Аягөз қаласының бір бөлігі жарықсыз қалды

Аягөз қаласының бір бөлігі жарықсыз қалды
фото: Қазақстан МТЖ

Абай облысында "Біріккен энергосервистік компаниясы" АҚ-ға қарасты электр жабдықтау қосалқы станциясының өртенуі салдарынан елді мекендер жарықсыз қалды, деп хабарлады облыстық әкімдік.

Өрт 18 желтоқсанда сағат 23.30-даАягөз ауданында болды. Өрт сөндіру жұмыстарына 4 өрт сөндіру көлігі, 15 қызметкер жұмылдырылды.

Сағат 23:59-да өрт оқшауланды, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде Мамырсу ауылдық округі және Аягөз қаласынан басқа барлық ауылдық округ электр энергиясымен қамтамасыз етілді", - деп жазылған хабарламада.

Қала бойынша бірінші кезекте орталықтандырылған 6 жылу қазандығын іске қосу жұмыстары қолға алынып, қазіргі таңда 5-уі іске қосылды. Біреуі қосылып жатыр.

"БЭСК" АҚ Үржар, Жарма аудандары мен Өскемен және Семей қалаларынан келген 7, сондай-ақ аягөздік 3 бригада жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 30-ға жуық маман жұмылдырылды.

ҚазАқпарат