фото: Алтын қалам байқауы
Асқақ Алматының орны бөлек, шіркін. Алатаудың етегінде орналасқан ару қаламыз – мәдениет, ғылым, білім, орталығы. Сонымен қатар, әдебиет пен өркениеттің қара шаңырағы, дүбірлі ордасы.
Мың жылдық тарихтан тамыр тартатын зиялы қауымның рухани астанасына айналған Алматыны дәріптеу, талантты қаламгерлердің қаламынан туған тың дүниелерді ел көлемінде насихаттау арқылы арман қаланың әр қырын кеңінен таныту ардың ісі.
Оның үстіне дәл қазіргі күні Алматы таңдаулы да, талғампаз әдебиет өнерінің шынайы жанашырына, дем берушісіне, таратушысына айналып отырғаны даусыз.
"Алтын қалам" байқауы
Әсем шаһарда жақында ғана тағы бір тамаша әдебиет кеші – «Алтын қалам» байқауы жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Халық арасынан дараланып шыққан ақын, жазушы, драматург, сатириктердің шығармашылық тағдыры да Алматымен тікелей байланысты десек, қателеспеспіз.
Осы жолы еліміздің әр қиырынан Алматыға әріптестерімен жүздесуге, ару Алматыны көруге, мәртебелі сый-сыяпатын алуға асыға жеткен қаламгерлер көп болды.
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ұйымдастырылған салтанатты жиын «Керуен» би ансамблінің өнерімен басталды. Жеңімпаздарды құттықтау үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Байғали Есенәлиев, Шымкент шаһарынан жазушы, "Алтын қалам" иегері Ділдәгүл Нұрмаханбет, Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов және жоба серіктестерінің өкілдері арнайы келді.
"Алтын қалам" байқауы
Әдеби ортада танымал жоба бұл жолы балалар әдебиеті шығармашылығына арналған байқаудан оза шапқан дүлділді марапаттаумен басталды.
«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ӘДЕБИЕТІ» аталымы бойынша алматылық Нұрбек Нұржанұлы «Қаһарман құмырсқалар» туындысымен жүлдеген атанды.
"Алтын қалам" байқауы
Ұйымдастырушылардың еңбегі зор, дайындықтары өте сапалы болды. Мұндай игі іс-шараларға қатысу арқылы шығармашылыққа деген мотивация аласың. «Алтын қаламға» қатысып, шабыттанып, жазғың келеді, әрі соңында Абай, Мұхтар, Мағжандардың қаламы секілді қаламымыз «алтынға» айналса екен деп армандайсың.
Бұл байқауда үздік шыққан туындым – «Қаһарман құмырысқа» шығармасы. Бұл еңбектің басты идеясы – кез келген қоғамды немесе адамды «кішкентай» деп елемей, менсінбей қарамау. Себебі биік тұлғалар мен алып жетістіктер кішкентай бастамалардан туындайды. Кішкентай дән – алып ағашқа, кішкентай тозаң – гүлге, ал кішкентай жүрек – үлкен әлемге айналады. Сол сияқты, басты кейіпкерлер Бек-Пек пен Тек-Түк өздерінің кішкентай болғандарына қарамастан, өз тайпаларын жаудан құтқарып қалады.
«Алтын қалам» байқауы – тасада жүріп жазатын талай талантты қаламгердің бағын ашуға мүмкіндік беретін ерекше конкурс. Әсіресе, қатысушылардың шығармаларын кітап қылып шығару – оқырмандар үшін үлкен олжа. Бұл байқау жыл сайын жалғасын тапса екен дейміз. Ұйымдастырушыларға және осы жобаның басы-қасында жүрген барлық әдебиет жанашырларына, әсіресе игі істің бастаушысы болған Кенже Өскенбай мырзаға алғыс айтамын. Бүгін сіздер қолдаған әдебиет ертең өз жемісін беріп, талай таланттың тууына себепкер боларына сенімдімін. Еңбектеріңіз жана берсін!ғ деді Нқрбек Нұржанұлы.
