанын айтты.
Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйіндік Көпеев марқұм да өз естелігінде: "1946 жылы Сәбит Мұқанов келіп, қабірдің ішіне түскен еді. 1950 жылы өзім де түсіп, денесін сипаған едім, сонда жадағай жерде жатса да, біртүрлі хош иіс шығып тұрды. Ешбір құрт-құмырсқа, көрді жайлап алатын сасық күзен, тышқанның ізі білінбеді", - деп жазған болатын.
Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мазарына қызыл өкіметтің жендеттері талай келіп, ішіне кіре алмай немесе жолда ажал құшқан кездері болған. Ал зиратын жермен-жексен еткен хатшы да, оны бұзған адамдар да кейін қарғысқа ұшырап, оңбай кетсе керек. Тіпті ұрпақсыз кеткенін көрген жұрт "әулиенің ісі ғой" десетін.
Мәшһүр Жүсіп өзі қайтыс болғаннан кейін де қазақтың азаптан арылмасын болжап: Күншілдер көрінгенге қуғын салып, Ақыры күнәсізге жала болар. Үлгілі өнегелі салты құрып, Қаптаған айналасы қала болар, - деп, қуғын-сүргін мен отырықшылыққа көшірудің зардаптарын жырға қосады.
Енді бірде: "Ақиқат жолында жалындап, Алланың жазуымен емес, адамның қолынан қаза болғандардың ғасыр соңында жұлдызы жанар", – деген екен. Демек, Қазақстанда орын алған сталиндік саяси қуғын-сүргіннің бетпердесі ашылып, тұлғаларымыздың ақталарына сенген болса керек.
Дерек көзі:ғаламтор
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через