Әлемде ең көп тараған вирус

Әлемде ең көп тараған вирус
фото: https://pixabay.com/ru/

Жуырда елімізде қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салу басталғаны белгілі. Елімізде жыл сайын екі мыңға жуық әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдықса, 600-ден астамы осы дерттен көз жұмады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95 пайыз жағдайда жатыр мойны ісігін тудырушы негізгі фактор – «Адам папиллома» вирусы. Вирус адамға несімен қауіпті? Екпе қауіпті індеттен қорғай ала ма? Вирусқа мән бермеудің соңы неге ұласуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Қазір «Адам папилломасы» вирусы бүкіл әлем бойынша инфекцияның ең көп тараған түріне жатады. Әр адам өмірінде осы вирусты жұқтыру ықтималдылығы 80 пайыз. Он адамның сегізі вирустың бір немесе бірнеше түрін жұқтыруы мүмкін. Бұл тұрмыстық тәсілмен, атап айтқанда қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы, жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғады. Сондай-ақ, босанған анадан балаға өтуі ықтимал. Тіпті, адам өзіне өзі жұқтырады. Мысалы, қырынған кезде ағзаның бір жерінен екіншісіне тарайды.

Биылдан бастап Бас мемлекеттік санитардың қаулысына сәйкес, екі дозалы төртвалентті «Гардасил» вакцинасымен 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау тегін жүргізіледі. Қазір бір дозасын, алты айдан кейін екіншісін алады.

Жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына қарсы екпені салу үшін ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің келісімі алынады. Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін. Біріншіден, бұл екпенің ешқандай да қарсы көрсетілімі жоқ. Ең алдымен ата-ананың рұқсаты керек. Сосын дәрігердің кеңесінен өтуі тиіс.

Екіншіден, бұл екпенің пайдасы көп. Өйткені, екпені 15 жылдан бері әлемнің 135 елінің халқы алып жатыр. Атап айтқанда, бұл тізімде Грузия, Түркіменстан, Армения, Өзбекстан және Қырғызстан елдері бар. Бұл мемлекеттерде жатыр мойны қатерлі ісігінің көрсеткіші төмендеген. Тіпті, жеңді деуге болады. Өкініштісі, Қазақстанда қатерлі ісік түрі бойынша жатыр мойны обыры екінші орында тұр. Елімізде күніне 2 әйел көз жұмады екен. Мұның себебі белгілі болып, оның алдын бүкіл әлемде екпемен ғана алатын болғандықтан, ата-аналар да түсінуі керек. Болашақ ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамау тиіс. Медицина мамандары екпені салдыру керектігі жөнінде әлі де болса халыққа түсіндірме жұмысын жүргізуге дайын. Өйткені, бұл жылдар бойы тексеріліп, зерттелген. Қолданыста 15 жылдан бар екпе. Қаншама жылдан бері алып келген елдерде бәлендей мәселе туындаған емес. Әрине, екпе алғаннан кейін, 100 пайыз жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдықпайды деген кепілдік жоқ. Алайда, екпені ерте жастан салдырған қыздардың болашақта ауруға шалдықпау мүмкіндігі - 80 пайыз.

 Жетісу ауданы санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының ЭБжҚБ-нің  бас маманы Ақбота Асқарқызы Құдасбек