«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК САТИРАСЫ» аталымы бойынша Жетісу облысының Үштөбе қаласынан келген Асхат Өмірбаевтың "Қыңқ етпеңіз, бізде бәрі жақсы" шығармасы көптің көңілінен шықты.
"Алтын қалам" байқауы
Биыл осы байқауға жолдаған “Қынқ етпеңіз, бізде бәрі жақсы” атты сатиралық шығармам назарға ілігіп, екінші мәрте жүлдегер атандым. Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген сый болды. Сатира жанрында ара-тұра қалам тербеп жүрсем де, байқауда бағым жанар деп ойламаған едім. “Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек” дегендей, осынау қуаныштың әсері ерекше болды. Сатиралық шығармамда еліміздегі көзбояушылық пен жағымпаздық, халықтың ауыр тұрмысына немқұрайдылығын қарау секілді жайттарды қаламыма арқау еткен едім.
Әдеби ортада кеңінен танылған "Алтын қалам" байқауы еліміздің талай жас дарындар мен жаңа есімдерді көпшілік қауымға таныстыруда өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Осы орайда «Алтын қалам» байқауын ұйымдастырып, еліміздегі әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосып, шапқылап жүрген азаматтарға алғысым шексіз, деді Асхат Өмірбаев.
"Алтын қалам" байқауы
«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КИНО СЦЕНАРИЙІ ЖӘНЕ ДРАМАТУРГИЯСЫ» аталымы бойынша астаналық Шаридияр Уәлихановтың «Жақын да алыс жол» киносценарийі қазылардың назарына ілінді.
"Алтын қалам" байқауы
Бұл байқаудың бір ерекшелігі - конкурсқа қатынасушының ұсынған туындысы бірден "Алтын қаламның" сайтына шығады. Ол шығармаға оқырмандар дауыс береді, сонымен бірге шығаршылық бәйгеге қатысушылар да бір- бірінің шығармаларымен таныса алады. Мен "Киносценарий және драматургия" аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Кинода бүгін кенжелеп қалған саланың бірі - балаларға арналған фильмдер. Біз - "Менің атым Қожа", "Алпамыс мектепке барады" секілді классикалық балалар фильмін көріп өскен, солардың рухында тәрбиеленген ұрпақпыз. Мұндай кинолар қазір жоқтың қасы. Байқауға балаларға арналған толықметражды көркем фильмнің сценарийін ұсындым. Бағалаған әділ қазыларға рахмет. Осы тұста тағы бір ерекше айта кететін жайт - бізде "Алтын қаламнан" басқа киносценарийлерді қарайтын конкурс жоқ екен, деді Шаридияр Уәлиханов.
"Алтын қалам" байқауы
Осы марапаттан кейін байқауға қатысып жатқан дарынды қаламгер, жас драматург Бақыт Жалиеваның «Өткен шақтың үні» атты моноспетаклінің тұсауы кесілді. Бұл жаңалық автор үшін күтпеген жағдай, ерекше тосын сый болды. Себебі, киносценарий және драматургия аталымы бойынша сайысқа түскен үздік шығармалардың бірі сахналады деп еш жерде алдын ала жарияланбаған еді.
"Алтын қалам" байқауы
Автордың тартымды туындысын Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының талантты әртістері сәтті бейнелеп, көркем шығарманың мәнін, ажарын аша түсті.
"Алтын қалам" байқауы
«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯСЫ» аталымы бойынша астаналық Алтынбек Мерсадықтың "Құбылу" өлеңі бәйге алды.
«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ФАНТАСТИКА НЕМЕСЕ ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМАСЫ» аталымы бойынша ақтөбелік Бақыт Жалиеваның тасы өрге домалады. Жас жазушының "Жазасыз қылмыс" әңгімесі оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
"Алтын қалам" байқауы
Мен үшін "Алтын қалам" әдеби байқауына қатысып бақ сынаудың өзі үлкен жеңіс. Себебі онда мықтылар бақ сынасып қана қоймай, мәреге жетуге ұмтылады. Ал жаңа бастаған қаламгер үшін, көптің ішінен топ жарып, көзге түсудің өзі үлкен жетістік болар.
