«Астана – Челси» матчына Англиядан 500-ге жуық қонақ келеді

«Астана – Челси» матчына  Англиядан 500-ге жуық қонақ келеді
фото: pexels.com

Бүгін кешкі сағат сегіз жарымда Алматының Орталық стадионында елордалық «Астана» клубы лондондық «Челсиді» қабылдайды, деп хабарлайды 24KZ. 

Конференция лигасы аясындағы ойынға алыс-жақын шетелден мыңға жуық жанкүйер келген. Билеттің бағасы қымбат болғанымен, көбі сатылып кеткен. Конференция лигасында көш бастап тұрған «Челсиге» қарсы ойнау – «Астана» командасы үшін үлкен жауапкершілік. 

 Абзал Бейсебеков, «Астана» ФК команда капитаны: - Осы ойынды өте қатты күттік, қанша ай бойы дайындалдық. Енді ертеңгі ойында өзімізге сенімдіміз, 100% жақсы нәтиже болатынына сенімдіміз. Бүкіл күшімізді салып, тырысып ойнаймыз.

 Елордалық футболшылар маңызды ойын алдындағы жаттығуды жиілете түскен. Жерлестеріміз аянып қалмайтынын, бар күшін салатынын айтты.

 Григорий Бабаян, «Астана» ФК бас бапкері: - Соңғы 5 ойынды қарасаңыз, «Челси» гол саны бойынша 13 балмен бірінші орында тұр. Бұл үздік көрсеткіш. Дегенмен екі команда да суық ауа райында ойнамаған. -10 градус суық болады. Алаңға шыққандар бір орында қарап тұрмайтыны сөзсіз. 

Орталық стадионның қақпасы кешкі сағат алты жарымда ашылады. «Челси» клубының жанкүйерлері Абай даңғылы жағындағы алтыншы қақпадан кіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Англиядан 500-ге жуық қонақ келеді. Одан бөлек, көршілес елдерден де бір қауым адам келеді. 

Риза Шабанаева, «Астана» ФК спорттық іс-шараларды ұйымдастыру басқармасының басшысы: - Астана командасына қолдау көрсететін жанкүйерлердің бәрі де қалған 5 қақпалардан кіруге болады. Билеттің сатып алуына байланысты батыс, шығыс және оңтүстік қақпалардан кіре алады. 

«Астана – Челси» кездесуінің билет бағасы 15 мың теңгеден басталады. Әзірге 80%-тен аса билет сатылған. Ұйымдастырушылар жанкүйерлерге қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Сонымен қатар күн ашық болғанымен, кеште -10 градус суық болады. Сондықтан жылы киінген жөн.