"Алтын қалам" қаламгерлерді қолдайды

"Алтын қалам" қаламгерлерді қолдайды
фото: Алтын қалам байқауы

"Сапалы Қазақстан" ақпараттық-сараптама порталы "Алтын қалам" әдеби байқауының ақпараттық серіктесі

"Алтын қалам" әдеби байқауын ұйымдастырушыларға, демеушілерге, қолдаушыларға алғысымызды білдіреміз. Мұндай шаралар - шығармашыл қауым үшін үлкен қолдау, демеу. 

Көркем әдебиеттің қанат жаюына өз үлесін қосатын мұндай игі бастамалар қолына қалам ұстап осы сапта жүргендердің, әсіресе жас қаламгерлердің жазуға деген құлшынысын арттырып, стимул берері сөзсіз.  

Алтын қалам байқауы

 Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі - конкурсқа қатынасушылар ұсынған туындылар бірден "Алтын қаламның" ресми сайтына шығады. Шығармаларға оқырмандар дауыс береді, сонымен бірге қатысушылар да бір- бірінің бәйгеге үкілеп қосқан туындыларымен таныса алады. 

Мен "Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы" аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Кино өнерінде бүгінгі таңда кенжелеп қалған саланың бірі - балаларға арналған фильмдер. Біз - "Менің атым Қожа", "Алпамыс мектепке барады" секілді классикалық балалар фильмін көріп өскен, солардың рухында тәрбиеленген ұрпақпыз. Мұндай кинолар қазір жоқтың қасы. 

Алтын қалам байқауы

Алтын қалам байқауы

Байқауға балаларға арналған толықметражды көркем фильмнің сценарийін ұсынған едік. Әділ бағалаған қазыларға рахмет. Осы тұста тағы бір ерекше айта кететін жайт - бізде "Алтын қаламнан" басқа киносценарийлерді саралап, талдап бағасын беретін конкурс жоқ екен. 

Соңғы жылдары Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізіп жүрген питчинг бар. Бірақ ол питчингке сценарист өзі тікелей жазған дүниесін ұсына алмайды. Ол үшін жеке компаниясы, немесе қазіргі тілмен айтқанда продакшны болу керек. Немесе, сондай бір продакшнның атынан қатысуға ғана мүмкіндігі бар. Бір продакшн питчингке екі сценарий ғана ұсына алатынын да айта кеткен жөн. Сондықтан олар - продакшндар негізінен питчингке өздеріңің жазған сценарийлерін ұсынады. Олардың істеп отырғаны дұрыс шығар,  ренжуге де болмас.  Сол үшін продакшн ашып отыр. Ал, жеке продакшн ашу екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес.  

Алтын қалам байқауы

Осы тұрғыдан алғанда "Алтын қалам" байқауы - топ жарған сценарийлердің - осы салаға қарасты құзіретті мекемелер, қолында әлеуеті бар азаматтар, атақты продюссер назарына ілігіп, жарыққа шығар, үлкен экранға жол тартар деген үміт бар...     

   Біздің анықтама:   Шаридияр Асфандиярұлы Валиханов 

     1991 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Отыз жылдан аса жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарған. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. 2000-2002 жылдары Мәскеу қаласындағы сценарийшілер мен режиссерлардың Жоғары курсында оқыған. 2 монография, 100-ден аса ғылыми-зерттеу мақалалар, бірнеше эссе, әңгіме, бір киносценарийдің авторы. 2017 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 2013 жылдың  жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері.  Бүгінгі күні Астана қаласында тұрады.