Осыдан бір апта бұрын әлеуметтік желіге "Алматыны сағындым",-деп жазған едім, келесі күні "Сіз Алтын қалам жүлдегерісіз",-деп қоңырау шалынғанда төбем көкке жетті. Мен Алматыға Алтын қаламға барамын. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Бұл байқау тек қатысып, жүлде алу емес, шығармашылық ортаны бір бірімен табыстыратын, таныстыратын, жаңа творчествалық идея сыйлап , шабыттандыратын байқау, деп ағынан жарылды Бақыт Жалиева.
"Алтын қалам" байқауы
Жобаның бас жүлдесі «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПРОЗАСЫ» аталымы бойынша Бекен Ыбырайымға бұйырды. Қаламгердің «Уран кеніші» атты туындысы жеңімпазға 1 000 000 теңге сыйлады.
"Алтын қалам" байқауы
«Алтын қалам» байқауы ашылғаннан бастап, көптеген жас қаламгерлердің бағын ашып, әдебиеттің шексіз айдынында құлаш ұруына игі ықпал жасағанын зор қанағаттанғандық сезіммен атап айтар едім. Осы байқауда ілкі қадамдарымен танылған сол жастар бүгінде әдебиетіміздің танымал өкілдеріне айналды.
Алғашқы адымымды көркем әдебиет саласында бастағаныммен, кейін көп жыл бойы әдебиеттану саласында еңбек етіп, 2018 жылдан бастап, жаныма жақын өнерге оралғанымда, «Алтын қалам» байқауының сол жылғы бас бәйгесі айрықша шабыт бергенін зор құрметпен айтатынымды жасырмаймын. Мен үшін «Алтын қаламның» орны бөлек. «Алтын қаламның» эмоциялық қолдауының арқасында одан кейін тағы да алты рет байқауға қатысып, жүлде берілгенін сөз арасында айта кету – мақтаныш емес, әділ байқаудың шығармашылыққа қалай оң әсер ететінін ескеру, деп сөзін түйіндеді Бекен Ыбырайым.
"Алтын қалам" байқауы
Алдағы жылы «Алтын қалам 2024» байқауының жеке жинағы жарық көреді. Бұл кітапқа оқырмандардың қолдауына ие болған, қазылардың әділ бағасын алған үздік шығармалар енеді. Жаңа жинақ байқаудың демеушісі Нұрлан Смағұлов атындағы қордың қолдауымен жарық көреді.
"Алтын қалам" байқауы
Байқау жеңімпаздарын марапаттауға кешіне арнайы келген Нұрлан Смағұлов атындағы қордың директоры Айдын Сұлтанов аталған қордың мақсаты - әлеуметтік бастамаларды, өнер және спорт саласындағы жобаларды қолдау, сондай-ақ еліміздің талантты адамдары үшін жаңа мүмкіндіктер жасау екенін атап өтті.
"Алтын қалам" байқауы
«Алтын қалам 2024» байқауға қаржылай қолдау көрсеткен Нұрлан Смағұлов қоры 2020 жылы құрылды. Қайырымдылық қызметімен қатар, қор отандық авторлардың кітаптарын, оның ішінде Ілияс Есенберлиннің шығармаларының толық жинағын басып шығаруға және аударуға бірнеше рет қаржылай көмек көрсетті, деді Айдын Сұлтанов.
"Алтын қалам" байқауы
Биыл байқауға Нұрлан Смағұлов атындағы қор қолдау көрсетті. Жобаның серіктестері: Русское радио-Азия, КТК телеарнасы, Қазақстан баспасөз клубы, Standart.kz youtube арнасы, «Сапалы Қазақстан» ақпараттық–сараптама порталы, «Meloman» сауда желісі.
"Алтын қалам" байқауы
«Алтын қалам» әдеби байқауы халқымыздың рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы саналатын көркем әдебиетті дәріптеу үшін алдағы уақытта да еңбек ете береді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через