Жүргізуші курсын онлайн оқыту тоқтатылады

Жүргізуші курсын онлайн оқыту тоқтатылады
фото: pixabay.com

Жүргізушілерді даярлау сапасы сын көтермейді

Жүргізуші куәлігін алуға өз бетінше дайындалу және онлайн оқу тетігі жойылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сіілтеме жасап хабарлайды. 

Оқу курсын аяқтағаны туралы куәлікті электронды нұсқаға толық көшіру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.

«Жүргізушілерді даярлау сапасы сын көтермейді. Талдау көрсеткендей, жол апаттарының негізгі себебі әлі де көлік тәртібінің төмендігі болып отыр. Келтірілген сандар да осыны дәлелдейді. Мысалы, 10 миллионнан астам жол ережесін бұзудың жолын кесу немесе 20 мыңнан мас жүргізушіні ұстау деректері соны көрсетеді. Халықтың басым бөлігі – заңға бағынатындар. Бірақ мас күйінде көлік жүргізуге, жол ережесін тұрақты түрде бұзуға жол беретін халықтың белгілі бір санаты полицияның бақылауында болады. Бұл жағдайға автомектептерге қойылатын талаптардың төмендігі және жүргізушілерді даярлау сапасы ықпал еткен», - деді комитет басшысы.

Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев бұдан былау жүргізуші куәлігін аларда оқу курсының куәлігін алу талаптары күшейтілетінін атап өтті.

«Жүргізушілердің сапасын арттыру мақсатында уәкілетті және мүдделі мемлекеттік органдар шаралар қабылдады. Жүргізушілердің өз бетінше дайындалуын және онлайн оқуын алып тастадық. Автомектептерді және үміткерлерді тіркеу ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесінде жүргізіліп отырады. Бұл үміткерлерге оқу курстарын аяқтау туралы куәліктерді мерзімінен бұрын беру және оларды қолдан жасау мүмкіндігін болдырмайды. Оқу курсын аяқтағаны туралы куәлікті электрондыққ нұсқаға толық көшіру бойынша жұмыс атқарылуда. Ол өз кезегінде жалған куәлік алуды немесе оларды формальды түрде алуды болдырмайды», - деді әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.